Мемлекет басшысы бірлескен күш-жігердің нәтижесінде Қазақстанда таэквондоның танымалдылығы артып, халықтар арасындағы байланыс нығая түсетініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Бүкіләлемдік таэквондо федерациясының (WT) президенті Чунгвон Чоуды қабылдады
Фото: Ақорда
472
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Чунгвон Чоудың сапары Қазақстанның спорт қауымдастығы үшін маңызды оқиға саналатынын атап өтті, – деп хабарлайды  Aikyn.kz Ақорданың ақпаратына сілтеме жасап. Сондай-ақ бұл Бүкіләлемдік таэквондо федерациясының елімізде аталған спорт түрінің дамуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдіреді.

Мемлекет басшысы таеквондо олимпиадалық спорт түрі ғана емес, үйлесім, тәртіп және өзара құрмет қағидаттарына негізделген, дүниежүзіндегі миллиондаған адамды біріктіретін философия деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елордада G1 санатындағы Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтинг турнирін өткізу отандық спортшылардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына, тәжірибе алмасуына әрі Ұлттық федерацияның бәсекеге қабілеттілігін көтеруге кеңінен жол ашады. 

Чунгвон Чоу қонақжайлық танытып, Қазақстанда таэквондоның дамуына әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. 

Бүкіләлемдік федерация басшысы ертеңгі турнирдің ұйымдастырылуына және еліміздегі осы спорт түріне қызығушылық деңгейіне жоғары баға берді. Сонымен қатар қазақ спортшыларының халықаралық аренадағы табысына тоқталды.

Қазақстан Президенті әлемде таэквондоның дамуына елеулі үлес қосқаны үшін Чунгвон Чоуды ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Бүкіләлемдік таэквондо федерациясының президенті Мемлекет басшысына ерекше құрметтің белгісі ретінде тоғызыншы дан қара белбеуін табыс етті.