Депутаттың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі алдағы үш жылдық бюджет аясында 2026 жылға дейін ЖИ мен телемедицинаны дамытуға 500 миллион теңге бөлуді жоспарлап отыр.
ЖИ мен телемедицинаны дамытуға 500 миллион теңге бөлінбек, бірақ шешілмеген мәселе шаш етектен – Нартай Сәрсенғалиев
1,586
оқылды

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде депутат Асхат Аймағамбетовтың төрағалығымен «Әлеуметтік салада жасанды интеллектіні қолдану» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында депутат, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев денсаулық сақтау саласына жасанды интеллектіні енгізуге қатысты шешілмеген мәселелер көп екенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутаттың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі алдағы үш жылдық бюджет аясында 2026 жылға дейін ЖИ мен телемедицинаны дамытуға 500 миллион теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Осы тұста Нартай Сәрсенғалиев бұл бастаманың алдында шешілмеген мәселелер көп екенін атап өтті.

«ЖИ-ді енгізуді мақсат тұтқан денсаулық саласында қарапайым шешілмеген шаруалар шаш етектен», – деді депутат.

Депутат айтқан негізгі түйткілдердің қатарында: интернеттің әлсіздігі, медициналық мекемелердегі ескірген серверлер, сапасыз мәліметтер базасы, білікті мамандардың тапшылығы, сондай-ақ клиникалық хаттамалардың әлі күнге цифрлық форматқа көшірілмеуі сияқты мәселелер бар.

- Денсаулық саласына ЖИ-ді енгізген күннің өзінде орталықтан шалғайда тұратын, шекаралық елді мекендерде мекен ететін ағайын қашанғыдай игіліктен құр қалайын деп тұр. Ал алыстағы азаматымызды аман алып қалу үшін телемедицина мен ЖИ-ді қолданамыз десек, алдымен Қазақстанның түкпір-түкпірін сапалы интернетпен қамтамасыз ету қажет. Оған ведомствоаралық бірлік пен біріккен қадамдар қажет. Себебі қазіргідей бюджет тапшылығы кезінде елдің барлық аумағына сапалы интернет тартуға бюджеттен қаржы бөліне ме? Бұл үлкен сұрақ.

Бұдан бөлек, ғаламторға қосылған аймақтарда орналасқан медициналық мекемелердің өзінде серверлердің ескіргені, базалардың есептеу қуаттылығының жеткіліксіздігі, ақпараттық жүйелердің бытыраңқылығы және интеграцияның бірыңғай стандарты жоқ екені анықталды. Оған қоса ЖИ-ді медицинада толыққанды қолдану үшін инфрақұрылымды жаңартумен қатар қажетті технологиялық шешімдерді сатып алу қажет, онсыз бастама іске аспайды. ЖИ-ді енгіземіз деп жанталасқан уәкілетті орган осынша проблеманы жедел шеше ала ма? – деді депутат.

Сәрсенғалиевтің пайымдауынша, ЖИ-ді енгізуді нақты жүзеге асыру үшін заңнамалық өзгерістер қажет. Атап айтқанда, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңға және «Ақпараттандыру туралы» Заңға толықтырулар енгізілуі тиіс.