Ауыл тұрғындарын қиын-қыстау кезеңнен Данай Байболұлы есімді қария аман алып шыққан. Ол Талас аудандық тарихи-өлкетану мұражайында 35 жылдан бері сақталып келе жатқан мылтығымен аң аулап, бүтін бір ауылды асыраған.
Аштықта бір ауылды асыраған
2,788
оқылды

Данай ақсақал 1879 жылы Майтөбе ауылында дүниеге келіп, 1975 жылы  97 жасында өмірден озған. Ашаршылық жылдары ол  51 жастағы ел ағасы болған. Өзі құралайды көзге атқан мерген бол­ғандықтан, аңшылықтан ешқашан құр қол қайтпапты.  

Баймырза есімді замандас досы екеуі тауға барып арқар, елік, тау ешкісін атып әкеліп, өздері де азық етіп, ауыл тұрғын­дарына да үлестірген. Осы екі азаматтың аңшылық қасиетінің арқасында бір ауыл ашаршылыққа төтеп бере білген. Әрине, зұлмат жылдар болған соң, кейбір тұр­ғындар аштықтан бақилық болған да  шығар. Алайда  ауылдастарының дені Да­най қарияның аңшылығының арқасында аман қалған.

Баймырза қарияның немересі Жомарт қазір Майтөбе ауылында тұрады. Жомарт та аңшы. Ал Данай қарияға келсек, көптің тілеуімен көп жасаған кісі. Оның ғасыр жасауы ашаршылық кезінде аман қалған халықтың тілеуі шығар. Жаратқан осы жақсылығына ұзақ ғұмырды жазған да болар. 

Данай ақсақалдың баласы Тұрсынбай, Тұрсынбайдың баласы Нарқозы. Нарқозы Новосібір қаласында білім алып,  қыз­метпен сыртта жүрген азамат. Осы Нар­қозы Данаевтың немере інілері мылтықты 1990-жылдары аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізеді. Нарқозы баласы Асқарға үнемі тарихи мылтық жайлы айтып отырған. «Сенің арғы атаң Данай қарттың мылтығы Талас ауандық тарихи-өлкетану музейінде тұр» деп құлағына құя берген.

Былтыр Асқар Данаев арғы атасы Данайдың мылтығын музейге барып, арнайы көрген.

«Мен Данай қарттың шөбересімін. Аңшылық деген – үлкен өнер. Ашаршылық жылдардың қандай ауыр болғанын білесіздер. Сол қиын жылдарда арғы атам бір ауылға қорған болғанын мақтан етемін. Атамның сол кезде қаруы болған осы мылтық маған өте ыстық. Музейге келушілерді де тарихымен қызықтырады деген ойдамын. Мен де аңшымын. Қазір, әрине жағдай басқа. Тек өз қызығу­шылығымыз үшін аңға шығамыз. Данай атамның аңшылық қасиеті маған қонған. Оған  шүкірлік етемін», –  дейді Данай қарттың шөбересі Асқар Нарқозыұлы. 

Талас ауандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ербол Қашағанның айтуынша, мұражайда тұрған мылтық көпшіліктің ерекше қызығушылығын туғызады екен. 

«Қиын заманда бір ауылды жалғыз мылтықпен асыраған Данай атамыз қан­дай мықты. Бұл нағыз сауапты іс, үлкен ерлік.

Бүгінде мұражайда тұрған мылтыққа қызығып, тарихын білгісі келетіндер көп. Біз тарихи жәдігердің тарихын мақтан тұтып баян етудеміз», – деді Ербол Қа­шаған.  

Иә, нәубет жылдары бір ауылды бір мылтықпен асырау – ерлік іс. Негізі, Жамбыл облысында бір ауылды қыран бүркітпен асыраған ақсақал туралы да естігенбіз. Шу ауданы Абай ауылының тұрғыны Жайсан Тілеужанұлы қарияның әкесі қолына құс қондырған азамат болған екен. Міне, осы қария ашаршылық ке­зінде бүркітімен аң аулап, олжасын ауыл тұрғындарымен теңдей бөлісіп отырған. Осылайша, бүтін бір ауылды бір қыран құс асырағаны туралы аңызға бергісіз әңгіме ел аузында жүр.   

Тарих – өткеннің ізі. Ал өткеннің өлшемінде талай ерлік пен өрлік жатыр. Қиын қыстау кезеңде халқына қол ұшын созған жоғарыда айтылған қариялардың ерлігі ұрпаққа ұран, бүгінге өсиет.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы