Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: ИП
1,015
оқылды

Авторы: Қабусынама

 

Біреудің қуанышына қуанбау, іштарлық таныту Манапта бұрын соңды болмаған сезімдер. Қазіргі санасын улап, ми жағалауын толқындай ұрып жатқан ойларынан өзі жиіркенсе де, есепке құрылған мынау дүниеде олда дұрыс шығар деген нәпсісіне жағатын қорытындыға айналып тіреле берді. Он жыл отандасқан серігі, алты баласының анасы Әлияға бұл жайында айтарын не айтпасын білмей ары дөңбекшіп, бері дөңбекшіп ұйқысы келмей жатыр. Қасында жатқан күйеуінің қыбыр-жыбыры көбейіп кеткенін біліп олда не жәйт болғанын сұрамаққа ниеттеніп, өзінің тұрмысқа шыққалы күйеуіне қарата айтатын жұмсақ сөзін тістеріне соқтықтырмай  «Мәке» дей бергені сол еді, Манап әйеліне жалт қарап:

– Тғы бір бала тушы, деді.

Күйеуінің бұл қылығын түсінбеген Әлия алғашында үнсіз қалғанымен, кейіннен өзінің күлегештігіне басып сылқылдап шыға келді. Әйелінің бұл қылығын білетін Манап оған таңырқай қоймады. Керісінше осы сылқылдап күлетін тәтті қылығын ұнатып, танысуларына себеп болған осынау күлкісіне тағы бір сүйсіне қарады да:

– Шын айтып тұрмын, – деді

– Ойбай-ау, Мәке, қатырдың. Мұндайды әзілдеп айтушыма еді, шын айтып тұрғаныңды көзіңнен көріп тұрмын. Бірақ кенжеміздің қырқынан шыққанына үш күн енді ғана болды ғой. Сол қырық күн күткен жанартауыңды кеше атқылатып қызуыңды басқан секілді едім. 

Манаптың бұл жолғы ойы құмарлықта немесе тағы да бала сүйсем, көп балалы әке болсам деген арман емес екенін Әлия ұға қоймады.

– Ұл қызы бар бас аяғы алты балаға әке атандырдың. Құдайдың бергеніне разымын. Асып тасып бара жатпасақта әйтеуір өмір сүріп жатырмыз. Күміс көрінді енді «Алтынның» ауылы да алыс емес, бір әуп десек болды. Алтын алқалы ардақты ана болып отырмайсың ба, үкіметтің берері де аз емес. Бұған қалай қарайсың?

– Өзімнің де ойым бар, тумай жүрген бала ма, құдай денсаулық берсе туам уайымдама, Мәке... – деп күйеуінің бетін алақанымен сипалаған Әлия алтыншы баласын қолына алған сәтте-ақ күміс алқаны қомсынбай Алтынға ойы кеткенді.

Алла әркімге әртүрлі қасиет береді ғой. Бір жағынан асып тасып жатса, енді бір жағын қысып қалып жатады. Әлия қыз кезінен ірі денелі, аяқ қолы балғадай болатын. Манаптыңда тұқымымды ірілетемін деп іздегені сол еді. Мектепті бітіре салысымен балаларының  оқуға зауқы жоқ екенін әрі әскерге бойы мен салмағы сәйкес келмейтіндігін білген әке-шеше Манапқа «өмірлік серігіңді тауып бір басыңды екеу ет, қалғанын сол адаммен бірге көре жатарсың» деген. Манап көш алдына шыққан пысық болмаса да, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін біліп, ақ-қараны ажырататын түзу көзқарастағы жігіт еді. Мектеп қабырғасында ешкімнен анау айтқандай зорлық көріп таяқ жей қоймасада, жігіттік танытып, жаға ұстаса қалған кездерінде әлі келмей бір боқтанып алатында «осыдан дәу қатын аламын, сол кезде балаларым ірі болып ұрғанын қайта тұрғызбайтындай мықты болады» деп айтып жүретін. Кейін онысы шынайы мақсатына айналып әке-шешесі үйлен деген кезінде ірі денелі қыз іздеуге кірісті. «Ілмиіп алып арамызда бірінші үйленетін осы болды» деп сыныптастары әзілдей қарағанымен, қыз іздеу жағынан көп көмектесті. Отызжылдық ауылында көкпаршы Серіктің биыл мектеп бітіретін қызы бар екенін алғаш біліп және таныстырудың да жолдарын жасаған сол сыныптастары болатын. Түркістандағы кішігірім кафелердің бірінде қыз бен жігіт алғаш жолықты. Жүз жерден ішкі жан дүниесі бірінші орында дегенмен адам сезімінің оянуына алғашқы түртпек болатын ол әрине сырт келбеті ғой. Екеуі де бірін-бірі сыртай естіп, құлағдар болып келгенімен, өздері елестеткен пошымнан әлде қайда асып түскенін көргенде таңқалыстарын жасыра алмады. Манап ірі қыздан тіпті іштей қорқып та қалған болатын.Бәлкім осы жерден таныстықты тоқтатармын деген ойы келмеді емес келді, тіпті солай жасамақ болды. Алайда, Әлия өзін ұстай алмай «–әй жігіт сен не менен қорқып тұрсың ба?» деп нәзік үнмен сықылықтай күліп жіберді. Әлияның тәтті күлкісін естіген сәтте ғана Манап қарсы алдында тұрған ірі денелі, білегі мен балтыры жуан қыздың шынында нәзік жанды екенін ұғып, ұзын қалың қара шашты және көздері де тұнық қара екенін сонда ғана байқады. Анықтап қараған сайын Әлияға ғана тән жарасымды сұлулықты кеңінен аңғарды.

