Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев тұрғындар мен қонақтарды «Таза Қазақстан» акциясы аясында туған жер тазалығын сақтауға шақырды. Әсіресе, мереке күндері табиғат аясында демалатын саяхатшылардың тау-тас, өзен-көлдерді ластамай, қоқысты белгіленген орындарға жинап кету секілді экологиялық мәдениетті білуінің маңызы зор. Осы орайда облыс әкімі: «Біз тек сенбіліктермен шектелмей, қоршаған ортаны күтіп ұстауды күнделікті әдетке айналдыруымыз қажет», – деп, қазақ халқы үшін тазалық мәселесінің қаншалықты маңызды екеніне тоқталды.
– Қымбатты облыс тұрғындары! Халқымыз ежелден «тазалық» ұғымын жанның тазалығымен, ниеттің түзулігімен ұштастырып, оған ерекше мән берген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «Таза Қазақстан» акциясы – бұл бірреттік науқан емес, ұлтымыздың болмысындағы асыл қасиеттерді жаңғыртатын бірегей бастама. Тазалық – өркениеттің айнасы. Біз тек сенбіліктермен шектелмей, қоршаған ортаны күтіп ұстауды күнделікті әдетке айналдыруымыз қажет. Әрбір тұрғын өз ауласына, әрбір ұжым өз мекемесіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әсіресе, облыстың барлық кәсіпкерлерінің бұл іске үлес қосуы – бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігінің айғағы. Нысандардың эстетикалық талаптарға сай болуы өлкеміздің ажарын аша түсері сөзсіз. Біздің ортақ мақсатымыз – «Заң мен тәртіп» қағидаты орныққан қауіпсіз қоғам құру. Өйткені тәртіп бар жерде тазалық та, береке де болады. Отанға қызмет ету осындай қарапайым, бірақ маңызды істерден басталады. Баршаңызды осы игі бастамаға атсалысып, өңірімізді жауапкершілік пен жасампаздықтың аймағына айналдыруға шақырамын! – деді өңір басшысы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған шараға Ұлттық парк қызметкерлері, орманшылар, қорықшылар, қоғам белсенділері, еріктілер, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері мен тұрғындары түгел атсалысты.

Алматы облысында ресми мәліметтерге сүйенсек, оннан астам туристік дестинация және жүзден астам танымал туристік бағыт бар. Бұл бағыттарда әсіресе, демалыс күндері адам қарасы көбейеді. Салдарынан бейберекет тасталған тұрмыстық қалдық үйінділері жиналады. Табиғатты қоқыстан тазалау бастамасымен демалыс күндері ұйымдастырылған «Тазалық күндері» акциясының нәтижесінде өзен аңғарлары, сай-сала, тау-тас біршама тазаланып қалды. Үш күнге созылған сенбілікке 39 мыңға жуық өңір тұрғыны қатысып, туристік бағыттардағы демалыс орындарынан 760 тоннадан астам қоқыс жинады.
Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев Қаскелең шатқалында өткен сенбілік барысында үш күн бойы тазалық жұмыстарына белсенді қатысқан азаматтарға алғысын білдірді.
Қорытынды шарада акцияға ерекше үлес қосқан азаматтар мен ұйымдар түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Атап айтқанда, Жамбыл ауданының тумасы Асылым Көшербай – «Ең белсенді жас қатысушы», Алатау қаласының тұрғыны Риза Сауырбаева – «Ең белсенді егде жастағы қатысушы», Қарасай ауданындағы GOGO CENTRAL ASIA бірлестігінің директоры Александр Орланов «Ең белсенді эковолонтер» атанды. Балқаш ауданының тұрғыны Бақытжан Хамзин «Ең таза аула» номинациясын иеленді.
Сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданындағы Ават ауылы «Ең белсенді ауыл», Райымбек ауданы Қайнар ауылындағы Райымбек батыр көшесі «Ең таза көше», Ұйғыр ауданындағы «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Ең белсенді ұжым» болып танылды. Іле ауданы «Ең белсенді аудан» атанса, Қонаев қаласындағы «Көшпенділер қалашығы» «Ең таза туристік нысан», ал Кеген ауданындағы MERGEN HOLDING ЖШС «Ең белсенді бизнес өкілі» ретінде марапатқа ие болды.
Облыс әкімі аспан мен жер астасқан, қарағайлы алқапқа оранған Қаскелең шатқалы – өңір тұрғындары мен қонақтары жиі келетін көрікті мекендердің бірі, осындай табиғи аймақтардың тазалығын сақтау – бүгінгі акцияның басты мақсаттарының бірі деп атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы тек сенбілікке шығу емес. Бұл – адам жан дүниесінің, ақыл-ойының да тазаруы. Мұндай шаралар күнделікті өмірімізге еніп, әдетімізге айналуы керек. Осыған орай үш күндік демалыста «Тазалық күндерін» жариялаған едік. Әсіресе туристік нысандардың тазалығы басты назарда болды. Бұл жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырамыз», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Сенбілік облыстың туристік әлеуеті жоғары аймақтарын қамтыды. Атап айтқанда, Көлсай және Қайыңды көлдері, Шарын шатқалы, Түрген шатқалы, Есік көлі, Қапшағай су қоймасы, Балқаш көлінің жағалауы, Күрті аумағы, Қаскелең шатқалы және өзге де танымал бағыттарда санитарлық тазарту, қоқыс шығару, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Мәселен, Қарасай ауданында – 140 тонна, Кеген ауданында – 113 тонна, Ұйғыр ауданында – 28 тоннаға жуық, Іле ауданында – 82 тонна, Алатау қаласында – 71 тонна, Еңбекшіқазақ ауданында – 173 тонна, Балқаш ауданында – 21,5 тонна, Райымбек ауданында – 20 тонна, Қонаев қаласында шамамен – 22 тонна, Талғар ауданында – 58 тонна, Жамбыл ауданында 36 тонна қоқыс шығарылды.
Акцияға жүздеген арнайы техника жұмылдырылды, нәтижесінде туристік бағыттар мен елді мекендерде санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары кешенді түрде жүргізілді. Сондай-ақ, 13 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды.
«Тазалық күндері» акциясы өңірдің экологиялық жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға және туристік аймақтардың тартымдылығын сақтауға бағытталды.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
