Әлемде өндірілетін тағамдық калорияның жартысы адамдарға емес, малға және биоотынға жұмсалады. Сондықтан олар біздің дастарқанға жетпейді.
Әлемде 15 миллиард адамды тамақтандыруға жететін өнім өсіріледі, бірақ соның жартысы дастарқанға жетпейді
2020 жылы әлем бойынша ауыл шаруашылық жерлері 15 миллиард адамды тамақтандыруға жететін калория өндірген. Фото secretsingapore.co сайтынан алынды. Авторлығы: Estate
11,377
оқылды

Азық-түлік қауіпсіздігін зерттеген Aikyn.kz, еуропалық zmescience.com сайтының материалындағы тұжырымдармен таныстырады.

Азық-түліктің жетіспеушілігі адамзаттың басты проблемасына айналды. Фото nairametrics.com сайтынан алынды

Миннесота университетінің ғалымы Пол К. Уэст жетекшілік еткен жаңа зерттеу көрсеткендей, 2020 жылы әлем бойынша ауылшаруашылық жерлері 15 миллиард адамды тамақтандыруға жететін калория өндірген. Алайда осы калорияның тек жартысы ғана тағам ретінде пайдаланылған.

«Мәселе калория жеткілікті өндірілмеуінде емес. Мәселе олардың қалай бөлініп, адамдар қандай шешім қабылдайтынында», – дейді Оксфорд университетінің тұрақты даму жөніндегі зерттеушісі Ханна Ричи.

Америкалық зерттеушілер БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының деректерін талдап, әлемдегі ең калориялы 50 дақылға (жүгері, бидай, банан, какао және т.б.) назар аударған. Бұл дақылдар әлемде өндірілетін калорияның 98%-ын құрайды.

2010-2020 жылдар аралығында жалпы өндіріс 24%-ға артқанымен, адамдарға жеткен калория көлемі небәрі 17%-ға өскен. Қалғаны мал азығы мен биоотын үшін жұмсалған.

2020 жылы ауылшаруашылық дақылдарынан алынған калорияның шамамен 45%-ы мал азығына жұмсалған. Бірақ сол азықтың ішінде сиыр еті аса тиімсіз болып шыққан. Бір калория ет өндіру үшін 33 калория жем қажет болған. Тағы 5% калория биоотын өндірісіне (этанол, биодизель) кеткен. Пальма майынан биодизель өндіру он жылда 34%-ға артқан.

Адамдардың тамақтану дәстүрі ауыл шаруашылығының тиімділігін қатты төмендетеді. Кірісі жоғары елдерде ет тұтыну, әсіресе сиыр еті, қарқынды өскен. Бірақ сиыр еті мал азығын көп қажет етіп қана қоймай, парниктік газдардың көп мөлшерін шығарады.

АҚШ, Бразилия, ЕуроОдақ бастаған 48 жоғары табысты елдерде сиыр етін тұтыну нормадан әлдеқайда жоғары. Егер бұл елдердегі халық тұтынуды EAT–Lancet комиссиясы ұсынған деңгейге дейін азайтып, оны тауық етімен алмастырса, үнемделген калория 850 миллион адамды тамақтандыруға жетер еді. Ал егер артық сиыр еті орнына жасымық (чечевица) пайдаланылса 1,23 миллиард адамды қосымша тамақтандыруға болады екен.

Ауыл шаруашылығы – жер бетіндегі ең ірі су тұтынушысы. Бұл сала ормандардың кесілуінің де басты себепкері және парниктік газдардың төрттен бірін шығарады. Бірақ осы экологиялық шығындардың көп бөлігі адам аузына жетпейтін өнімдерге жұмсалады. 

Аймақтар бойынша айырмашылықтар да айқын. 2020 жылы Үндістанда өндірілген калорияның 79%-ы халықтың тікелей тұтынуына кеткен, 19%-ы малға жұмсалған.

АҚШ-та тек 17%-ы ғана тұрғындарға жетіп, қалғаны малға және биоотынға пайдаланылған.

Әлемде 2020 жылы 14,5 миллиард адамды тамақтандыруға жеткілікті калория өндірілгенімен, іс жүзінде тек 8 миллиард адамды қамтамасыз ете алған. «Жоғалған» калория көлемі өте көп – жылына шамамен 7,2 × 10¹⁵. Бұндай көлем тағы 7,2 миллиард адамды асырауға жетер еді.

Сиыр еті «климаттық апат» екенін зерттеушілер жиі айтады. Иллюстрация theguardian.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Зерттеу қорытындысы бойынша ғалымдар толық еттен немесе биоотыннан бас тартуға шақырмайды, тек тепе-теңдікке жетуді ұсынады. Оның жолдары мынадай: біріншіден, адамдарға тамақтану әдетін өзгерту керек. Әсіресе азық-түлік қауіпсіздігі мен климат үшін шешуші факторға айналып отырған сиыр етін азайту ұсынылады.

Екіншіден, биоотын саясатын қайта қарау арқылы, калорияны энергиядан қайтадан тағамға бұру жүздеген миллион адамды тамақтандыруға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, егістік жерді тиімді пайдаланып, мал азығы мен биоотынға емес, адамға тікелей қажетті азық-түлік өнімдеріне басымдық беру.

Бұндай тиімсіздіктің көбі тек АҚШ, Қытай және Бразилияға тиесілі екен. Олар әлемдік мал азығы өндірісінің жартысына жуығын қамтамасыз етеді. Дегенмен зерттеу тек калорияға баса назар аударатынын да назарға алған дұрыс. Ақуыз бен микроэлементтерді есептемейді. Сондай-ақ үй мен мейрамханалардағы тағам қалдықтары мен мәдени факторлар да қамтылмаған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.