Әлияны жігітпен кездесуге дайындаған жеңгелері үйдегі күлегештігіңді отырыста көрсетпе, танысуға келген жігіт, наша шеккенбе әлде жын соққан ба деп ойлап қалып жүрер деп ақыл айтқан. Және сол ақылды жүзеге асырмақ болып Әлияның дайындығы да аз болмаған еді. Жеңгелерінің кеңесімен кескен томардай болып езу тартпай отыра бергенінде, бәлкім таныстық ойдағыдай болмас па еді, алты бала дүниеге келмес пе еді, кім білсін?! Әлияның анасы «ботам-ау не болса да шынайы бол, жігіттенде шынайылықты көрген кезде ғана шешім қабылда. Қыз кезінде бәрі жақсы жаман қатын қайдан шығады деген тұрмыстық философияның жауабы жасандылықта. Сыртқы кемшілік көзге сүйелдей болып көрінгенімен, ішкі кемшілікті біраз уақыт жасырып ұстауға болады, алайда ол түптің түбінде бұлтсыз түнгі толған айдай шақшырайып анық көрінеді» – дейтін. Көпті көрген ананың осынау көреген сөздері алтынмен парапар еді. Әлия да Манаптың бойынан алғашқы кездесуде қоспа қосылған  жасандылық көре қоймады. Жалпы келгенде жасандылық пен көз бояйтын адами әртістік Манаптың қанында о бастан болмаған. Қалай бар солай жүретін.

Екі жас келісті, құдаларда білісіп бас изесті, сонымен, алып қашты. Бірі онсегізде, бірі онжетіде болып жастай шаңырақ көтерген жұпқа таныс-тамыр, туғандар сырттай бақыт тілеп жымия қарағанымен, іштей «пішту бір-бірін қайдан тауып алған, ой тоба Құдай да қоса береді екен-ау адамдарды, отбасы болып кетулері ай қиын-ау, қиын» деп бас шайқап жатты. Ешкімнен ештеңені дәметпей қол ұстасып бір бағытқа қараған жұп, даңғыл жолға түсіп уақыттың ағымымен жүре берді. Әлия алтын құрсақты болып бірінен соң бірін туа берді. Сол дүниеге келген бөбектердің несібесіне орай Манап Трансформатор заводынан тұрақты жұмыс тауып, тапқанын әйелінің қолына салып отырды. Әлия болса аз демей, көп демей берекесін кіргізіп жөнімен жұмсап шаңырақтың түтінін түзу етті. Бесінші бала дүниеге келген кезде өздерінің азды көпті жинағаны бар, құдалардың қосқаны бар орталықтан бір бөлмелі пәтер алып қоныстанды. Бұл бір бөлме болғанымен мың бөлмеге татитындай қуанышты жәйт еді. Манап пен Әлияның шаңырағындағы бақыттың кілті біріне-бірі деген құрметте, сүйіспеншілікте және ең бастысы Алланың разылығында еді.

Манап намаз оқымайтын, Құраннан Фатиха мен құлқуалланы ғана біледі. Бірақ ісінің бәрін Аллаға тапсыратын. Маңдайы сәждеге тимесе де, бар керегін күн демей түн демей бір Алладан сұрайтын. Сонысына ма жоқ әлде ер мен әйелдің ынтымағына разы болғандықтан ба әйтеуір Алла бұлардың шаңырағына береке беріп қойды. Көзбен көргенге бір бөлмелі пәтерде тұратын көпбалалы отбасы жұпыны болып көрінгенімен шынайы бақыт  солардың шаңырағында еді. Ерлі-зайыптылар жүз шайысып көрмеді.  Манап үйінен қуанышты күйде шығып, қуанышты күйде оралатын.

