Мемлекет тарапынан «Заң және тәртіп» қағидасы негізінде әлеу­меттік осал топтарға көрсетілетін тегін, яғни кепіл­дендірілген заң көмегінің маңызы аса зор.
Құқықтық сауат –  әділет кепілі
5,089
оқылды

Осы бағыттағы жұмыс барысын білу мақсатында біз Ақмола облысы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және заң көмегін көрсету бөлімінің басшысы Әділбай Ержановқа жолығып, көкейдегі көп сұраққа жауап алдық.

 – Әділбай Жарасбайұлы, алдымен тегін заң көмегінің заңдық негізі туралы айтып өтсеңіз.

– Қазақстан Республикасы Конституциясында әрбір азаматтың білікті заң көмегін алуға құқығы нақты көрсетілген. Белгілі бір санаттағы азаматтарға бұл көмек тегін де көр­се­тіледі. Бұл – «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң аясында жүзеге асатын кепілдендірілген мемлекеттік заң көмегі. Ол, ең алдымен, әлеуметтік осал топтардың құқығын қорғауға бағытталған. Бұл көмек үш бағытта жүзеге асады. Біріншіден, құқықтық ақпарат беру, яғни азамат­тар­дың құқықтары мен міндеттері жөнінде түсінікті тілмен түсіндіріледі. Екіншіден, құқықтық кеңес беру, мұнда нақты жағдай бойынша заңгердің арнайы кеңесі беріледі. Үшіншіден, қорғау және өкілдік ету қызметінде бұл азаматтардың мүддесін сотта не­ме­се өзге де мемлекеттік органдарда заң жүзінде қорғау қызметін қамтиды.

– Бұл көмекті кез келген азамат ала ала ма? Әлде белгілі бір топтарға ғана көрсетіле ме?

– Аталған көмек барлық азаматқа бірдей ұсынылмайды, тек заңда нақты көрсетілген санаттағы адамдар ғана ала алады. Мысалы, алимент өндіру, жәрдемақы, зейнетақы, қандас мәртебесін алу, терроризм, адам саудасы, сексуалды зорлық-зомбылық сынды аса күрделі жағдайға тап болып жәбір көргендер осы тізімге кіреді. Сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер, көпбалалы аналар, зейнеткерлер мен күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын азаматтар да заң көмегін тегін ала алады.

– Бұл көмекті пайдаланатын азамат қандай құқықтарға ие?

– Олар заң көмегіне тең қол жеткізу құқығын пайдалана алады. Сонымен қатар өз құқығы мен көрсетілетін қызмет туралы ақпарат алу, заңгерді өз бетінше таңдау, заң көмегінен бас тарту, көрсетілген көмекке немесе оның сапасына шағымдану, сондай-ақ істің құпиялылығына кепілдік секілді құқықтары бар.

Егер өтініштің құқықтық сипаты жоқ болса немесе азамат заңда көр­сетілген санатқа жатпаса, онда көмектен негізді түрде бас тартылуы мүмкін. Мұндай шешіммен келіспеген жағдайда азамат сотқа немесе уәкілетті органға шағымдануға құқығы бар.

– Қорғау және өкілдік ету қызметі нақты қандай жағдайларда көрсетіледі?

– Бұл көмек әкімшілік, азаматтық, тіпті қылмыстық істерге қатысы бар тұлғаларға да беріледі. Мәселен, күдікті, айыпталушы, жәбірленуші немесе сотталушы да өз құқығын қорғау үшін мемлекеттік кепілдендірілген заң көмегіне жүгіне алады. Бұл қызмет Қазақстанның кез келген өңірінде көрсетіледі.

– Әділет департаменті бұл бағытта қандай шаралар қабылдап жатыр?

– Біз тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бұл ретте адвокаттар, заң кеңесшілері, жеке сот орындаушылармен тығыз байланыста жұмыс істеудеміз. Құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында түрлі мақалалар, теле­сюжеттер, тікелей эфирлер арқылы ақпа­раттық науқандар ұйымдастырамыз.

– Тегін заң көмегін алу үшін аза­маттар қайда жүгінуі тиіс?

– Ақмола облысының тұрғындары адвокаттар алқасына, заң кеңесшілері палатасына, сондай-ақ Әділет департаментіне жүгіне алады. Байланыс мәліметтері ашық әрі қолжетімді. Сонымен қатар «E-Заң көмегі» атты ақпараттық жүйе арқылы да онлайн өтініш беруге мүмкіндік бар. Бұл – заңгер мен азамат арасындағы байланыстың автоматтандырылған платформасы. Мұнда онлайн немесе офлайн түрде заң көмегін көрсету мүмкіндігі бар. Жүйе арқылы қызмет көрсету жылдам әрі тиімді ұйымдас­тырылады.

– Жыл басынан бері облыс көлемінде қанша адамға заң көмегі көрсетілді?

– 2025 жылдың басынан бері Ақмола облысында 6 322 азамат тегін заң көмегін алды. Оның ішінде 4 092 – қылмыстық іс, 90 – азаматтық, 227 – әкімшілік іс бойынша қызмет көрсетілді. Сонымен қатар 1 913 жағ­дайда жалпы құқықтық кеңес берілді.

– Пайдалы әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы