Қарағанды облысында Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы дек­ларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған мерекелік онкүндік басталды.
Өңірде онкүндік басталды
1,590
оқылды

Бұл мерекеге орай өңірде 350-ден астам іс-шара өтеді. Олардың қатарында мәдени-көп­шілік, патриоттық, қайырымдылық және әлеу­меттік бағыттағы жобалар бар. Сондай-ақ әлеу­меттік маңызы бар нысандар ашылып, тұрғын үй­лердің кілті табысталады. Осыған орай мерекелік шара­лардың мазмұны мен өту барысы облыстық ап­параттық кеңесте талқыланды. 

– Республика күні – халқымыздың тәуелсіздігі мен бірлігінің нышаны, еліміздің басты ұлттық ме­рекесі. Сондықтан барлық іс-шара жоғары ұйым­дастырушылық және мазмұндық деңгейде өту­ге тиіс, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкі­мі Ермағанбет Бөлекпаев.

Мерекелік іс-шаралардың қалай өтетіні туралы об­лыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұр­лан Бикенов баяндады.

– Облысымызда Республика күні мен Тәуел­сіз­дік декларациясының 35 жылдығына арналған іс-шаралар 15 қазаннан басталды. Облыстық жос­пар­ға сәйкес, 350-ден астам іс-шара өтеді. Барлық ша­ра Republic Day брендімен ұйымдастырылып, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлауға ба­ғытталған. Мәдениет мекемелерінде көрмелер, әде­би кештер, театрландырылған қойылымдар ұйым­дастырылмақ. Мектептер мен колледждерде эссе, сурет байқаулары, сынып сағаттары өтеді. Жо­ғары оқу орындары мен колледждерде пікір­та­лас турнирлері, дөңгелек үстелдер, спорттық жа­рыс­тар ұйымдастырылады. Кәсіпорындарда еңбек ар­дагерлері мен үздік қызметкерлер марапатталады. «Туымыз төрімізде» акциясы аясында барлық елді ме­кенде мемлекеттік Ту ілінді. Әлеуметтік же­лі­лер­де «Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық чел­ленджі басталды. Қазірдің өзінде 100-ден астам бей­неролик жарияланды, – деді Нұрлан Бикенов.

Мерекеге орай аймақта ауыл шаруашылығы жәр­меңкелері жалғасуда. Онда өнімдер тұр­ғындарға нарық бағасынан төмен құнмен ұсы­нылады. Ауылдық елді мекендерде жаңа ме­дици­налық нысандардың ашылуы жоспарланған. Шет ауданының Мойынты кенті тұрғындарына жабық фут­бол стадионы сыйға тартылады. Ал Нұра ау­да­нында дәрігерлерге қызметтік пәтер кілті табыс еті­леді. 

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бас­қармасының басшысы Әнуар Төлеубеков Рес­публика күнінің қарсаңында облыстың қалалары мен аудандарында ауыл шаруашылығы жәрмең­ке­лері жалғаса беретінін мәлімдеді. 

– 19-30 қазан аралығында Республика күніне орай ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері облыстың 14 қала және кентінде өткізіледі. Жәрмеңкеге 7 ау­данның ауыл шаруашылығы құрылымдары мен өңдеу кәсіпорындары өнімдерін белгіленген кесте бойын­ша жеткізеді. Жалпы, жәрмеңкелерде 600 тон­надан астам өнімді, соның ішінде 110 тоннадан ас­там ет, 300 тоннаға тарта картоп, 96 тонна кө­кө­ніс, 30 тоннадан астам сүт, 27 тонна шұжық өнім­дері, 12 тонна балық, 335 мың данадан астам жұ­мырт­қа және 36 тоннаға тарта басқа да өнімдерді сату жоспарлануда. Өнімдер өңірімізде қалып­тас­қан орташа нарықтық деңгейден 15-20%-ға арзан ба­ғада сатылуын жергілікті әкімдіктер қадағалай-ды, –  деді Әнуар Төлеубеков.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама бас­қармасының басшысы Ғалымжан Өтелбай мәдени іс-шараларға тоқталды. 

– Республика күніне арналған онкүндік бас­тал­ды. 20 қазанда Теміртау қаласында патриоттық ән байқауы мен музейлік квест өтеді. Ал 21 қазанда об­лыстық балалар кітапханасында әдеби-музы­калық кеш ұйымдастырылады. 20-23 қазан ара­лығында «Сарыжайлау» кинотеатрында тақырып­тық бейнероликтер көрсетіледі. 25 қазанда Темір­тауда балалар мен жасөспірімдер театры спек­такль­дер қояды. 26 қазанда арнайы форматтағы мәдени кеш­тер өтеді. Басты іс-шара – 24 қазанда сағат 16.00-де С.Сейфуллин атындағы қазақ драма теат­рын­да өтетін салтанатты жиын. Концертте елі­міз­дің тарихи жолы мен бірлік идеясы көрініс табады. Бағдарламада театрландырылған қойылымдар, патриоттық әндер мен би назарға ұсынылады. Концертке Ренат Ғайсин, Секен Тұрысбеков, «Ала­шұлы» тобы, Рухия Байдүкенова, Ербол Тәжі­баев, Айгерім Бекетаева және Ғалымжан Нұр­мұхамед қатысады. Мерекелік шаралар барлық санат­тағы тұрғындарға, соның ішінде мүмкіндігі шек­теулі азаматтарға қолжетімді форматта өткі­зіледі, – деді Ғалымжан Өтелбай. 

Айта кетер жайт, Республика күні сағат 11.00-де об­лыстың қалалары мен аудандарының орталық алаңында ел Әнұраны шырқалып, мемлекеттік Ту кө­теріледі.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы