Израиль Дохадағы, яғни Қатар астанасындағы ХАМАС-тың штаб-пәтеріне бірнеше соққы жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты www.bbc.com сайтына сілтеме жасап.
Операцияның мақсаты – ХАМАС басшылығы. ХАМАС тобы америкалықтардың Газадағы соғысты тоқтату жөніндегі ұсынылған жоспарын талқылау үшін жиналған еді. Соққы кезінде ғимаратта нақты кім болғаны белгісіз.
ХАМАС өкілдері соққы кезінде бүкіл ұйым басшылығы жиында отырғанын растады. Дегенмен олар қозғалыс лидерлері аман қалғанын мәлімдеді.
Радикалды топтың айтуынша, Израильдің әуе соққысынан алты адам қаза тапқан. Олардың ішінде ХАМАС-тың Газа секторындағы жетекшісі Халиль әл-Хайяның ұлы – Хумам әл-Хайя да бар.
Дүйсенбі күні Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац шетелде тұратын ХАМАС басшыларына ескерту жасап, оларды «жою» қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді. Сондай-ақ егер ұйым тұтқындарды босатпай, қаруын тастамаса, Газа қирайтынын айтты.
Израильдік БАҚ-қа сөйлеген жоғары лауазымды шенеуніктің дерегінше, соққының басты нысаналарының бірі – қозғалыстың бас келіссөз жүргізушісі әрі саяси бюро басшысының орынбасары Халиль әл-Хайя болған.