Авторы: Кербез
Жаздың екінші айының алғашқы он күні өтті де, кетті. Шыжғырып тұрған ыстықтан Алматының асфальт төселген жолдары да қызып, табан тигізбестей күнге күйіп тұр. Сұлтан мен Қымбат сол ыстықта түс ауа емханадан шығып, үйге қарай қол ұстасып бет алған. Ұнжырғалары түсіп кетсе де, бір-бірлеріне білдіргісі келмей, езу тартып, жымиып қояды. Сұлтан мен Қымбаттың отау құрғандарына тура 3 жыл болыпты. Бірақ Қымбаттың пұшпайы қанамаған, отауларынан сәби үнін есту армандары болатын. Таныс тамырдың, көрген көздің сұрайтын жауапсыз сұраулары да сол болды.
Құдай бермеді емес, берді, тек жатырдан тыс жүктілік болып, 3 жыл бұрын Қымбат жүктілікті тоқтату үшін пышақ астынан бір-ақ шыққан. Сол дұрыс емес жүктіліктен кейін тоқтамай емделіп, 2 рет ота жасатып, дәрігерден алған емдері жүктілікке әкелмегесін, тәуіп-бақсының да табалдырығын тоздырған. Кім не айтса соған сеніп, ырым-жорамалдың бәрін жасап көрді. Бірақ армандары алыстамаса, жақындамағандай. Ғылым жолына сеніп, ендігі бар үміттері – экстракорпоральды ұрықтандыру. Бұл дегеніміз бедеулік есіктері қақпаған адамдарға таңсық та, таңырқай қарайтын әдіс, ем еді. Жасанды ұрықтандыру дегеніміз әйел мен ер адамның жыныс жасушаларын (жұмыртқа мен шәует) адамның ағзасынан тыс, яғни, арнайы зертханалық жағдайда ұрықтандырылып, содан кейін эмбрион әйелдің жатырына орналастырылатын, қисынсыз, түсінуге қиындық туғызатын медицинаның даму жолы.
Бірақ бұл жолы да ЭКҰ арқылы сәби сүйеміз деген үміттерінің де екінші рет жасаған талпыныс жолдары сәтсіз аяқталып, орта жолдан қиылып, үйге жағымсыз жаңалықты алып келе жатқан ерлі-зайыпты Сұлтан мен Қымбат болатын. Үйде Сұлтанның жасы алпысқа таяған әкесі мен көрген көзі елуге әлі жете қоймаған шешесі екеуін тағатсыздана күтіп отыр. Қымбаттың тығырыққа тірелетіні де, оларға қалай, не деп айтарын білмей сасқалақтайтыны да осы еді. Бірақ, үйге аяқ басқаннан-ақ әке-шеше ұққандай, ләм-мим демей, теледидардағы түрік сериалын көруін жалғастыра берді. Қымбаттың үстінен жүк түскендей болғанмен, үнсіздік те бір ренішті білдіретіндей ішін өртеп кетті. Өз бөлмесіне барып, төсекке сұлады. Қанша Сұлтанға білдірмейін десе де, Қымбаттың жүрегі тілгіленіп жатқандай болды. «Мүмкін, жұрттың айтқаны рас шығар?! ЭКҰ жолымен бала көтеру Құдайға қарсы шығу шығар?!» деп ойласа, біресе «Соншалықты не жазып қойдым?!» деп өз-өзін ақтап алатыны да бар. Амал нешік, тығырықтан шығудың әр жолын іздеп, ойланып-толғанып, Сұлтанға:
– Донарлық аналық жасуша алайық, менің АМГ гормонымның көрсеткіші төмен болғандықтан, эмбриондардың сапасы да төмен болып, дамып кете алмай жатыр, – деді Қымбат (АМГ – антимюллерлік гормон, әйелдің аналық без қоры мен ұрықтану қабілетін көрсететін негізгі гормон). Сұлтан қарсы шықты:
– Жоқ, ондайды айтпа, менің тек сенен ғана бала сүйгім келеді, сен екеуіміздің ортақ… – десе де, оның «бала деген арманыма жете алмай кетем-ау?!» деген қорқынышы да жоқ емес.
