Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің мамандары Астанадағы Әлихан Бөкейханов атындағы №76 мектеп-лицейінде іс-шара өткізді. «Қазақстан жастары арасында лудоманияның алдын алу бойынша кешенді шаралар» тақырыбындағы дәріске 400-ге жуық оқушы қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта осындай мазмұндағы дәрістер еліміздің басқа да аймақтарындағы білім беру мекемелерінде жалғасады.
Жастар арасында құмар ойындардың алдын алу – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатындағы маңызды бағыттардың бірі. Мұндай кешенді шаралар жас буынның бойында салауатты өмір салты құндылықтарын орнықтырып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің бойында құмар ойындардың зиянды салдары туралы түсінік қалыптастыру, олардың психологиялық тұрақтылығын күшейту және бос уақытын тиімді өткізуге баулу. Құмар ойындарға әуестенудің жеке тұлғаға, отбасына және жалпы қоғамға тигізетін кері ықпалы бүгінде баршаға мәлім. Сондықтан мұндай алдын алу шараларының маңызы ерекше.
Дәрісті психолог маман, тәжірибелі сарапшы Гүлнар Балабекқызы Исламжанова жүргізді. Ол құмар ойындардың психологиялық әсері мен тәуелділікке әкелетін факторларды терең талдап, жастарды зиянды әдеттерден сақтанудың жолдарымен таныстырды. Сонымен қатар, оқушыларға ерік-жігерді шыңдау, өзін-өзі дамыту, дұрыс мақсат қою және әлеуметтік ортада белсенді болудың маңызы түсіндірілді.
Кездесу барысында оқушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, кәсіби кеңестер алды. Мұндай ашық диалог жасөспірімдер үшін құмар ойындардың қауіптілігін терең түсінуге және тәуелділіктен сақтанудың нақты тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік берді.