Дүниені тануға құштар бүлдіршін, ғылымсүйер жас, ізденімпаз ұстаз, білім мен тәрбиеге мән беретін ата-ана, ғалымдар мен өнертапқыштар, тіпті музыкант пен жазушыға дейін – бәрі-бәрі «бір арнаға тоғысуы қиын» деп пайымдарсыз.
Тамыры тереңнің бұтағы биік
2,513
оқылды

Алайда оларды байланыстыратын ғылым атты күш бар. Білім мен креативті сүйетіндер Астанада өткен PRO.NRG Fest 2025 ғылыми-көпшілік фестивалінде төртінші рет бас қосты. 

Фестиваль бұрынғыдан да кең кө­лемде өтті, оған мұғалімдер, зерт­теу­шілер, жас отбасылар, жалпы саны 6 000 адам қатысты. Іс-шараны Caravan of Knowledge корпоративтік қоры мен «Шеврон» компаниясы ұйым­дастырған. Фестивальдің биыл­ғы тақырыбы – Rooted in the Future. Қазақша аударғанда, «Та­мыры тереңнің бұтағы биік» деген тәм­сілді білдіреді. Тақырыптың өзе­гі – «Білім ағашы». Ағаш тамыры дәс­түрді, діңгегі заманауи білімді, бұтағы болашақтағы жаңа техноло­гия­лар, әдіс-тәсілдерді бейнелейді.

– Форум немесе конференция емес, білім беру саласындағы бар­лық мүдделі тарапты – ата-ананы, ба­лаларды, мұғалімдерді, министр­лік, мемлекеттік органдарды да бі­ріктіретін іс-шара ұйымдастырғы­мыз келді. Қазір фестиваль оқушы­лар­дың, ата-ананың неге қызыға­ты­нын білетін, ғалым-ұстаздардың жаңа амал-әдістерін ортаға салатын жаңа алаңға айналды, – дейді Caravan of  Knowledge Корпоративтік қо­рының негізін қалаушы Зарина Биюмбаева.

Көпке түсінікті ғылым тілі

Фестиваль бағдарламасы «Білім берудегі AI», Art&Science, USTAZ, «Ғы­лыми-көпшілік бағыт» сынды негізгі төрт салаға негізделген, соған сай 30-дан аса баяндама, шеберлік дә­рісі, ЖИ-практикумдар, ғылыми квес­тер және интерактив digital ай­мақтар ұйымдастырылған. Әркім өз қы­­зығушылығына сай ғылыми жаңа­­­лықтарды біліп, таным көк­жие­­­гін кеңейтті. 

Биылғы жиында отандық жас ма­мандар оқушылар мен қарапайым ау­диторияға лайықтап, қызықты ше­берлік сабақ өткізді. Сабақ соңын­да белсене қатысқандар, сұ­рақ­қа дұрыс жауап берген оқу­шы­ларға арнайы сыйлықтар да болды. Іс-шараның басты бағыты – «Ғы­лыми-көпшілік бағыт» секциясы. Археология, экология және тарих ғы­лымының мамандары баян­да­ма­ның көпке ыңғайлы, тартымды, түсінікті түрде өтуіне күш салғанын аң­ғардық. Мысалы, Ұлттық гид­ро­биология және экология институ­ты­ның ғылыми қызметкері Әсел Бай­мұқанова Каспийдегі жалғыз теңіз сүтқоректісі – итбалықтардың тіршілігі, жойылу қаупі, олардың адам­ға не жеткізгісі келетінін бүл­діршіндерге түсіндіріп берді. Astana IT University Компьютерлік инже­не­рия департаментінің сеньор-лек­торы Зарина Кутпан «Ұшқышсыз ұшу аппараттары – Қазақстандағы бі­лім берудің жаңа секторы» баянда­масын оқыды. 

Caravan of Knowledge қорының бас­қарушы директоры Дарын Серік­ұлы бізге фестиваль барысын­дағы ғылыми жаңалықтар жөнінде әң­гімелеп берді.

– Жылдан-жылға шетелдік спи­кер­лер саны азайып, отандық ма­мандарымыз артып келеді. Мем­ле­кет басшысының бастамасын қол­дап, биылғы фестивальға ЖИ бағы­тын арнайы қостық. Тағы бір жаңа­лық, мұғалімдерге қатысты шағын стен­дап бағдарлама қостық. Мұға­лім өмірі жайлы ойнақы, шынайы әң­гіме болды. Сонымен қатар маңыз­ды бір жобаны қолға алдық. Ұстаз­дар мен оқушыларға арналған байқаулар өткізіп жатырмыз. Со­ның бірі – Science On Stage ұстаздар сайысы. Байқау екі жылда бір өтеді. Ұстаздар арасынан қызықты 30 жо­ба иесін Астанаға шақырдық. Со­ның жетеуі атымызды Еуропада та­ныт­пақ, – дейді Дарын мырза.