– Қалай болса да, кімдікі болса да, адал жолмен дүниеге келетін бала ғой. Менің ішімде, менің қаныммен, жаныммен өсіп, менің сүтіммен ет жинайтын бала болады. Олай болса, біздікі емей, кімдікі?! Оның үстіне ДНҚ қорытындысы да менің оның анасы екендігімді растайды екен, – деп Сұлтанға сенім ұялатқысы кеп, Қымбат сөзін аяқтады. Бірақ өзінің сурагатты ана рөлін атқаратынын, ДНҚ талдауы «анасы емес» екендігін көрсететінін нақты білетін. Жүкті болу бақытын сезгісі келді ме, белгісіз, бар ойы солай шешім қабылдап, күйеуін көндіру ғана болды. Осындай шешім қабылдағаннан бастап, Қымбаттың түнімен жылауы да сап тыйылды, жаратқаннан бала сұрауды да қойды. Тек сенді, Құдайға сенді, осы жолғы шешімінің ЭКҰ мүмкіндігін сәттілікке жеткізетініне сенді.
Ертеңгі күні барып-ақ, дәрігеріне тоқтаған шешімдерін Сұлтан екеуі бірге барып айтты. Дәрігер бұл шешімдерін құптап: – Өте дұрыс! Бірақ бұны құпия ұстаңыздар! Ешкімге тіс жармаңыздар! Екеулеріңізден басқа донорлық жасушаны қолданғандарыңызды ешкім білмесін. ЭКҰ әдісі арқылы бала көтерудің өзі адамзатқа әлі таныс емес, қорқатындай жағдай ғой. Ал сіздерде, тіпті, донор екенін естісе, ешкім түсінбейді. Құрсаққа бала бітіп жатса, ең қиыны сол балаға ауыр тиеді. Ендігі біздің келесі қадамымыз – донорды табу, – деді. Донорлы аналық жасушамен бала көтерем деп шешім қабылдау да, лайықты донорды табу да оңай іс емес еді. Зертхананың мұздатқышында сатылымда тұрған аналық жасушаларды сатып алмастан бұрын, ерлі-зайыптылардың өздері келіскен адамы бар ма немесе әйелдің әпкесі, не сіңілісі болса, донорлыққа келісіммен аналық жасуша алынатын.
Қымбат төрт ағайынды, екі інісі, сіңілісі бар. Сіңілісі – Гүлжайна – отау құрмаған, күйеуге шықпаған қыз. Ал донор болу үшін кемінде бір баласы бар әйел адам керек. Сіңілісі шүбәсіз келісетіндігін білсе де, оның болашағын ойлап, Сұлтан қанша айтса да «жоқ» деді. Егер сіңілісі донор болса, бала да өз қаны болатынын білсе де, сіңілісі кейін отбасын құрса, кесірім тиіп кете ме деп, өз басына түскенді сіңілісі көргенін қаламады.
Дәрігері Қайрат Саматұлы екі мәрте сәтсіз ЭКҰ-дан кейін пациенті Қымбаттың күйін көріп, үшінші мәрте ЭКҰ мүмкіндігін сыйлыққа, тегін жасатуды ұсынды. Онсызда 3 ай уақыт ішінде жасатқан ЭҚҰ-ның екі жолы да сәтсіз болып, көңіл-күйлері түсіп, үшіншісін жасатуға қаражатты қайдан аларын білмей отырған жастарға бұл ұсыныс үлкен қуаныш сыйлады. Екі ЭКҰ қалталарына бірталай ауыр келген-ді. Бұл әдістің ем-шарасы да, дәрі-дәрмегі де арзан тұрмайды. Бірінші жолғысына Сұлтанның әке-шешесі бір миллион теңге берсе, екінші жолғысына екеуі демалыс еңбекақыларын қосып, тиындап жинаған болатын.
Қайрат – жасы елуге таяған, кең иықты, сұңғақ бойлы, аққұба келген, төбе шашына ақ кіруімен бірге түсуі де жиілеп тазы бастанған, көкшіл көзді ер адам. Үйіне барғаннан гөрі жұмыста жүргенді жаны сүйеді. Таңдаған мамандығынан қателеспеген адамға күнде алдына қанша әйел, қанша ерлі-зайыптылар орындалмас арманға айналған үмітпен келетін. Өзінің үш баласы болғандықтан, бала дегеннің қанша қаражатты, уақытты, назарды, жауапкершілікті талап ететіндігін білгендіктен, адамдардың не үшін бала сұрап келетіндігін түсіне алмайтын. Бірақ әр пациенттің арманы орындалып, үміттері ақталып, тар құрсақтары кеңіп сәби біткенге дейін жеткізу үшін жанын салатын. Әр пациентке жоба ретінде қарайтын және сол жобаны аяғына жеткізіп, жеңімпаз болу – оның алдына қоятын мақсаты. Осындай қызығушылықпен бе немесе жұмысына басқаша көзбен қарағандықтан ба келген адамның сұрауы жауапсыз, алғыссыз қайтпайтын.
Қымбат қайынапасы Гүлшатпен ең бірінші келгеннен-ақ Қайрат Саматұлына ұнаған. Жо-жоқ, әйел ретінде емес, адам ретінде. Қайраттың көзіне мейірімді жан секілді көрінді. Алты ай бойы кезекті күтіп, пышақтың астынан кеше ғана шыққан Қымбат қанша қиналса да, үмітке толы көзімен дәрігерге қарап:
– Кеше ота жасалынып еді, бүгінге ауруханадан жіберу үшін емім аяқталмаса да, өтініш жазып шықтым. Бүгінгі қабылдауыңызды өткізіп алсам, тағы алты ай сіздің алдыңызды көре алмай кетем бе деп ойлап, сауықпасам да келіп тұрмын, – деді, бар әл-дәрменін жиып алып.
– Қандай ота? Не үшін жасалды?
– ЭКҰ хаттамасына сай, жатырдан тыс жүктілік қауіпін сейілту мақсатында жатыр түтікшелерін алғызып тастау үшін лапароскопия, жатырды тазалау үшін гистероскопия жасаттым, – деген кезде, Қайрат барлығына бой ұсынса да, өмірдің әділетсіз тосын сыйларынан түңілмеген, басқа да шығар жол іздеп, таппасқа қоймайтын, жасы небәрі жиырма бестегі қайтпас қайсар қызды көрді. Жап-жас болса да, өмірден көргені көп екені мөлдіреген жанарынан-ақ тайға таңба басқандай көрініп тұрды. Қынжылтқаны жас қыздың «бедеулік» деген диагнозбен алдына келіп тұрғаны еді. Сол бірінші кездесуден-ақ Қымбатқа ештеңені түсіндірудің қажеті жоқ екендігін бірден байқады. Отадан кейін тынығуын сұрап, он күннен кейін ғана қабылдайтынын жеткізді. Содан бері Қымбаттың дәрігерге келіп, кабинетінде бір, дәлізінде бір күтіп отыруы әдетке айналғалы алты ай өтіпті. Енді міне, үшінші мәрте емді басынан бастамақшы.
Екі рет сәтсіз ЭКҰ-дан кейінгі үнсіз жүзіне қарап, өз-өзін кінәлі сезінді. Сол себепті де үшінші мүмкіндікті өз қалтасынан сыйлық ретінде ұсынды. Оның үстіне донорлық аналық жасушаны таңдайтыны сәтті болу пайызын бір мәрте көтерді. Бірақ донор табу күрделі жұмыстардың бірі ғана. Дәрігер донор табуды өз мойынына алса да, анау-мынау адамның болғанын қаламады. Қымбаттың ботадай көздері мен белінен түскен қою қара, қалың тік шаштары, қараторы келбетінен бөлек, мейірімге толы, әрқашан шынайы күлкісі ғана көрінетін, қулығынан аңқаулығы басым, адамдарға сеніммен қарайтын әйел адамды іздеді. Донор болатын әйел де, ол жасушаны қолданғалы отырған пациент те бір-бірін білмеуі керек.
Келешекте келеңсіздіктер мен түсініспеушіліктер туындамау мақсатында. Бірақ Қайрат Қымбатты арнайылап шақырып алып, дәлізге диванға отырғызып, донорды алыстан өз көзімен көргенін қалайтын. Қымбаттың ем-шарасы болмаса да, дәлізде дәрігердің есігінен көзін алмай қарап отырушы еді. Әр шыққан әйелді осы ма дегендей дәрігерге қарата мойынын созатын. Дәрігерінің басын шұлғуының орнына шайқаюы көбірек. Қайрат Саматұлы мен Қымбат бір-бірін үнсіз түсінетін, тек екі айдай уақыттан кейін ғана лайықты донор табылды. Дәрігердің көңілінен шыққан донордың есімі – Назерке. Қымбат секілді қараторы болмаса да, мінез-құлқы, әсіресе, жүрегінің жұмсақтығы ұқсағандай көрінді. Ең басты жұмыс донор табылғаннан кейін, жұмыстың жартысы біткендей секілді. Солай процесс басталды.
Бірақ осы жолы Қымбат кіндігінің астынан гормональды дәрі екпелерін алмады, екі еселенген гормональды дәрі-діәрмектерді ішпеді, әр 5-10 күн сайын қан талдауларын тапсырмады. Бар шаруасы күту болды. Донорлық аналық жасуша басқа әйелден алынатын болғасын, зертханадағы қызметкерлердің шаруасы біткенше, яғни, жасанды ұрықтандыру жолымен жасушалар эмбриондарға айналғанын күтті. Назеркеден жеті аналық жасуша алынды. Зертханадан шыққан қорытынды нәтижесінде жетеуінің тек үшеуі ғана эмбрионға айналды.
Дәрігер өзінің ғылыми тілінде Қымбатқа эмбриондардың сапасы жайлы, сол үшін де тәуекел етіп жатырға екі эмбрионды салатынын түсіндіріп жатты, Қымбат ештеңені ұқпады, басын ғана шұлғи берді. Қалауы, барлығы сәтімен болып, тар құрсағын кеңейтіп, сәбиін қолына алып ана бақытын сезгісі келді. «Шешінген судан тайынбас» демекші, не десе де «иә» деп келісе беретіндей. Ата-енесінің де сөздерінен шаршаған, «өмірдегі бақыттың барлығы – балада» деп тұжырым қалыстасқан адам үшін ешнәрсе кедергі еместей еді.
Дәрігер Қайрат бұл мүмкіндік те сәтсіз болады-ау деген үреймен екі эмбрионды қатар жатырға салуды шешті. Біреуі болмаса біреуі дамыр, көп болса егіз туар, одан қалса бір эмбрион екіге бөлініп үшемге айналар, әйтеуір көптік етпейді ғой. Жатырға солай эмбриондар салынып, ендігі жұмыс, Қымбаттың ағзасы сол эмбриондарды қабылдай ма, соны күту еді. ЭКҰ-ның нәтижесін күту он төрт күн уақытқа созылатын-ды. Жүктілік сәтімен бола ма? Эмбриондар жатырға жабысып, дамуын жалғастыра ма? Осы сияқты сұраулардың жауаптары он төрт күннен кейін ғана белгілі болатын.
Қымбат жата-жата жамбасы шыққанша он күн төсектен тұрмады. Тамағында төсектен тұрмастан ішті, құдды бір мүгедектің халін кешкендей. Анасы хабарласып, тіпті дәретті горшокке отыруды ұсынды. Шамданып қана қоя салды, былайынша жақсы көңіл-күймен жүруге тырысты.
