Бұл туралы Ақорда ресми хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов тілектес халқымыздың жүрек сөзін шығармалары арқылы жеткізген»
647
оқылды

Монумент қос халықтың ұлы қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

– Жыр алыбы – Жамбылдың қос халық жайлы «Жүрегі – бір, жолы – бір, сыйласқан тату тең болды» деген сөзі бар. Ал әйгілі Тоқтоғұл «Қанатым – қазақ туысқан» деп толғаған. Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов та өзара тілектес халықтарымыздың жүрек сөзін шығармалары арқылы жеткізген. Мұхтар Әуезов қырғыздың эпикалық мұраларын жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан. «Манас» жырын терең зерттеген. Атақты дастанды кеңестік жүйенің қайшысынан аман алып қалған. Сондай-ақ Мұқаң – Айтматовтың ғаламат шығармашылық әлеуетін алғаш таныған қаламгердің бірі. Ал Шыңғыс Төреқұлұлы: «Өзге елдерге барғанда өзіммен бірге ала жүретін екі ұлттық құндылығым бар. Ол – Манас пен Мұхтар Әуезов» деген. Бұл – рухани құндылықтарымыздың екі елге де ортақ екенін паш ететін айқын көрсеткіш. Заңғар жазушының «Жәмилә», «Ақ кеме», «Ана-Жер-Ана», «Боранды бекет» шығармалары қазақ әдебиетінің де қазынасына қосылған асыл мұралар деп күмәнсіз айтуға болады. Ұлы тұлғаларымыздың достығы мен өзара сыйластығы кейінгі буынға үлгі-өнеге екені сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.✔️

Мемлекет басшысы мұндай сабақтастық сан түрлі салада жалғасып келе жатқанын жеткізді.

– Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы», «Көксерек» туындыларын қырғыз режиссерлері Болотбек Шамшиев пен Толомуш Өкеев кино тілінде сөйлетті. Ал қазақ режиссері Ардақ Әмірқұлов «Қош бол, Гүлсарының» желісімен көркем фильм түсірген. Елдеріміздің арасындағы тығыз рухани байланысты мәңгі достық пен тату көршіліктің арқауы деуге болады. Оны бағалай білу және нығайта түсу – баршамызға ортақ парыз. Бұл – ұлы жазушыларға, сондай-ақ нағыз елдікке арналған бірегей ескерткіш, қазақ-қырғыз бауырластығының айқын белгісі. Бүкіл Қазақ елінің айыр қалпақты ағайынға ықыласы ерекше. Біз қырғыз ағайынның да дәл сондай риясыз пейілін үнемі сезініп жүреміз, – деді Президент.

Салтанатты іс-шараға Қазақстан мен Қырғызстанның ресми делегация мүшелері, сондай-ақ екі елдің зиялы қауым өкілдері қатысты.