Америкалық newatlas.com сайтының материалына сүйенген Aikyn.kz "жасанды интеллектке дене не үшін керек?" деген сұрақтың жауабын іздейді.
Темірден жасалған машина этиканы түсіне ала ма? Эмоцияны сезіне ме? Онда эмпатия мен адамгершілік бар ма? Жасанды интеллектке дене қажет пе? Бүгінде бұл қиялдағы сұрақтарға ұқсамайды. Қазірдің өзінде робототехниктер ЖИ-ге дене қажет болса, ол қандай болуы керек деген мәселені зерттей бастады.
Соңғы зерттеулер ең дамыған, бірақ денесі жоқ ЖИ жүйелерінің кемшіліктерін көрсетіп берді. Apple жүргізген бір зерттеуде «үлкен пайымдау модельдері» (LRM) қарастырылды. Олар көптеген тапсырмаларды дәстүрлі LLM-дерге қарағанда жақсы орындайды, бірақ күрделі мәселелерде сәтсіздікке ұшырайды. Ең қызығы, есептеу қуаты жеткілікті болса да, олар тек тоқтап қана қоймай, мүлдем «сынып» қалады.
Зерттеу авторлары бұл модельдердің адамдар сияқты ойламайтынын айтуда. Себебі олардың «пайымдау іздері» ішкі қисынға ие емес.
«Қазір біз сөздермен ғана жұмыс істейтін, келесі ең ықтимал сөзді болжайтын жүйелер жасап жатырмыз. Бұл біздің істейтін (адам істейтін – авт.) әрекеттерімізден мүлде өзгеше», – дейді Google-дың бұрынғы зерттеушісі Ник Фросс The New York Times басылымына.
Робототехникада мұны «денелік таным» (embodied cognition) деп атайды. Дене мен ортасыз мидың өзінше дамуы мүмкін емес. Цюрих университетінің ЖИ зертханасының директоры Рольф Пфайфердің сөзімен айтсақ: «Ми әрқашан дене мен әлемнің өзара әрекеттесу контексінде дамыды. Ол бос кеңістікте пайда болмайды».
Италиялық ғалым Сесилия Ласки сегізаяқтан шабыттанып, «жұмсақ робототехника» бағытын дамытты. Жұмсақ материалдардан жасалған роботтар денесі арқылы көптеген шешімдерді өзі қабылдай алады. Бұл есептеуіш жүйеге түсетін жүктемені азайтып, роботтың күрделі жағдайларда тиімді әрекет етуіне жағдай жасайды.
Калифорния университетінің доценті Симин Хэ «автономды физикалық интеллект» (API) ұғымын дамытты. Оның зертханасы өздігінен пішінін өзгертіп, қозғалысын реттей алатын материалдар (гельдер, полимерлер) жасайды. Бұл материалдар сыртқы басқарусыз да қоршаған ортаға бейімделіп, шешім қабылдай алады.
Бұл тәсіл тірі организмдердің табиғи қозғалысына ұқсайды. Жүру немесе жүзу ритміне. Осылайша, роботтар сыртқы бағдарламалаусыз да қозғалып, үйрене алады.
Жұмсақ робототехника жас сала болғанымен, орасан әлеуетке ие. Мысалы, эндоскоп сияқты хирургиялық құралдар немесе реабилитациялық құрылғылар пациенттің жағдайына икемделе алады.
Осылайша, ЖИ-дің адам интеллектіне жақындауы үшін оған жұмсақ әрі ортаға бейімделгіш дене қажет болуы мүмкін деген гипотеза өзектілігін күшейтуде. Адамдар мен жануарлар әлемді қозғалу, сезіну, қателесу және үйрену арқылы таниды. Тек мәтін немесе пиксель көрген ЖИ мұндай танымға қол жеткізе алмайды.
ЖИ шынайы әлеммен өзара әрекет еткенде ғана жаңа деңгейдегі түсінікке қол жеткізе алады. Тіпті, адамнан өзгеше, бірақ өзін сақтауға бағытталған түсінік қалыптастыруы мүмкін. Дәл осы жерде жетілген ЖИ жүйелері адамның бақылауынан шығып, оған қастық жасауы мүмкін деген болжамдар күшейеді.
Генуя университетінің профессоры Джулио Сандини айтқандай: «Егер сіз машинадан адамға ұқсас интеллект жасағыңыз келсе, оған өз тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік беру керек. Ал ол үшін, әрине, дене қажет».
Біздің ұйғарым. Егер Жаратушы әлемді тану, сезіну, түсіну қабілетін, эмоция мен интуицияны, іштей мотивацияны тек адам мен жануарларға ғана берген болса, онда жасанды интеллект қанша дамыса да, ол тек құрал болып қала бермей ме? Ал шынайы таным тірі жаратылысқа ғана тән. Сіз қалай ойлайсыз?
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.