Он күн дегенде шыдамы таусылып, жүктілік тексеретін сынақты байқап көрді. Он күн бойы ғаламтордағы форумдардан әртүрлі оқиғаларды оқып, сынақтан пайда болатын сызықтарды күткен 10 секунды бір жылдай өтті. Бір сызық қанық қызыл түсті болса, екінші сызық жай ғана көлеңкеленіп тұр екен. Алыстан қарасаң сынақтан тек бір сызық қана көрініп тұр. Апыл-ғұпыл киіне сала, ешкімнің сөзін құлағына аспай, Қымбат асыға-үсіге такси шақырып, қан талдау орталығына ұшты. Жүктілікті қан арқылы тексеріп нақты көзін жеткізбекші еді. Қан талдауын тапсырып, оның қорытындысы екі-үш сағатта дайын болатынын біліп алып, үйіне келіп қайта төсегіне жамбастанды. Күткен сайын уақыт тоқтап қалғандай, үш сағат өтіп болғанша Қымбаттың жүрегі ауызына тығылып, құлағына әр соққан дүрсілі естіліп, осы мәртесі де сәтсіз аяқталса ше деген үрейі күшейе түсті. Үйтіп-бүйтіп үш сағатты да өткізді. Қан талдау орталығынан хабарлама келіп, жүктіліктің оң екендігі талдау нәтижесі көрсеткішінен көрініп тұрды. Бірер сәт сенер-сенбесін де, дене бойы тітіркеніп, не күлерін, не жыларын да білмей отырып қалды. Дәл сол бойда бөлмесіне енесі де халін білуге кіріп еді. Қымбаттың түр әлпетін көріп, сескеніп:
– Балам-ау, не боп қалды? Тыныштық па? Халің жақсы ма? – деп сұрады.
– Бәрі жақсы, мама, жай жүкті екенмін, – деп, енді есін жиғандай енесіне қарап күлімсіреді. Енесі Күләйша тіпті келінін бетін сүймек тұрмақ құттықтауды да ұмытып, қонақ бөлмеде отырған шалына сүйіншілетіп тұра жөнелді.
– Әй, Тоқтарбек, Тохан, сүйінші, немерелі болады екенсің?! Тілегің қабыл болыпты! – деп, Күләйша сүріне құлай шалына жетем дегенше, теледидар көріп отырған Тоқтарбек кемпірінен асып келінбаласының бөлмесіне қалай барғанын білмей қалды. – Ботам-ау, қарағым, құтты болсын! Айтушы ем ғой, адам асыққанмен, Алла асықпайды деп, Алла осы күнге жазған ғой. Аман-есен қолыңа алуды жазсын! – деді де, Қымбаттың маңдайынан шүлп еткізді. Тоқтарбек аяғы жерге тимей, қуанышы қойнына сыймай, қалтасындағы соңғы он мың теңгесін ала сала дүкенге жүгірді. Дүкеннен ақшасының жартысына жеміс-жидек алса, жартысына сатушының кеңесімен пайдалы деген шырындарды алып, екі дорбамен үйіне келді де, келініне ұсынды. Келіні Қымбатта қайынатасының ерекше ілтипатына риза болып, алғысын білдірді.
Сұлтан бұл кезде Астана қаласына іссапармен кеткен-ді. Сұлтанның мамандығы – дәстүрлі әнші, Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дәстүрлі ән бөлімін тәмамдаған. Өнер орталықтарына қызметке тұрмаса да, сахнаны ұмытпас үшін әртүрлі республикалық байқауларда бағын сынайтын. Сондай бір байқауы бар, Астанадағы Қазақконцертке жұмысқа қабылдануына тыңдалымы бар жол жүріп кеткен. Қымбат алыста жүрген Сұлтанға қуанышты хабарды қалай жеткізерін білмей, ақыры креативті жеткізуді қойып, ватсаптан жүктілік сынағын фотоға түсіріп «екі сызық» деп қана жазып жіберді. Кеудесіне, тұла бойына сыймай жатқан қуанышы «екі сызық» деген екі түйір сөзге сыйып кеткендей.
