Бүгін Қазақстан Үкіметі отырысының күн тәртібінде сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін дамыту, цифрландыру мен су үнемдеу технологияларын енгізу шаралары болды.
Үкімет отырысында Премьер-Министр бірқатар тапсырма берді
Фото: primeminister.kz
661
оқылды

Үкімет отырысында Мемлекет басшысының халықты сапалы ауызсумен 100% қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы қаралды. Баяндамаларды тыңдап шыққан Премьер-Министр бірқатар тапсырма берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Үкімет жыл соңына дейін ауызсумен қамту жобаларын аяқтайды. Өңір әкімдері тікелей жауапты.

«Өңір әкімдіктері жыл соңына дейін ауызсумен қамту бойынша қолданыстағы барлық жобаларды іске қосуды қамтамасыз етсін. Бұған өңірлердің бірінші басшылары тікелей жауап береді. Қаржы министрлігі бекітілген қаражатты жергілікті атқарушы органдарға жедел тәртіппен аударуы қажет»,  – деп тапсырды Олжас Бектенов.

Сонымен қатар  Үкімет су объектілерінің цифрлық паспорттарын енгізуді және ағынды суларды тазарту сапасын арттыруды пысықтайды.

Өнеркәсіп министрлігі желілерді жаңғырту кезінде қолданыстағы кәріз-тазарту құрылыстарының өнімділігін ұлғайтуға және ағынды суларды тазарту сапасын арттыруға баса назар аударуы керек. Әкімдіктермен бірлесіп, 1 қыркүйекке қарай «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі инвестициялық бағдарламаларды әзірлеуі қажет.

Су ресурстары және ирригация министрлігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, су объектілерінің цифрлық паспорттары мен интеллектуалдық су кадастрын енгізу мәселесін пысықтауы тиіс.

Ұлттық экономика министрлігі Қаржы министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде көзделген инвестициялық жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз етуі тиіс, – деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су ресурстарын басқару саласындағы цифрландыру шаралары туралы айтты.

Оның айтуынша, жаңа цифрлық шешімдерді енгізу басым бағыттардың бірі болып отыр. 2025 жылдың басынан бастап министрлік Еуразия даму банкінің  Цифрлық бастамалар қорының гранты есебінен Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесін әзірлеу жүргізілуде. Платформа спутниктер мен гидропосттардан бастап статистика мен есепке алу құралдарына дейінгі әртүрлі көздерден алынған деректерді біріктіріп, елдің су қорын басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігін жасайды.

Екіншіден, суармалы желілер мен су ресурстарын есепке алуды автоматтандыру бағытында жұмыс жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ұзындығы 3,5 мың шақырымнан астам суару инфрақұрылымын жаңғырту және цифрландыру мақсатында каналдарды кезең-кезеңімен автоматтандыру басталды. 

Сонымен қатар Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстарында жалпы ұзындығы 5 мың шақырымнан астам суару желілерін цифрландыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. 2027 жылға дейін су есептеу жүйелерін толық цифрландыру, сондай-ақ автоматтандырылған гидрожапқыштар енгізу жоспарлануда.

Айта кету керек, цифрландыру жобаларын әзірлеу барысында басым бағыт отандық өндірушілердің заманауи технологиялық шешімдері мен жабдықтарына назар аударылады. 

Барлық цифрлық үдерістерді үйлестіру үшін су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы құрылды. Оның міндеттері – деректерді жинау және талдау, платформаларды сүйемелдеу және саладағы цифрлық қызметтерді дамыту.