Депутат осы мәселе бойынша Сыртқы істер министрлігіне хабарласып, қазір жан-жақты жұмыс жүргізілуде.
«300 қазаққа шұғыл көмек қажет»: депутат Пәкістанға босып барған қазақтарға араша сұрады
1,358
оқылды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Ауғанстаннан Пәкістанға қоныс аударуға мәжбүр болған 300 этникалық қазаққа қол ұшын созу қажет екенін айтып, Үкімет пен Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мәжіліс депутатының сөзінше, Пәкістандағы қазақтарға шұғыл түрде көмек қажет. Саиров Facebook-тағы парақшасында жариялаған видеоүндеуінде Ауғанстаннан Пәкістанға босып баруға мәжбүр болған этникалық қазақтармен сөйлескенін айтты.

«Пәкістан мемлекеті Карачи қаласынан Хамит Жорабай деген қазақ бауырымыз хабарласты. Оның айтуы бойынша, осыдан екі жыл бұрын 40 отбасы, 300 қазақ Ауғанстаннан Пәкістанға босып барған. Енді Пәкістанға келген кезде осы 300 қазаққа Пәкістанның Қазақстандағы елшісі келіп, көмектесуге уәде берген», – деді ол видеода.

Ерлан Саировтың айтуынша, Пәкістан билігі 30 тамызда осы 300 адамды қайтадан Ауғанстанға депортациялайтынын мәлімдеген. Депутатқа Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жағдайдан хабардар екенін, бірақ көмектесе алмайтынын айтқан.

Депутат осы мәселе бойынша Сыртқы істер министрлігіне хабарласып, қазір жан-жақты жұмыс жүргізілуде.

«Осы видео жарияланған уақыттың ішінде қаншама азаматтар хабарласып, қолдау білдіріп жатыр. Көпшілігі өзінің жеке көмегін де ұсынды. Көп рақмет! Енді Сыртқы істер министрлігі қазір нақты екі қадам жасап жатыр. Біріншіден, 300 қазақты Ауғанстанға депортация жасамау жөнінде Пәкістанның сыртқы істер министрлігімен келіссөз жүргізілуде. Екіншіден, Карачидегі қазақтарға барып, сол жерде генетикалық тексеру жүргізіп, олардың тағдырын шешу жөнінде комиссия құрылады», - деп нақтылады депутат.