Сұлтанға да бұл екі түйір сөз жүрегін тоқтатардай күй сыйлап, көзінен қуаныш жасы еріксіз ыршып шықты. Өзінен асқан жер бетінде бақытты адам жоқ секілді көрінді. Соңғы рет дәл осылай Қымбатқа қолы жетіп, үйленген кезде жүрегі жарылардай қуанған. Бүгін сол сүйген әйелінен бала көріп, әке атанбақшы. Сұлтан Қымбатқа бір көргеннен қалай ғашық болса, сол ғашықтық сезімі әлі басылған емес. Жетіспеушілік те, кейбір келеңсіз жағдайлар да Қымбатпен отау құрғалы маңызын жойған. Тек қабырғасын қайыстыратыны, осы, бала мәселесі еді. Оған да Құдайдың қалауымен жетуге сәл қалды. Қымбат қараторының сұлуы болса, Сұлтан өңі ақшыл келген, түр сымбаты келіскен жігіттің сыбазы етін.
Ат жақты, қоңырқай келген шашы толқынданып бұйраланып келген, қастары мен кірпіктері қоңыр, көзінің қарашығының түсі құбылмалы қоңыр-сұр-көк түске жарық әсерінен ойнақшып тұратын. Мінезі қызуқанды, тез ашуланып, тез басылатын. Қымбат екеуі түйдей құрдас, қазір жастары 25-те. Жастық шақта әдемі емес адам жоқ шығар?! Екеуі қол ұстасып жүрген кезде, бұл жұпқа сүйсініп қарамайтын адам қалмайтын. Енді осы екі жастың ортақ шешіммен, қаншама талпыныс, ізденістерден кейін орындалмасы арманына қол жеткізбекші.
Дәрігері Қайрат Саматұлының Қымбат әр апта сайын қабылдауына барып, УДЗ түсіп, экран арқылы жүктіліктің 6 аптасында жүрек соғысын, 9 аптасында қабырғасы қалыптасып, сәбиінің адам кейпіне енгенін көзбен көріп отырды. Айтпақшы, жатырға салынған екі эмбрионның біреуі ғана жатырға орналасып, жүктілік тек бір эмбрионмен дамыды. Сегіз ай бойы Қымбат нәрестесін қолына алғанша, түрлі сынақтардан өтті. Аһілеп-үһілеп айы, күні жетіп шекесі торсықтай ұлды дүниеге әкелді. Жетті-ау?! Құдай-ау?! Қымбат та ана атанды-ау?! Сәбиінің нұр шашып дүние есігін ашқан сәттен бастап-ақ, донорлы аналық жасушаны қолданғанын әп сәтте ұмытты. Тек уақытша ғана ұмытты, басқа уайымы пайда болды. Қымбат ұлының биологиялық анасының тек есімін ғана білетін, қалған ақпараттарды білмеуі тығырыққа қайта тіреді. Бірақ бұл басқа әңгіме. Ұлының әлі ер жетуіне уақыт бар. Қымбат ол уайымының шешімінде табар?!
Сөздердің мағынасы:
ЭКҰ (экстракорпоральды ұрықтандыру) – әйел мен ер адамның жыныс жасушалары (жұмыртқа мен шәует) адамның ағзасынан тыс, яғни арнайы зертханалық жағдайда ұрықтандырылып, содан кейін эмбрион әйелдің жатырына орналастырылады. Жасанды ұрықтандыру.
АМГ – антимюллерлік гормон, әйелдің аналық без қоры мен ұрықтану қабілетін көрсететін негізгі гормон.
Эмбрион – бұл тірі ағзаның жұмыртқа жасушасы ұрықтанғаннан кейін пайда болып, белгілі бір даму кезеңіне дейін өсіп-жетілетін бастапқы күйі. Қарапайым тілмен айтқанда: эмбрион – болашақ ағзаның (адамның, жануардың, өсімдіктің) бастапқы дамып келе жатқан ұрығы.