Қазір адам істейтін жұмысты робот, одан қалса жасанды интеллект іске асыра алады. Мәселен, тележүргізуші қызметін де технологияның көмегімен жасау қиын емес. Тіпті, айтқан сөзді әп-сәтте өзіңе қажет тілге аударып беретін мобильді қосымшалар да жеткілікті.
Жасанды интеллект аудармашының орнын алмастыра ала ма?
ҚХР. Шэньчжэнь қаласы. Фото: Aikyn.kz
1,993
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тяньцзинь қаласында өткен ШЫҰ саммитінде цифрландыру саласындағы Қытайдың жетістіктері бүкіл әлемге белгілі екенін атап өтті. Алдағы уақытта осы бағытта тығыз байланыста жұмыс істеуге ниет білдірді. 

2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 триллион долларға жетіп, осы сектордың әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін ұлғаяды.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин. ҚХР-дың Тяньцзинь қаласы. Фото: Akorda.kz 

– Басқа стратегиялық бағыттарға қарағанда аталған саланың дамуы өте жылдам. Жасанды интеллектіні қарқынды дамытуда ШЫҰ әлемде көш бастай алады деп есептеймін. Сондықтан Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құру туралы ұсынысын толық қолдаймыз. Мұндай өте маңызды іске қомақты үлес қосуға дайынбыз. Қазақстан цифрландырудың барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты арттыруды, соның ішінде экономиканың нақты секторларына, денсаулық сақтау ісіне, көлік-логистика саласына, қалаларды басқару жүйесіне «ақылды шешімдерді» енгізуді қуаттайды, – деді Президент.

ҚХР. Тяньцзинь қаласы. Фото: Akorda.kz 

Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы нақты қадам ретінде ШЫҰ-ның жасанды интеллект бойынша тұрақты сарапшылар форумын өткізуді ұсынды.

– Алғашқы кездесуді Астанада Digital Bridge беделді форумы аясында өткізуге дайынбыз. Бұдан бөлек, еліміз 2027 жылы «ШЫҰ-ның экономика қызметіндегі жасанды интеллект» тақырыбында жоғары деңгейдегі конференция ұйымдастыруға ниетті. Ал келесі жылы Ұйым елдері бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірге жаңа технологиялық дәуірдегі ақпараттық саясат проблемаларын талқылауға әзірміз, – деді Президент.

Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысы. ҚХР. Бейжің қаласы. Фото: Akorda.kz 

Тек қана логистика, денсаулық сақтау саласында ғана емес, қазіргі кезде жасанды интеллект туризм саласында да сұранысқа ие. Қытайдың Шэньчжэнь қаласында орналасқан жасанды интеллект көмегімен арнайы бағдарлама даярлайтын Laipic компаниясының жұмысымен таныстық. 

Жаңа бағдарлама арқылы аудармашының көмегінсіз сөйлеген сөзді сол сәтте өзіңізге қажет тілге аударып береді. Тіпті, адам бұрын-соңды телеарна, әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізу тәжірибесі болмаса, оны да бағдарлама арқылы іске асыруға болады. Жасанды интеллект арқылы жасалған образды телеарнаның журналисінен ажырату қиын. 

Laipic компаниясының бас кеңсесі. Қытай Халық Республикасы. Шэньчжэнь қаласы. Фото: Aikyn.kz 

Мұнда жасанды интеллект көмегімен ел билеушілері мен танымал тұлғалардың ел есінде қалған нақыл сөздерін, өз елінің тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткерлердің келер ұрпаққа өсиетін «өз аузынан» тыңдай аласыз. 

Халықаралық жиындарда саясаткерлердің пікірін сол сәтте қосымша арқылы аударып, өңдеп, тікелей эфирден көрсетуге де болады. Бірақ оның сөзінің мағынасы сапалы аударылғанын, өзге тілдің сөздік қолданысының ерекшелігін жасанды интеллект "толық түсінбейді". Сондықтан журналист сөйлемнің мағынасы дұрыс аударылғанын тексеруі тиіс. Орталық мамандарының айтуынша, әсіресе, сұхбат беруші кейіпкердің геосаяси ахуал туралы пікірін журналист сүзгіден өткізіп барып жариялағаны жөн дейді. Ал күнделікті қолданыстағы сөз бен сөйлемдерді еш қиындықсыз аударып береді. Адам өзіне қажет ақпаратты нақты сұрай алса болғаны. 

Жасанды интеллект көмегімен эфир жүргізіп отырған "жасанды" тележүргізуші. "Ол  жаңалық жүргізіп отырып жаңылса, қателік жіберсе, телеарна ұжымы жауапты болады.  

Стартап жобалар бойынша көшбасшы жас кәсіпкерлер. Оның ішінде, Laipic компаниясының жетекшісі де бар. Қытайда стартап жобалардың басымдыққа ие екені жарнама немесе Қытайда танымал адамдардың пікірімен өлшенбейді. Жаңа жобаға нарықтағы сұраныстың көптігімен таразылайды. 

Жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін немесе қызмет көрсететін жобаларды кез келген адам қолдану үшін оның қолжетімді болғаны аса маңызды. Құны қымбат құрылғы, бір бағдарлама немесе мобильді қосымша үшін қыруар құрал-жабдықты қажет ететін жобаларды ұсынушы компаниялар нарықтағы бәсекеге төтеп бере алмайды. Себебі, тұтынушы шағын, әлемді бір түйір түймеге "сыйдырған" мүмкіндікті қолайлы көреді. Құрылғы сатып алғанда қаржы үнемдейді. Сондықтан орталық мамандары бағдарламаны көпфункционалды әрі қолжетімді етуге мәжбүр.   

Күн сайын жасанды интеллект арқылы күнделікті қолданысқа қажет бағдарламаларды жасауға, оны пайдалануға болады. Бірақ оны дұрыс басқару, игілікке жарату үшін адамның шығармашылық ізденісі, ақыл-ойы қажет.   

Бұған дейін  Aikyn.kz Тілдік кедергілер жойылып, аудармашыларға сұраныс азайып бара жатқаны туралы жазған болатынбыз.