Бұл жазбамызда көпшілік біле бермейтін, назардан тыс қалған дүниелер жайлы сөз болады.
Болат Сарыбаевтың көпшілікке белгісіз үш мақаласы
Негізгі сурет: istockphoto.com. Коллаж автор жасады
1,236
оқылды

Болат Сарыбаев есімі қазақ музыкасы мен көне музыкалық аспаптарды зерттеумен тығыз байланысты. Оның халқымыздың ұмыт болған саз аспаптарын қайта жаңғыртып, ғылымға енгізудегі еңбегі баршаға аян. Алайда Б. Сарыбаевтың шығармашылығы тек аспаптану саласымен шектелмейді. Ол қазақ музыка мәдениетінің түрлі қырларын зерттеп, терең ойлар қалдырған жан-жақты зерттеуші болды. Бұл жазбамызда көпшілік біле бермейтін, назардан тыс қалған үш мақаласы сөз болады. 

Әуелі мақала “Өрелі ой салған сапар” деп аталады. Мақала 1969 жылы “Социалистік Қазақстан” газетінде басылды. 

Мақалада автор Ташкентте өткен конференция жайлы баяндайды. Конференцияға Орта Азия ғалымдары қатысып, дәстүрлі өнерге қатысты түрлі тақырыптар қамтылғаны айтылады.  

Бұл конференцияның ерекшелігі сол – баяндама жасаушы адам әрі орындаушылық міндет атқарды. Олар аспапты сипаттай отырып өнер көрсетті. Төрт күнде конференцияға қатысушылар басқалардың жетістігін, өзінің кемшілігін көріп, әсерін таразылап қайтты. Жиналған қауымды әр республика өкілі өз аспабымен, өнерімен таңғалдыруға тырысты.

Ары қарай Қазақстан делегациясы жайлы айтылады. Аспаптарды таныстыру үшін үш адам барған екен. Мысалы, Қаршыға Ахмедияров «Домбыраның дамуы мен күйдің пайда болуы» деген тақырыпта, Гүлзада Естілеуова «Қобыздың дамуы мен ойнау ерекшеліктері», ал Болат Шамғалиұлының өзі сыбызғы жайлы баяндама оқыған екен.

Әр баяндамашы тек сөзбен емес, іспен де көрсетсе керек. Қаршыға Ахмедияров Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Динаның күйлерін және «Той бастар» атты шығарманы орындады. Ал Г. Естілеуова төрт ішекті сым қобызда Ахмет Жұбановтың «Ариясын» тартып берген екен. Ал Б. Сарыбаевтың өзі “Қамбар батыр”, “Мәкардың жоқтауы” және “Бөкен жарғақ” атты күйлерді орындапты.

…әр елдің халық аспаптарының даму жолдары түрлі кезеңдерден өткендігін байқадық. Осы республикалардың ішінде консерватория алғаш тек Ташкентте 1936 жылы ашылған болатын, екіншісі – Алматыда 1944 жылы ашылса, үшіншісі – өнер институты Фрунзеде ашылғанына тек екі жыл ғана болды. Ташкент консерваториясының өзбек халық аспаптар кафедрасының көптеген жетістіктері бізге үлгі бола алады.

Мысалы, олардың өзбек көне аспаптарынан ұйымдастырған ансамблі бар. Келешекте оны бізде де істеуге болатын сияқты. Қазақтың көне аспаптардан құралған этнографиялық ансамблін және жетіген, шертер, сыбызғы, сырнай, қылқобыз, шаңқобыз, ауызқобыз сияқты аспаптардан өте қызықты ансамбль құрастыруға болар еді. Оған, әрине, біраз даярлық жұмыстарын жүргізу керек. 

Болат Сарыбаевтың бұл ойы кейінгі жүзеге асырылады. Әуелі шағын ансамбль болып басталған құрам, кейін “Отырар сазы” оркестріне айналады.

Біз ұсынғалы отырған екінші мақала “Училище түлектері емтиханнан сүрінбей өтті” деп аталады. Орыс тілінде жарық көрген. 1966 жылы “Прикаспийская коммуна” газетінде басылған.

Болат Сарыбаев сол жылы Атырау музыка училищесіне Мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы ретінде барып, көрген-білгені жайлы мақала арнаған. Автор сол уақытқа дейін оқу орны қабырғасын 151 маман бітіріп шықты деп бастайды. Осы мамандар өңірдегі  музыкалық мектептер мен көркемөнерпаздар үйірмелерін, өзге де мәдениет мекемелерінің деңгейін көтерді деп жазады.

Қорытынды емтиханда концерттер, сонаталар, рапсодиялар, вариациялар сияқты көлемді шығармалармен қатар, шағын болса да біршама күрделі пьесалар орындалды. 

