Қазақстанның энергетикалық стратегиясы төрт салаға негізделгенін атап өтті.
Президент: Біздің таңдауымыз: үстемдік емес – тепе-теңдік, соғыс емес – бейбітшілік
Фото: Ақорда
279
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-ші сессиясының Жалпы дебатында Қазақстан экономикасының негізгі бағыттарына тоқталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.   

Қазақстанның энергетикалық стратегиясы төрт салаға негізделгенін атап өтті.

«Қазақстан экономикасы тұрақты дамып келеді. Биыл экономикалық өсім 6 пайыздан асады деп күтілуде. Бұл біздің аймақтағы ең ірі экономиканың орнықтылығын қуаттай түседі. Дегенмен бұл жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды. Біз ұзақ мерзімді дамуға бағытталған күш-жігерді жалғастырамыз. Қазақстанның энергетикалық стратегиясы төрт салаға негізделген: мұнай-газ, көмір, уран және аса маңызды минералдар. Бұл құнды ресурстар сенімді энергетикалық серіктестіктің негізі бола алады. Климат өзгерісі мен «жасыл» күн тәртібін көмір кені секілді орасан зор энергетикалық ресурсқа бай елдер қабылдай бермейді. Өйткені бүгінде озық технологияның арқасында оны тазаланған күйінде пайдалануға болады. Сондықтан біз 35 жыл ішінде елімізді декарбонизациялау жөнінде міндеттеме алдық. Тек жаңартылатын энергия көмегімен бүкіл энергетикалық мәселені шешу мүмкін емес. Ауыл шаруашылығы – әлемдік нарықта зор әлеуетке ие жетекші саламыздың бірі. Қазақстанның астық экспортындағы әлеуеті – 12 миллион тонна. Бұл халықаралық нарықтың басым бөлігін қамтиды және көлік байланыстарын жақсарту есебінен сауданы кеңейтудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады. Біз сыртқы саудамыздың инклюзивтілігі мен орнықтылығын қамтамасыз ете отырып, оны одан әрі әртараптандыру мақсатында барлық негізгі халықаралық серіктестерімізбен және аймақтағы мүдделі елдермен ынтымақтастықты жалғастырамыз», - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Қазақстан араағайындық және бітімгер рөлін жалғастыратынын айтты.

«Ел ішіндегі мемлекеттік басқару реформаларын тереңдету және шетелдегі жаһандық басқаруды қолдау – басты бағдарымыз. Біз бұл бағытты берік ұстанамыз. Қазақстан араағайындық және бітімгер рөлін жалғастырады. Біздің таңдауымыз: үстемдік емес – тепе-теңдік, жіктелу емес – ынтымақтастық, соғыс емес – бейбітшілік. Біз халықаралық қоғамдастықтың басқа да мүшелерімен бірлесе отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілік, әділеттілік және ынтымақтастық шамшырағы екенін растауға дайынбыз», - деді Президент.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.