«Интервидение-2025» халықаралық ән байқауында бас жүлдені вьетнамдық орындаушы Дык Фук жеңіп алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты bloknot.ru сайтына сілтеме жасап.
Ол 422 ұпай жинап, байқаудың абсолютті жеңімпазы атанды. Әнші қуанышын жасыра алмай, жүлде қорының 30 миллион рублінің едәуір бөлігін Ресейдегі қайырымдылыққа жұмсамақ екенін мәлімдеді. Дегенмен ол алдымен тиісті қорларды зерттеп, таңдау жасайтынын атап өтті. Бұдан бөлек, Дык Фук орыс тілін толық меңгеріп, өз қолымен орысша ән жазуды және отандық жұлдыздармен бір сахнада дуэт айтуды армандайтынын жеткізді.
Алайда байқау айғай-шусыз өткен жоқ. АҚШ атынан қатысуға тиіс болған әнші VASSY соңғы сәтте алаңға шықпай, ұйымдастырушылар тарапынан дисквалификацияға ұшырады. Бұл шешімге «Аустралия үкіметінің бұрын-соңды болмаған саяси қысымы» себеп болғаны ресми түрде хабарланды. Себебі әншінің қос азаматтығы бар: ол әрі америкалық, әрі аустралиялық.
Кештің тағы бір есте қаларлық сәті ресейлік әнші Shaman (Ярослав Дронов) орындаған Максим Фадеевтің «Прямо по сердцу» әнімен байланысты болды. Әнін аяқтаған соң ол кенеттен қазылар алқасынан өз нөмірін бағаламауды өтінді. Shaman мұны «қонақжайлылық» деп түсіндірді. Оның сөзінше, Ресей жеңіске жетіп қойған, өйткені байқауды дәл осы ел қабылдады.
Кеш соңында ресейлік әртіс Алексей Воробьев көрермендерге тағы бір сенсациялық жаңалық айтты: 2026 жылы өтетін келесі «Интервидение» байқауы Сауд Арабиясында ұйымдастырылатын болды.