25 шілдеде Алматы облысында радардан жоғалып кеткен EC-145 әскери тікұшағының сынықтары Сорбұлақ су қоймасынан табылған болатын. Бүгін Қорғаныс министрлігі жаңа мәлімдеме жасап, экипаж мүшелерін іздеу жұмыстарының тәулік бойы күшейтілген режимде жалғасып жатқанын айтты, – деп хабарлайды Аikyn.kz
Ресми дерек бойынша, операцияға 400-ге жуық маман, 70-тен астам техника, 21 қайық, 10 дрон, эхолоттар, суасты сканерлері мен иттер тартылған. Іздеуді әскери-әуе күштерінің қолбасшысы жеке өзі үйлестіріп отыр.
Борттағы үш экипаж мүшесінің туыстары видеоүндеу жасап, ресми ақпараттың аздығына алаңдаушылық білдіріп, қоғам мен билік өкілдерін назар аударуға шақырды.
Министрлік туыстармен тұрақты байланыс барын, алайда Сорбұлақ суының тереңдігі, лай қабаты мен көріністің нөлдік деңгейі іздеуді қиындатып жатқанын мәлімдеді.
Іздеу жұмыстары нақты нәтиже шыққанға дейін жалғасады, - деді министрлік.