«AMANAT» фракциясының депутаты Ринат Зайыт Мәжілістегі Үкімет сағатында Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, заңсыз иемденілген активтердің мемлекетке қайтарылуы жөнінде қоғамға толық әрі ашық ақпарат беруді талап етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Депутаттың айтуынша, Қаржы министрлігінің жанындағы Активтерді қайтару комитетінің олигархиялық топтардың және жекелеген ықпалды тұлғалардың күмәнді байлығына қатысты тергеуді күшейткені құптарлық іс.
«Кеше ғана Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев сот шешімімен 57 миллиард теңге көлеміндегі активінен айырылып, мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен бірге оған 925 миллион теңге айыппұл және 230,4 миллион теңге айыпақы салынды. Ең бастысы, оның барлық банк шоттары бұғатталып, компания кірісін және жеке мүлкін басқару құқығынан айырылды», – деді Ринат Зайыт.
Депутаттың сөзінше, қоғамда бұл әулеттің рейдерлік жолмен иеленген базарлары және Алматы қаласы мен облысында заңсыз алған жер телімдері туралы жиі айтылады. Әсіресе атышулы «Алтын орда» базарына қатысты күмәнді деректер көп. Алайда бұл нысандардың тәркіленген активтердің қатарында бар-жоғы әзірге белгісіз.
«Сот шешімдері шыққанымен, процестердің жабық түрде өтуі қоғамда алаңдаушылық туғызады. Өйткені активтердің қайтарылғаннан кейінгі тағдыры, олардың халыққа нақты пайдасы, жұмыс орындарының сақталуы сияқты мәселелер түсініксіз қалып отыр», – деді ол.
Осыған байланысты Ринат Зайыт бірқатар сұрақтарды көтерді:
-
Нұрбол Назарбаевтың иелігіндегі компаниялар мен активтерге түгендеме жүргізіп, оның заңдылығын анықтау, заңсыздарын мемлекет меншігіне қайтару.
-
Аталған қайтарылған заңсыз активтер және олардың пайдаланылуы бойынша толық ақпаратты жұртшылыққа қолжетімді ету.
-
«Алтын орда» базары және Алматы қаласы мен облысындағы заңсыз иеленген жер телімдері бойынша тергеуді бастау.
Жалпы депутаттың айтуынша, Нұрбол Назарбаевқа қатысты сот шешімі – әділеттіліктің орнауы жолындағы нақты қадам. Дегенмен қайтарылған мүліктің әрі қарайғы тағдыры, оның халыққа берер пайдасы жайлы ашық мәліметтің болмауы қоғамда күмән тудырып отырғанын атап өтті.