Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Қапшағай мен Іле өзенінің бойындағы заңсыз берілген жер телімдері біртіндеп мемлекет меншігіне қайтарылып жатқанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.
Тексеру барысында су қорғау аймағында орналасқан бірнеше учаскенің заңсыз рәсімделгені анықталған. Аталған жерлердің кейбірі жоғары лауазымды шенеуніктердің, экс-президенттің туыстары мен ірі бизнесмендердің атына тіркелген.
Заңсыз жер бөлу науқаны 2000 жылдардың басында басталған. Сол кезде қала әкімдігі "демалыс орындарын салу үшін" гектарлап жер үлестірген. Кейін бұл учаскелер бірнеше рет сатылып, ықпалды тұлғалардың иелігіне өткен.
Мәселе депутат Бақытжан Базарбектің депутаттық сауалынан кейін көтерілді. Ол өз сөзінде жер телімдерінің көбі ресми құжаттармен рәсімделгенімен, олардың су қорғау аймағында жатқанын атап өткен.
Комитеттің мәліметінше, тексеріс нәтижесінде көлемі 1 гектардан асатын бір учаскенің Болат Назарбаевтың атына рәсімделгені анықталған. Тиісті учаскелерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.