Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Даналыққа тағзым
566
оқылды

Авторы: Қыр гүлі

 

Қалам тартар қазақта ақын туса,

Аруағына Абайдың қарайлаған»

М. Мақатаев

 Тұғырынан құламай, тұнып тұрған тұмадай,

Бар қазақтың бағына жаратылған ұлы Абай.

Жер бетінің жүзіне жарық шашып тұр бүгін,

Ұлылықты тербеткен қасиетті Жидебай!

 

Даралық та осында, даналық та осында,

Ғаламаты жететін ғасырлардан ғасырға.

Ауасынан нәр тарап, топрағынан рух бітер,

Бір рет келген адамға Жидебайдың басында.

 

Ақындардың, себебі, Абай жалғыз, дарасы,

Даралыққа заманның жоқ та шығар таласы!

Қара ниет қоғамда толастаған заманда

«Толық адам» болуға жеткізетін жол осы.

 

Осы жолмен теңеліп, бой түзеумен келеміз,

Осы жолмен өсуде ой түзеумен өреміз.

Заманалар өтсе де, Абай сөзі өлмеген,

Сол арқылы танылып, көк тіреген төбеміз.

 

Көсегесі елімнің Абайменен көгерген,

Тектіліктің бойлаған түп-тамыры тереңнен.

Құнанбайдай әкенің тағылымын сіңіріп,

Зере, Ұлжан анамның мейріміне бөленген.

 

Кеудедегі бойтұмар – ақын сөзі, ол анық,

Бар қазаққа тұратын тамыр үзбей таралып.

Туған елдің тұғырын тура бастап тұр әлі

Алыптардың алыбы, ұлы Абайдай даналық!