Қазақстанда жүзеге асып жатқан «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы осы ұстанымды басты бағдар етіп алған. Бұл қағидат, ең алдымен, құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Себебі тек заң салтанат құрған елде ғана әділет пен теңдік орнығып, азаматтық қоғам өз болмысын толыққанды қалыптастырады. Демократиялық даму жолындағы мемлекет үшін бұл – алға бастар даңғыл жолдың бастауы болары сөзсіз...
Замана үдерісіне сай ел мүддесі мен заң үстемдігін қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті екені рас. Әрбір азамат заң талаптарын құрметтеп, құқықтық мәдениетті бойына сіңіргенде ғана қоғамда тұрақтылық пен тәртіпке негізделген үйлесім қалыптаспақ.
Дегенмен құқықтық тәртіп жайлы сөз қозғағанда, соңғы жылдары халық арасында кеңінен таралып, сан мыңдаған адамның көкейдегі бар үміті мен мақсатын үзіп, қалтасын қаққан қаржы пирамидалары тақырыбынан айналып өте алмаймыз. Қанша құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де, қаржылық алаяқтардың арбауына түсіп, оңай олжаға кенелемін деп, барынан айырылып жатқандар азаймай тұр.
Жыл сайын күшейіп келе жатқан алаяқтықтың бұл түрі, әсіресе Ақмола облысында аса үлкен көлемде белең алған. Соңғы жылдары өңірде бірінен кейін бірі әшкереленіп жатқан қаржы пирамидаларына қатысты деректер бұл мәселенің қоғам үшін қаншалықты өзекті екенін дәлелдей түседі.
Ақмолада алты қаржы пирамидасының жолы кесілді
Ақмола облысында атқарылған құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысының арқасында бірқатар қаржы пирамидаларының заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды. Облыстағы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында бұл жайында экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Сәкен Мушағалиев кеңінен тарқатып берді.
– Соңғы екі жылда Ақмола облысы аумағында қаржы пирамидасының белгілері бар алты бірдей құрылымның заңсыз әрекеті анықталып, олардың қызметі толықтай тоқтатылды. Атап айтқанда, Chia Tai Pharmaceutical, SincereSystemsGroupLtd, Eolus, Chia Tai Tianging, «Charoit» және Лайм академия секілді күмәнді компаниялардың бөлімшелері таратылып, ұйымдастырушылары қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деді Сәкен Мушағалиев.
Алаяқтықпен күрес аясында жүргізілген тергеу барысында облыс аумағында 2 300-ден астам азаматтың қаржы пирамидаларына салым салып, жалпы сомасы 415 миллион теңгеден астам қаражаттан өз қолымен айырылғаны анықталған.
Бұл – тек тіркелген фактілердің көрсеткіші. Құқық қорғау органдарының тегеурінді әрекетінің арқасында күдіктілердің мемлекетке қайтарылған мүлкінің жалпы көлемі 10 миллион теңгеден асып жығылған. Сонымен қатар осы уақыт ішінде қаржы пирамидаларын жарнамалап келген үш азамат та қылмыстық жауапқа тартылыпты.
Цифрлық қадағалау мен кибербақылау – жаңа қауіптерге тосқауыл
Ведомствоның дерегінше, биылғы жылы тағы да төрт бірдей қаржы пирамидасының жолы кесілген. Олардың қатарында BuyersUnion мен S-Group секілді ұйымдар бар. Сондай-ақ, жақында Көкшетау қаласында Lemon атауымен жұмыс істей бастаған тағы бір қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылып, оның шоттарынан 34,5 миллион теңгеге жуық салым алынғаны белгілі болды.
Бұл бағыттағы жұмыстар тек қалалармен шектелмейді. Щучинск, Степногорск және Атбасар қалаларында жұмыс істеген AsarBaspana қаржы ұйымы да жабылып, екі мыңға жуық адам салған 980 миллион теңгеге жуық қаражаттың ізі тергелуде.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті алаяқтыққа қарсы күресте цифрлық алаңдарды да назарда ұстап отырғанын жеткізді. Биылдың өзінде ғана әлеуметтік желілердегі 8 топ пен аккаунттың жұмысы тоқтатылып, заңсыз контент жариялаған 421 сілтеме бұғаттауға жіберілгені анықталды.
– Бүгінде «желілік маркетинг» атауымен жұмыс істейтін кейбір компаниялардың да әрекеті күмән тудырады. Косметика, дәрі-дәрмек немесе тұрмыстық тауарларды желі арқылы жарнамалап, адамдарды тарту арқылы табыс табуды көздейтін бұл ұйымдардың бірқатарының қызметінде қаржы пирамидасына тән белгілер анықталған. Қазір оларға қатысты тексеру жүргізіліп жатыр, – деп толықтырды департамент басшысының орынбасары.
P.S.
Мемлекет басшысы бастамасымен қолға алынған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – еліміздің құқықтық мәдениетін арттырып, әділетті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды бағдарлама. Құқықтық сауаттылықты арттыру – тек мемлекеттік міндет емес, әрбір азаматтың өз болашағына деген жауапкершілігінің көрінісі екенін ұмытпасақ екен. Ал заң үстемдік еткен елде ғана адам құқықтары қорғалып, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық орнамақ...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы