Желіде тарап жатқан «қабаған иттің шабуылын тоқтатқан тұрғынды жауапқа тартады» деген ақпарат шындыққа жанаспайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Алматы облысы полициясы аталған азаматқа қатысты процессуалдық шешімдер қабылданбағанын мәлімдеді.
ҚР Қылмыстық кодексінің 32-бабына сәйкес («Қажетті қорғаныс») оның әрекеті өзін-өзі қорғау мақсатындағы заңды әрекетке жатады. Заңға сәйкес өмірге, денсаулыққа немесе мүлікке нақты қауіп төндіретін шабуылды тойтару кезінде қажетті қорғаныс жағдайында зиян келтіру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
Сондықтан, кәмелетке толмаған баланы қабаған иттердің шабуылынан құтқарған азаматтың әрекеті қолданыстағы заңнама нормаларын бұзбайды және құқықтық зардаптарға әкеп соқпайды.
Бұл ретте, сотқа дейінгі тергеу аясында иттің иесінің әрекеті жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға беріледі. Қандай да бір заң бұзушылық белгілері анықталса, ол заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады.
Айта кетейік, Алматы облысы Жалпақсай ауылындағы футбол алаңында ойнап жүрген 10 жастағы бала иттерге таланып, ауруханаға түсті.
Журналист Гүлмира Әбіқай баланы құтқарып қалған Серікбек Сақайбеков туралы жазды.
Белгілі болғандай, ол стадион жанынан өтіп бара жатып топырлаған балалардың жан-жаққа қаша жөнелгенін көреді. Бір баланы допша домалатып, қан-жоса қылып үш төбет талап жатқанда көмекке ұмтылады. Балыққа барғанда ұстайтын бәкісін ала жүгіреді.
«Питбульды бірінші ұрдым. Баланың бір құлағының жартысы жоқ. Қанға қақалып жатыр. Басы, беті таланған. «Овчарка» тұқымдас қос ит баланы иығынан тістеп, қуыршақтай ары-бері сүйреледі. Ол итті қуалап жүріп ұрып өлтірдім. Енді сол екі қабаған иттің иелері олардың ақысы қымбат екенін айтып, маған төлейсің деп жатыр. Сонда мен не істеуім керек еді? Кішкентай баланың қан жоса болып, шырылдап жатқанына қарап тұруым керек пе еді? Басын шайнап тастағанша үнсіз қарап тұрам ба?!» – деді зейнеткер.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.