Ақтөбеде «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Тең мүмкіндіктер» атты балалар инклюзивті спорт фестивалі өтті. Іс-шараға өңірдегі 47 білім беру ұйымынан 144 оқушы қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Фестивальда 5-8-сынып оқушылары үш спорт түрі – бочча, жеңіл атлетика элементтері және көңілді старттар бойынша сайысты. Барлық кезең қатысушылардың жеке ерекшеліктеріне бейімделіп ұйымдастырылды. Бұл әр балаға өзін көрсетуге және жарысқа қатысудан жағымды әсер алуға мүмкіндік берді.

– Президент Жолдауында мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғамға бейімдеуге ерекше мән берілген. Бұл орайда «Тең мүмкіндіктер» спорт фестивалінің рөлі орасан. Мәселен, үйден білім алатын мүмкіндігі шектеулі балалар спорттық сайыста сыныптастарымен ойнайды, олармен теңеседі. Бір сәтке болса да өзінің мүмкіндігі шектеулі екенін ұмытады. Ал бочча спорт түрі балалардың ойлау қабілетін, есте сақтау қабілетін дамытады, қолдың жұмыс істеуіне әсер етеді. Менің балам осы спорт түріне бір жылдан бері қатысып жүр. Көптеген турнирге бардық, – деді Райымбек Бергалин.

Спорттық сайысты ұйымдастырушылар қатарында «AMANAT» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы, партия жанындағы Әйелдер қанаты, облыстық білім, дене шынықтыру және спорт басқармалары бар.

– Ақтөбе облысында 5 500-дей мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оларға қоғам болып барлық жағдайды жасауымыз керек. Оның бір көрінісі бүгінгі фестиваль болды. Бұл шара мүмкіндігі шектеулі балалардың белсенділігін арттырады, дені сау құрдастары арасындағы достық байланысты нығайтады. Осы орайда «АMANAT» партиясы мақсаттарының бірі – әділетті қоғам құру, – деді облыстық мәслихаттағы «AMANAT» фракциясының жетекшісі Күлпаршын Айдарханова.

Айта кету керек, фестивальдан жүлделі орын алған 10 командадағы 30 бала Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде бақ сынайды.








Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.