Осы жолғы оралуында ғана сәл өзгеріс бар еді. Ол дүниеге деген көзқарасының өзгеруі еді...

– Өзімнің де ойым бар, тумай жүрген бала ма, құдай денсаулық берсе туам уайымдама Мәке... деп күйеуінің бетін алақанымен сипалаған Әлияға Манап.

– Жалғастың әйелі қыз босаныпты, – деді. Әлия шынайы қуанып:

Құтты болсын, кеше ғана Маржанмен сөйлескенімде әлі толғағым келмеді деп жатыр еді. Аман-есен қолына алаған екен ғой. «Класстас абысындар» деген ватсап группа неге үнсіз жатыр екен, өзім сүйінші сұрап шулатайыншы деп телефонын қолына алып дыбысты жазбаны аямай жібере бастады.

Ал, Манап болса үнсіз томсырайған қалпында жата берді. Басының ішінде қарқылдаған қарғалардай болып қайталанып жатқан Жалғастың айтқан сөздері...

Бүгін түстен кейін сыныптастар жиналып Жалғастың қуанышына ортақтасып босану үйіне барған, Жалғас тұңғышының өмірге келгеніне бақытты, одан өзге де қуанышын жасырмай сыныптастарына ашып айтып:

– Жігіттер бәріңе рахмет. Қатын аман-есен туды. Ебін тапсаң дәл қазіргі заманда бала туғызу арқылы да ақша табуға болады ғой. Қатынға «до родовой» біржарым миллион теңге түскен болатын. Енді ай сайын одан бөлек  тоқсан бесмыңнан біржарым жыл жөргекпұл тағы түсіп тұрады. Бір қозы дүниеге келсе бір тал жусан артық шығадыдеген осы – деп, малының түгелдігіне масайрап сала берді.

– Манап сенің әйеліңде жақында босанып еді ғой,сендерге «до родовой» қанша түсті? – деген Жалғастың сұрағына Манап ешқандай қам көңілсіз шынайы түрде:

– Екі жүзмыңдай түсті, бірақ ол ақшаның басына сол кезде-ақ су құйып жібердік кой! – деп езу тартты.

– Ей неге аз?! – деп сыныптастар жабыла жағасынан алғандай сұрақ қойды.

– Қызықсыңдар, үкіметтің беретіні сол емес па? Оның үстіне еш жерде жұмыс жасамайды  одан артық ақшаны кім, қайдан бере қойсын.

Мұндай маңызды жәйтті Манаптың жәйбарақат айтып тұрғанына Жалғас шыдай алмай кетіп

– «Декретке миллионмен» дегенді жасамадыңдар ма? – деді

– Ол не тағы? – деп шынында білмейтін нәрсесін білгісі келген адамша сұраған Манапқа Жалғас дүрсе қоя берді:

– Ой, Манап, қызықсың сен, қашан адам боласыңдар, сәл еті тірі болып әрекет жасасаңдаршы. Сонда бұған дейінгі балаларыңа да ИП арқылы бір тиын ақша алмадыңдар ма?

– «ЫиПы» деген не? – Манап расында өзі білмейтін сөз тіркестің астарында қандай мағына барын білмей таңырқады.

– Сонда алты балаңды нәмі құдайға тегін туғыздың ба? 

– Тегін туғызғаны нес, не айтып тұрсың? – деп, Манап сыныптастарына не айтарын білмей абыржып қалды.

– Ой, Манап, мен сені пысық шығар деп жүрсем барып тұрған ашық ауыз екенсің ғой. Жарайды делік алғашқы үш балаң дүниеге келерде ИП деген болмаған шығар, болған күннің өзінде білмеген шығарсың, бірақ мына қалған үш балаң дүниеге келерде, жан-жақтарыңа қарап тәжірбие жинап көрген білгендерден сұрастырып әрекеттеріңді жасамадыңдар ма? Тым құрығанда телефонның ішінде соғұрлым жарнама жасап жатыр ғой «Декретке миллионмен» деп қақылдап. Өзіңді қоя берші сонда әйелің де алты рет туып соның бірде біреуінде «Декретке миллионмен» дегенге қызықпаған ба?

Манап Жалғастың бұл сөздерін түбегейлі түсіне қоймаса да, жанашыр досымның шырылдап айтып жатқан ақылы деп үнсіз тыңдап тұра берді. 

– Досым, қазір ақшаның заманы, бұқ, сұқ, сұрап ал, сұрағанға бермесе тартып ал. Әйтеуір ебін тап – екі аса. Бұлай жүре бергенің болмайды. Сенің қатының біздің қатын сияқты ілекер емес қой, шаң қонса дене қызуы көтеріліп ауырып қалатын. «Үстінен бір аунап түссең туа беретін қасиеті бар» деп өзіңде әзіл шынын араластырып айтып жүресің. Әлі екі-үш бала тууға шамасы жетеді сондықтан әрекетіңді жаса палуан.

Жалғастың көсемсіп сөйлеген бұл сөздерін қатарласа тұрған өзге сыныптастарда қос қолдап қолпаштай жөнелді:

– Досым менікі тек жанашырлық, қатты айтты деп ренжіме, әй-шәйға қарамай арамызда бірінші болып үйленіп алған өзіңсің. Ең болмаса сырттай оқып алған дипломың жоқ, заводтағы қаражұмыстан тапқан азынаулақ ақшамен бетіңе айтайын ішегің ағармайды. Қайнатаң әперген бір бөлмелі пәтерге қашанғы сиясың. Қазір балаларың кішкентай болғандықтан білінбейді. Ертең олар өскен кезде әрқайсына жеке бөлме керек болады. Мысалыға маған қарашы, мақтанғаным емес, менде сен секілдімін, оқып жарытпадым, бірақ әңгіме мектепте алған бағаңда емес ойлау жүйеңде. Менде сен сияқты ештеңеге қарамай мектеп бітіре салысымен бір сормаңдайға үйленіп алып тісімнің суын сорып отырсам болар еді, бірақ мен олай етпедім. Басымды анда ұрдым, мында ұрдым болмады, ақыр соңы қарызданып қауғаланып Кореяға төрт жыл барып келдім. Қазір өзің көріп тұрғаныңдай бес бөлмелі дәу тамым бар, мінгенім анау кроссовер. Төрт құбыламды теңестіріп барып үйлендім. Алайда, болдым-толдым деуге болмайды ары қарай күн көру керек, кез-келген жәйттан ақша жасау керек. Әйелім көтере салысымен ИП аштым ақша салдым, оны еселеп қайтарып алдым... Көрдің бе баланы дүниеге әкелу де жатқан бизнес.

Манаптың ИП арқылы қалай миллион алатынын білмесе де бар ойы Жалғастың әлгі айтқан сөздерінде болды. Расында соңғы туған екі балама ИП арқылы біржарым миллионнан теңгеден екі рет алғанымда үш миллион болар еді. Үш миллионға тәп тәуір көлік алар ем. Одан қала берді ай сайын алатын жөргекпұлы бар. Олда бір айлық іспетті ғой. Неге дер кезінде ойланбадым екен, неге аңқаумын. Жұрт жасап жатқан нәрсені неге жасамаймын. Менің Жалғастан қай жерім кем немесе оның әйелінен менің әйелімнің қай жері кем. Кем емес. Енді неге әйеліме бұл жайында айтуға қиналып отырмын деген қорытындыға келді де Әлияға:

– «Декретке миллионмен» дегеннен хабарың бар ма?- деді оның телефоны қолынан түскен сәтте арасына үзер салмай.

– Иә естуім бар оны неге сұрадың, Мәке?

– Ол миллионды алу үшін ИП қалай ашатынын білесің бе?

– Мәкем-ау сұрағың көбейіп бара жатыр ғой, анша мұнша нәрсеге бас қатырмайтын едің.

Манап тағы үнсіз қалды да терең күрсініп, тұншыққан үнмен бірдеңелерді күбірледі... онысын өзі де әйелі де түсіне қоймады. Әлия мұндай астыртын әңгімелерді жақтырмайтын сондықтан:

– Айтар болсаң ашып айтсаңшы, – деп гүрс ете қалды. Сол Әлияның жарқын дауысымен, Манаптың үніндегі күңгірттік сейіліп

– Жалғастың әйелі ИП арқылы босанғаны үшін біржарым миллион теңге алыпты,- деді.

– Оо, жақсы болған екен қыздарының несібесіне орай бұйырғаны да, игіліктеріне жаратсын, – деді Әлия ақжарқын қалпында.

– бұйырғаны болғанда сол бұйырған нәрсені алу үшін де әрекет керек екен... Манаптың бұл жолғы сөздерінің астарында өкінішті зіл сезілді және әрмен қарай жалғады:

– Жалғастың жаңа туған қызының несібесіне миллион теңге жазылыпты да кеше қырқынан шыққан менің баламның несібесіне сол миллион жазылмапты ма? Құдай бәріне бірдей беріп тұр, берген нәрсесін алмаған мына бізде болыптұр айып...