Сол жылғы бітірушілер қатарында бүгінгі алпауыт күйші Шәміл Әбілтайды ерекше атап өтеді. Сейілхан Құсайыновтың сыныбының түлегіне Алматы консерваториясына (ол кезде институт) құжат тапсыруға кеңес берген екен. Шәміл күйшімен қатар, сол кездегі түлектер В. Тюрин мен А. Сүндетовке де Алматыға баруға ұсыныс айтылыпты. 

Кейбір кемшіліктерге де тоқталу қажет. Мәселен, теориялық пәндер, жалпы фортепиано, виолончель, қобыз-бас, гобой, валторна сыныптары бойынша жоғары білікті музыкант мамандардың тапшылығы байқалады. Музыкалық аспаптар жетіспейді, ал барлары – тозған. Қазақстан композиторларының шығармаларына арналған ноталар өте аз, бұл емтихан бағдарламаларының репертуарлық таңдауына кері әсерін тигізеді. Концертмейстерлер мен иллюстраторларға деген сұраныс жоғары.

Мақала соңында автор музыкалық училище басшылығы оқу орнының ғимаратқа, техникалық жабдықтарға, музыкалық аспаптар мен мамандарға мұқтаж екенін айтты. Жатақхананың жоқтығы ауыл жастарының білім алу мүмкіндігін шектейтіні де атап өтілді. Сонымен қатар, басшылық бірлескен, шығармашыл ұжымды қалыптастыра алғанын және бұл ұжым облыс еңбекшілерінің музыкалық білімін дамытуға зор үлес қоса алатынын, осылайша КПСС-тің XXIII съезі шешімдерін жүзеге асыруға септігін тигізетінін жеткізеді.

Болат Сарыбаевтың көпшілік біле бермейтін үшінші мақаласы Үндістан сапарына арналады.  Мақала 1971 жылы “Лениншіл жас” газетінде жарық көрген.

Мақала сапар 18 күнге созылған іссапар деп басталады. Осы уақыт ішінде Дели, Лахнау, Агра, Аллахабад, Басти сияқты ірі қалаларында болып, алпысқа жуық концерт, кездесулер өткізген екен.

Әр концерт «Совет – Үндістан елдерінің достығы жасасын!» – деген ұранмен аяқталып отырды.

Концерттік топта «Гүлдер» ансамблінің өнерпаздары Қапаш Құлышева, Мәлік Бедібеков, Света Сариева, Үмітжан Омарова, Сәуке Бекенова, Құрманғазы атындағы өнер институтында оқитын, белгілі әншіміз Бекен Жылысбаевтың шәкірттері Марат Мақсұтов пен Қанат Құлымжанов, және көне аспаптардан құралған шағын оркестр де болған. 

Оркестр құрамында музыканттар аз болғандықтан, кейбір орындаушыларға екі-үш аспапта ойнауға тура келді дейді. Оркестрдің құрамында Жарқын Шәкәрімов (домбыра), Досқали Есжанов (шертер), Арман Берікболов (қобыз), Қанат Құлымжанов (асатаяқ), Талғат Сарыбаев (шаңқобыз, жетіген), Мәлік Бедібеков (кепшік) болған екен. Ал Б. Сарыбаевтың өзі сыбызғы мен домбырада ойнадым деп жазады.

Оркестрдегі орындаушыларымыз концерт бергенде өнерлерін жеке шығып та көрсетіп жүрді. Сонымен бұл оркестр Үнді еліне қазақтың қыруар көп аспаптарының тек 10 түрін ғана көрсетті. Олар: сыбызғы, шаңқобыз, жетіген, шертер, қобыз, кепшік, домбыраның екі түрі және асатаяқтың екі түрі болды. Реті келіп тұрғанда осы көне аспаптарды жарыққа шығаруда көп еңбек сіңірген шеберлер Оразғазы Бейсембаев пен Әбузар Аухадиевті бөлек атағанымыз жөн.

Кейін концерт барысын жазып, көрермендердің пікірін жазады. Осы сапардан үндінің 14 музыкалық аспабын алып келген екен. Мақаланың екінші жартысында осы он төрт аспап жайлы кеңінен жазып, әр аспапқа жеке-жеке тоқталып өтеді.

“Біз Үнді еліне барып қайтқан бұл сапардан көп әсер алдық. Әсіресе, өзіміздің ансамбльге қажетті көп нәрселерді үйрендік және ансамбль құрудағы біздің ұстаған бағытымыздың дұрыс екеніне көз жетті”, – деп мақаланы аяқтайды.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялау кезінде авторын көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.