Президент Парламенттік реформаны жүзеге асыруда асығыстыққа жол беруге болмайтынын айтты.
Бір палаталы Парламентке өтуді мұқият ойластырып, байыппен  жүргізу қажет – Тоқаев
362
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысында пропорциялық жүйе арқылы жасақталған Парламент саяси диалогты нығайтып, популизмге емес, нақты кәсібилікке басымдық беретінін атап өтті,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Заң шығару жұмысын жақсартудың жаңа тетіктерін енгізу аталған үдеріспен қатар жүруі қажет. Мұны халықаралық тәжірибе де көрсетіп отыр.

Бұл ретте болашақ депутаттар корпусының білімі мен білігі маңызды факторға айналады. Олардың қатарында нағыз кәсіби мамандар болуы керек. Парламент кәсіби болуға тиіс. Бұл – өте маңызды міндет. Парламентті пропорциялық жүйемен, яғни партиялық тізіммен жасақтау туралы ұсыныс дәл осы міндеттен туындап отыр. Бір палаталы Парламентте партиялардың көп болуы саяси диалогты кәсіби негізде өрбітуге ынталандырады. 

Жаңа жағдай партия жұмысына тың талаптар қояды. Демек, популизм цифрландыру кезеңінде маңызды рөл ойнамайды, керісінше, кәсібиліктің бәсі жоғарылай түседі», – деді Тоқаев.

Президент Парламенттік реформаны жүзеге асыруда асығыстыққа жол беруге болмайтынын айтты.

«Парламент – Тәуелсіздігімізді және мемлекеттігімізді айшықтайтын маңызды құрылым. Бұл ешқашан өзгермейтін ақиқат, алдағы уақытта да солай болып қала береді. 

Жалпы, реформаның негізгі мақсаты, соған сәйкес істелуге тиіс жұмыстың бағыт-бағдары туралы Жолдауда кеңінен айтылды. Референдумға дейін атқарылатын жұмыстың бәрін мұқият ойластырып, байыппен жүргізу қажет. 

Білікті мамандар өз ойларын ашық айтып, тиімді ұсыныстар беруі керек деп санаймын. Түпкілікті шешім, яғни қоғам пікірі дұрыс болуы үшін осы мәселеге қатысты айтылатын әрбір ой-пікір де әбден тексерілген, екшелген, жан-жақты сарапталған болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан Жұмыс тобы өз міндетін нағыз кәсіби ұстанымға сай атқаруға тиіс. 

Атап айтқанда, е-Otinish  және  еGov  порталдары арқылы келіп түскен барлық ой-пікірді сараптап, зерделеу қажет. Біз Әділетті мемлекет ретінде әр азаматтың ортақ іске пайдалы болатын ұсынысын ескеруіміз керек. Ата заңға енгізілетін әрбір өзгеріс мұқият пысықталып, дайындалуға тиіс. Әр баптың, әр норманың мән-мағынасына терең бойлаған жөн, яғни құқықтық, процедуралық мәселелерді нақты айқындап алуымыз қажет. 

Бұдан бөлек, басқа да көптеген мәселе пайда болуы мүмкін. Қысқасы, алдымызда тұрған шаруа өте ауқымды. Жұмыс тобына үлкен сенім артылып отыр. 

Істеріңізге сәттілік, табыс тілеймін!», – деді Мемлекет басшысы.