Өнер мен ғылым тоғысты

Фестивальдің өзгеше бағыты­ның бірі – өнер мен ғылымның то­­ғысуы. Атыраудан келген жастар Нұр­сұлтан Зиядаев пен Диана Ум­беткалиева қатысушыларға «Ұлттық музыканың миға әсері» зерттеу жұ­мысының нәтижесін таныстырды. Бұдан бұрын ата-аналар мен бала­ларға өздері өңдеген «Япурай» әнін тыңдатады. Қатысушыларға әннің ұна­ғаны сонша халық әндеріне де­ген әуестігі оянғандай күйде қалды.

Нұрсұлтан Зиядаевтың сөзінше, Атырауда шығармашыл жастар жи­налатын орта болмағандықтан, ал­дымен жастарды жинап, шығарма­шы­лық орталық құруды мақсат ете­ді. Кейін орталық жастары Шәм­ші әндерін, халық әндерін жаң­ғыр­туды ойластырады. Осылайша, әр қазақтың жүрегіне естелік болып ұяла­ған әндерді тірілту үшін Estelik жобасы дүниеге келеді. Жастар жо­ба аясында әр маусым сайын 5 әнге жаңа тыныс сыйлайды. Жаңа аран­жировка, танымал жас әртістердің орындауы, қоңыр дауысты жастар хоры «Әй-әй, бөпем», «Япурай», «Бипыл-ай», «Назқоңыр», «Арман-ай» сынды халық әндеріне ғажап бояу сыйлаған. Кейін өнерлі жастар бұл шығармашылық жұмыстың тың­дарман миына қалай әсер ете­ті­нін зерттеп көрмекке ұмты­лады. 

– Emotiv Epoc X дейтін адам миы­ның белсенділігін өлшейтін, 14 элктродтан тұратын нейроқұрылғы бар. Химияда электролиз деген про­цес бар, яғни құрылғыға тұзды ері­тін­ді жағу арқылы жұмыс істейміз. Бір адамды тексеру үшін кемінде 2 са­ғат уақыт кетеді. Идеяның дұрыс­тығына көз жеткізу үшін 19-35 жас аралығындағы 10 адамдық фокус-груп­памен бастадық. Зерттеуге қа­тысқан жастарға төрт түрлі жанр­дағы – классикалық музыка, қазақ және ағылшын тіліндегі поп-му­зыка, халық әндерінің түпнұсқасы мен заманауи нұсқасын тыңдатып көрдік, – деп баяндады Estelik жоба­сындағы зерттеуші Д.Умбеткалиева. 

Зерттеушінің байқауынша, тың­даушылар классикалық және поп-әуенді тыңдағанда, мидың аса бір белсенділігі көрініс таппаған, бірақ халық әндерінің түпнұсқасы мен аран­жировкасы арасында өзгешелік барын анықтаған. Жастар халық ән­дерінің жаңа нұсқасын тыңда­ғанда, мидағы қоздырушы фактор (40%) әлдеқайда көбірек болған. Қоздырушы фактор дегеніміз – концентрация, зейін, назар аудару, эмоционал және ғылыми интте­лек­тің тоғысқан жері. Түпнұсқасындағы қоздырушы фактор не бәрі 10% болған. Алайда халық әндерін тың­даған жастарда релаксация мөлшері (70%) жоғары болған, аранжиров­касын тыңдағандарда 40% көрсет­кен.

– Зерттеу нәтижесін бұған дейін­гі теориялық біліммен де не­гіз­дей аламыз, себебі адамдар түпнұсқаны тыңдағанда, өткен шағы ойға ора­лып, ерекше естелік сезімі туады. Ал жаңа нұсқаны тыңдарманның сұра­нысына қарай лайықтап өзгерттік. Алда респонденттеріміздің санын жүзге, мыңға көбейтіп, шетел аза­мат­тарына да сынап көрсек, әлі де тереңдей ізденсек деген мақсатымыз бар. Әр музыкалық аспаптың үні әр адамға қалай әсер ететінін де зерт­тегіміз келеді. Қазір қазақ халық му­зы­касы тек мәдениет емес, ми­дың және психоэмоционал ден­саулықтың құралы бола алады деген қорытындыға келдік, – дейді Д.Умбеткалиева.

PRO.NRG Fest іс-шарасында ал­ғаш рет ARTиШОК театры «Энер­гияның сақталу заңы» пер­формансын қойды. Алматы ашық әдеби мектебінің ұстаздары – Ксе­ния Рогожникова «Жазу ісіндегі жа­санды интеллект», Мерей Қосын «Интермәтін мен жастар әдебиеті» жөнінде шеберлік сабағын өткізді.

Фестиваль жыл сайын жалғаса бер­мек. Ал ғылыми жаңалыққа ұм­тыл­ғанның бәрі осы ортадан табы­ла­тынын ұмытпағайсыз.

Айсұлу СЪЕЗХАН