Президент мән берген келесі басымдық – цифрлық трансформация.
Америкалық компанияларды Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін барынша пайдалануға шақырамыз - Президент
Фото: Ақорда
444
оқылды

Мемлекет басшысы Американың бизнес өкілдерімен өткен «дөңгелек үстел» отырысында сөз сөйледі. Президенттің пікірінше, өзара тиімді ынтымақтастықтың тағы бір перспективті бағыты – агроөнеркәсіп кешені. Егістік жерлерінің көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алатын және ең ірі астық экспорттаушылардың ондығына кіретін Қазақстанның аталған саладағы мүмкіндіктері америкалық әріптестерді қызықтыруға тиіс. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

– Америкалық компанияларды Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін барынша пайдалануға шақырамыз. Біз PepsiCo және Mars компанияларының заманауи, экспортқа бағдарланған зауыт салу жоспарын құптаймыз. Аталған бастамалар Қазақстанның экспорттық қуатын арттырып қана қоймай, өнімдеріміздің жаңа өңірлік нарықтарға шығуына мүмкіндік береді. Ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін орнықты ауыл шаруашылығын дамытуды, су ресурстарын үнемдеп пайдалануды және аталған саланы цифрландыруды көздейтін ортақ Агроинновациялық бағдарлама жасауды ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мән берген келесі басымдық – цифрлық трансформация. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке және цифрлық трансформация мен жасанды интеллект саласында Еуразияда көш бастайтын ІТ-хабқа айналдыру жоспарымен бөлісті. 

NVIDIA, Amazon, Starlink және Microsoft сияқты жаһандық технологиялық алпауыттар цифрлық экожүйемізді қалыптастыруға белсенді атсалысып жатыр. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл еліміздің ІТ саласындағы әлеуеті орасан зор екенін көрсетеді. Бұл ретте цифрлық активтер, Индустрия 4.0, жасанды интеллект және «ақылды қала» шешімдері өзара ықпалдастықтың перспективті бағыттары саналады.  Қаржы секторы туралы сөз қозғай отырып, Мемлекет басшысы дөңгелек үстел қатысушыларына «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін таныстырды. 

Қазіргі уақытта онда 80-нен аса елден 4200-ден астам компания тіркелген. Оның 60-тан астамы – америкалық компаниялар. 

Қасым-Жомарт Тоқаев адами капиталды дамытудың маңызына ерекше тоқталды. 

– Қазақстан бірте-бірте өңірлік академиялық және ғылыми-зерттеу хабына айналып келеді. Бүгінде елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылған. Олардың қатарында Аризона университеті, Колорадо тау-кен мектебі, Дьюк университеті, Пенсильвания штаты университеті, Миннесота университеті және Нью-Йорк кино академиясы секілді америкалық жетекші жоғары оқу орындары бар, – деді Президент.

Сондай-ақ бүгінде «Болашақ» бағдарламасының 800-ден астам стипендия иегері АҚШ-тың Гарвард, Массачусетс технологиялық институты, Стэнфорд, Чикаго университеті секілді маңдайалды оқу орындарында білім алып жатыр.  Бұл ретте Мемлекет жас буын көшбасшыларын қалыптастыру үшін америкалық университеттермен және зерттеу орталықтарымен бірлескен жобалардың аясын кеңейтуді ұсынды.

Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарымен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту еліміздің сыртқы саясатындағы ұзақ мерзімді басымдықтардың бірі екенін айтты. 

Президент мәдениетке бизнес тарапынан қолдау көрсету мәселесін де қозғады. 

– Қазақстанның мәдени мұра қорын құру туралы Смитсон институтының шешімін ерекше ықыласпен қабыл алдым. Аталған қор халқымыздың бай мұрасын сақтау, зерттеу және әлемде насихаттаумен айналысады. Осы маңызды бастаманы белсенді түрде қолдағаны үшін Chevron компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уирт мырзаға ришалығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарымен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту еліміздің сыртқы саясатындағы ұзақ мерзімді басымдықтардың бірі екенін айтты.

– Қазақстан географиялық тұрғыдан сезімтал аймақта орналасқан. Біз өзіміздің стратегиялық мақсатымыздан, соның ішінде АҚШ-пен тығыз ынтымақтастық жасау ниетімізден айнымаймыз. Өйткені АҚШ біздің тәуелсіздігімізді әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып мойындады және әрдайым Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдап келеді. Халқымыз Американың бұл ұстанымын шынайы құрметтейді. Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси-экономикалық реформалар, ашық және инвестицияға қолайлы саясат жүргізу ұстанымы америкалық компаниялардың Қазақстанда алаңсыз бизнес жүргізуіне кепілдік береді әрі олардың сенімді, ұзақ мерзімді серіктес болуына мүмкіндік жасайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Отырыста АҚШ Сауда палатасының президенті Сюзанн Кларк, Chevron компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уирт, АҚШ Сауда министрінің орынбасары Уильям Киммит, АҚШ Мемлекеттік хатшысының экономикалық өсім, энергетика және қоршаған орта мәселелері жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Томас Лерстен, NVIDIA компаниясының жасанды интеллект саласындағы жаһандық бастамалар бойынша вице-президенті Калиста Рэдмонд, Boston Consulting Group компаниясының директорлар кеңесінің жаһандық төрағасы Ричард Лессер, S&P Global компаниясының тәуелсіз рейтингтер және көпжақты қаржы институттары рейтингтері жөніндегі жаһандық бағытының басшысы, басқарушы директоры Роберто Сифон-Аревало, ExxonMobil Upstream Company президенті Дэн Амман, LanzaJet компаниясының бас атқарушы директоры Джимми Самарцис, The Boeing компаниясының вице-президенті Лэндон Лумис, Ashmore Group компаниясының бас атқарушы директоры Марк Кумбс, Visa компаниясы төрағасының орынбасары әрі персонал және корпоративтік мәселелер жөніндегі бас директоры Келли Тулье, Ivanhoe Mines Ltd. негізін қалаушы әрі директорлар кеңесінің атқарушы теңтөрағасы Роберт Фридланд, Колорад тау-кен ісі мектебінің президенті Пол Джонсон, GTM, OpenAI білім беру және мемлекеттік бағдарламалар бағыты бойынша жетекшісі Кевин Миллс, Mastercard компаниясының бас әкімшілік директоры Ричард Верма, Shell USA компаниясының президенті Колетт Хёрстиус, Honeywell Process Automation компаниясының президенті және атқарушы директоры Джеймс Массо, Amazon Kuiper компаниясының жаһандық тұтыну бағытының жетекшісі Лиза Скалпоне сөз сөйледі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.