Бұл туралы заңгер Мейірман Шекеев хабарлады. Ол Шерзат Полаттың есімі әділет үшін күрестің символына айналғанын айтады.
Талғарда Шерзаттың атына көше беруі мүмкін
2,248
оқылды

Заңгер Талғар қаласы әкімдігіне арнайы ұсыныс жасағанын да мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол Менделеев немесе Руставели көшелерінің бірін Шерзат Полаттың атымен ауыстыру туралы ұсыныс білдіріп отыр. Еске салайық, қанды оқиға да осы жерде болған еді. 

– 16 жастағы Шерзаттың қаны төгіліп, қайтыс болған жердегі көшелердің атаулары Менделеев және Руставели деп аталады. Екеуі де Талғарға, тіпті Қазақстанға еңбек сіңірген қазақ тұлғасы емес. Кеңес үкіметінен қалып қойған атаулар, – дейді заңгер. 

Талғар қаласындағы Шерзат Полаттың құрметіне көше атын беру бастамасын әлеуметтік желі қолданушылары қолдап жатыр. Адвокаттың сөзінше, мұндай қадам қоғамның әділдікке деген талпынысын және азаматтық белсенділіктің артуын байқатады. 

– Шерзат ақын да, жазушы да болған жоқ. Бірақ ол – өзінің қайғылы тағдыры арқылы бүкіл қоғамды оятқан тұлға. Сол себепті, оның есімі халық жадында сақталуы тиіс деп ойлаймын, – дейді Мейірман Шекеев.

Көшеге атау беру туралы ұсынысты Талғар әкімдігі қарастырып жатыр. Десе де, шешім шығару үшін мәслихат депутаттары мен қоғам өкілдерінің де пікірі қажет.