Жоба алғашында Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында пилоттық режимде іске қосылып, кейін барша жұртшылыққа таралады.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы – зияткер ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды қадам
1,752
оқылды

Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» жобасы қолға алынды. Соның нәтижесінде Мемлекет басшысының бастамасымен AMANAT» партиясы «Кітап-AMANAT» жобасын іске қосты. Ал бұл бастама елімізде зияткер ұлт қалыптастыру және білім саласын жетілдіру жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған.

Жоба алғашында Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында пилоттық режимде іске қосылып, кейін барша жұртшылыққа таралады. Оған мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер мен отбасылық әулеттер қатысады. Қатысушылар арнайы іріктелген 15 кітапты оқып, «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» аталымдары бойынша жарысқа түсіп, өз бағын сынап көреді.

Әрбір аталымға арнайы 15 кітаптан тұратын оқу тізімі бекітілген. Яғни, «Кітап оқитын мектеп» аталымында – өзіне тән 15 кітап, «Кітап оқитын университет» аталымында – өзге 15 кітап және сол сияқты қалған аталымдарға да жеке-жеке таңдаулы 15 кітап ұсынылады. Мысалы, 6-10-сынып оқушылары үшін әр сыныпқа бөлек 15 кітаптан, жалпы 75 кітап ұсынылды. Бұл тізімдер ұлттық және әлемдік әдебиеттің таңдаулы шығармаларынан құралған әрі тізімді жауапты министрліктер мен түрлі сала сарапшылары жасап шығарған.

ҚР Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов жобаның маңызын атап өтіп:

«Аталған міндеттемелерді іс жүзінде жүзеге асырудың маңызды қадамдарының бірі – кітап оқу. Сондықтан да Президентіміз Атыраудағы Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында бұл мәселеге ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде: «...озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деп атап өтті», – дейді.

Ол сондай-ақ  «AMANAT» партиясының бастамасымен елімізде отандық баспагерлер мен жазушыларды қолдау, кітапханаларды жаңғырту және кітапхана қызметкерлерінің жалақысын көтеру сияқты ірі шаралар жүзеге асырылып жатқанын да айрықша атап өтті.

«Мемлекет басшысының саясатын қолдау мақсатымен «AMANAT» партиясы «Кітап-AMANAT» жобасын іске қосты. Жоба аясында отандық баспагерлер мен жазушыларды қолдау, олардың туындыларын ілгерілету мен насихаттау бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда еліміз бойынша жергілікті партия филиалдарында 24 кітап орталығы жұмыс істеп тұр», – дейді Мәжіліс Төрағасы Е. Қошанов.

Жобаға қатысушылар «100 кітап» жалпыұлттық сауалнама нәтижесі бойынша таңдалған шығармаларды оқиды. Мәселен, сол сауалнама нәтижесіне сай, «үздік» деп танылған  100 шығарманың 43-і «КІтап оқитын ұлт» жобасына бекітілген тізімде тұр. Олардың қатарында Абай Құнанбайұлының қара сөздері, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» және Әбдіжәміл Нүрпейісовтің «Қан мен тер» шығармалары да бар.

«Әр кітап – жай ғана тарих емес, ол – жаңа білім, бастамалар мен тың ойларға жасалған қадам. Кітап оқу – біздің қоғамымызды бәсекеге қабілетті әрі мықты етуге, ал мемлекетімізді дамыту жолындағы алтын кілтіміз», — дейді Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар қазір пилоттық кезеңде жобада 100 мыңнан астам адам қатысады деп күтіліп отыр. Келер жылы «Кітап оқитын ұлт» жобасы Қазақстанның барлық өңірінде жүзеге асырылатын болады.