Ауылдың таңғы тыныштығын әйелін ақырға тығып төмпештеп сабап жатқан Тазбай бұзды. Былтыр көктемде қайыған түйесі бошалап кетіпті.
Тайлақ
1,549
оқылды

Үйінде екі қара іңгені бар. Жыл сайын алма-кезек боталайды. Бұл үйдің шұбаты үзілмейді. Түйесінен айырылып қалған Тазбай ашуын қыздай қосылған Тәрбиядан алды. Сабамай қайтеді, ауылда түйе шөгеру машақат қой. Былтыр Сабанбайдың бурасына қызметі үшін 5 сом беріп әрең дегенде қайытып еді. Таяқ жеп саққа аунаған әйелі ақырдан әрең тұрды. Шөптің қалдықтары денесіне тікендей қадалып тұр. Бір апта бұрын көгерген көзі жазылып қалған еді. Тағы жаңа дақ түсті. Еріндері буаз сиырдың сарпайы құсап дордиып ісіп кетіпті. 

– Енді тағы қол көтеретін бол­саң, төркініме тайып тұ­рамын, – деді өксіп. Бірақ кетпейді. Ауылда байларынан үй біріншілеп таяқ жейтін қатындар көп. «Ажырасып кетіпті» дегенді естімедік. Ашуланып жүріп-ақ алты бала туып тастайды. Тәрбия қайратты. Бір өзі қауға шелекпен құдықтан су тартып екі астауды толтырады. Күшін күйеуіне көрсетпейді. Шаруаға жұмсайды. 

– Жан керек болса түйені тауып әкел, – деді Тазбай «сали­дол» сіңген майлы жұдырығын түйіп. Ашуланып, қораның жа­нында қыстай үйілген қарабураға қадалып тұрған айырды жұлып алды. Тәрбия шошып кетті. Алды-артына қарамай, інгенше қайқаңдап тайды. Ол әрі кетсе ауылдың шетін бір айналып келеді. Бошалаған түйе алысқа қашады. Ақыры, Тазбай бір күн жүрсе, үш күн тұратын трак­торымен өзі іздеп жолға шықты. Екі тәулік дегенде Тұмалыкөлден тапты. Жетпіс шақырым жер. Қара іңген талтайып ботасын емізіп тұр. Әйтеуір, биыл шұбат­сыз қалмайтын бол­­ды. Се­ксен­ге келген ше­ше­сі Ми­із­гүл осы ақ ішкеннің ар­қа­сында күш-қуаты та­сып той-садақадан қал­майды. Ауыл­ға сыйлы әже. Көр­шінің қойы төлдеп, қозысын алмай қалса, осы кісіге келеді. Қозыны теліп береді. Яғни, қайта туғы­зады. 

Әсіресе, тоқтылар туға­нын білмей тұра қашады. Қашаған қойды әжей жерге жатқызып, аяқтарын байлап, аузын сыммен керіп тастайды. Көзіне тұз бүркеді. Бір-екі күннен кейін бауырмал бола қалады. Тіпті, керек десең, жетім қалған қозыны екінші қойға егіз қылып теліп береді. Ал шалы Қайрақбай еркек төлді тарт­тырады. Ірі малды пішеді. 

Айтпақшы, сол далада туған бота қызық болып өсті. Жүріс-тұрысы біртүрлі. Тайлақ болғанда тіпті қатырды. Өріске айдасаң, ауылдың түйелеріне қосылмайды. Көгалда шыбын­дап жүрген жылқылармен жайылады. Қанша рет айдап түйелерге апарып қосты. Қайтып барады. Содан Тазбай ауылдың мал дәрігері Қамшы­бектен барып ақыл сұрайды. 

– Қамеке, тайлағым түйеге қосылмайды. Жылқылармен жайы­лады. 

– Ымм, адамдар сияқты малдарда кейде өзінің кім екенін білмейді ғой, – деді ол күліп. 

– Рас айтамын, ойын емес, – деп Тазбай ағынан жарылды. 

– Шамасы, тайлақ өзін жылқымын деп жүр-ау. 

– Қалай? 

– Солай. 

– Ау, тайлақ жайылғанда табанына қарамай ма? 

– Түйенің мойны ұзын аяғын көрмейді, – деді Қамшыбек. 

– Енді не істеуім ке­рек­? 

– Үйіңде үлкен айна бар ма? 

– Шифонердікі болмаса басқа жоқ. 

– Сол жарайды, айнаны тайлақтың алдына әкеліп өзін көрсет, – деді мал дәрігері. Тазбай тайлақты ұстап алып қораға байлап қойды. Жатын бөлмесіне кірсе, шифонердің алдында Тәрбия көгерген көз­де­ріне қаздың майын жағып отыр екен. Кеше ол Тазбайдың мал соя­тын пышағын көршісіне бе­ріп жіберіпті. Сол үшін бір-екі «удар» алған еді, Күйеуі айнаны жұлып алды. 

– Аманшылық па? – деді әйелі. 

– Жүр, қораға…

– Қорада не бар? Енді айнаға қарауға да болмай ма? – деді қорқып. Өйткені күйеуінің ақырға алып ұратынын біледі. 

– Тайлақты айнаға көрсе­теміз? 

– Неге? 

– Жаңа мал дәрігер айтты, ол өзінің түйе екенін білмейді екен ғой, – деді. Тәрбия аң-таң болды. 

Екеуі қораға барды. Ши­фо­нердің айнасын тайлақтың ал­дына ұстап еді. Тайлақ сұлбасын көріп үркіп кетті. Өтірік расы қайдам, осыдан кейін жылқы малына жоламайтын болыпты дейді. 

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН, 

Ақтөбе қаласы