– Мәке сен мұндай емес ең ғой.

– Ертерек сондай болуым керек еді. Құдай бізге көпбаланы нәсіп етті соны әрқайсына миллионнан алғанымызда жағдайымыз қазіргіге қарағанда әлде қайда жақсы болар еді. 

Әлия күйеуінің бұл сөздеріне ләм деп қарсы ауыз сөз айтпады. Таңертең екеуі оңаша отырып азды көпті кеңескен болып ендігі көтерген балаға ИП ашатын болып келісті. Көп күттірмей-ақ Әлияның құрсағына Құдай тағы бір жанды бітірді. Ерлі-зайыптылардың қуанышында шек жоқ. Бұрын соңды ИП ашып жауып сондай іспен айналысып көрген жандардың ақыл кеңесіне жүгіне отырып Әлияның атына жәке кәсіпкер ретінде ИП тіркеді. Манап заводтан алатын еңбек ақысының жартысынан көбін жеке кәсіпкердің үкіметке төлейтін салығына аударып отырды. Отбасына тамып тұрған жалғыс табыс көзінің тең жарымынан көбін ауыздарынан жырғандай етіп салыққа төлеп тұрғандықтан, Манаптың қаржылық қиындықтары көбейіп кетті. Дегенмен, Әлия алты балаға үкімет тарапынан алатын азды-көпті жәрдемақыны ас-ауқатқа жеткізіп бақты. Бес алты ай қиналсақ қиналармыз, бірақ жетінші баланы қолға алып бір қуанып, ол үшін алатын миллионымызға екі қуанып мәз боламыз, қарнымыз қампайып аузымыз майланады деп күтті. Әсіресе Манаптың бар ойы құрсақтағы баланың амандығы емес қалтасына түсер ақшада болып есі ауды. Миллион теңгені қайда жаратарын және оны құр жаратып қоймай, қайта табыс болып келетін бизнес бастау жолдарын қарастырып әлек болды.

Әлияның құрсағындағы сәбиге алты ай болған кезінде Манаптың миына кіріп шықпаған тосын жәйт орын алды. Тоқтаусыз кеткен қанның салдарынан Әлияны жедел жәрдем ауруханаға алып кетті. Алты баланың арасында қалып кеткен Манап аңтарылып не істерін білмей қалды. Себебі, бұған дейінгі балаларының бірде біреуінде бұндай жағдай болмаған еді. Босанар сәті жеткенше Әлия бір ретте қыңқ деп көрмеген. Болған жағдайдан құлағдар бола салысымен қос құдағи алты баланың қамы үшін Манаптың үйіне жетіп келіп қарайласты. Содан соң қос әкесінің ортасына түсіп алып, Манап ауруханаға беттеді. Манаптың ойы әлі де болса ақшада еді. Дәрігерлерге жалынып жалпайып «іштегі баланы алып қалыңыздар аман-есен дүниеге келсін» деді. Ауыздан шыққан сөз солай болғаны мен ішкі ниеті ақша үшін екенін құдай көріп біліп тұр емес пе? Манапқа ауыр соғарын сезсе де дәрігерлер баланың іште жатып шетінеп кеткенін хабарлады. Ендігі кезекте әйелінің өмірі үшін күресіп жатқанын және жағдайдың қиын екенін жеткізді.

– Қалай... қалай шетінеп кетті? ақша ше? Сонда енді миллион жоқ па? – деген сөздерді Манап қалай айтқанын өзі аңғармай қалды. Дәрігер болса Манаптың бұл қылығына ашуланып жекіп тастады:

– Не айтып тұрсыз қайдағы ақша, қайдағы миллион мен сізге әйеліңіздің жағдайы қиын, бала іште шетінеген, онымен қоймай жатыры іріңдеп кеткендіктен оны да алып тастадық, олай етпесек әйеліңізден де айрылып қалуымыз мүмкін еді. Қазірдің өзінде әйеліңіз ес-түссіз жатыр сіз соны ойлап тұрсыз ба? Қайғыратын нәрсеге қайғырсаңызшы!

– Жоқ, сіз түсініп тұрған жоқсыз, мен әйеліме ИП ашып бала-шағамның аузынан жырып тапқан табысымды сонда құйдым ғой... Және сол арқылы миллион аламын деп бәрін есеппен жасап отырмын ғой, бұл қалай болғаны...

Манаптың дәрігермен осылай сөйлесіп тұрғанын көріп-естіп тұрған өз әкесі Манаптың бетінен шапалақпен тартып жіберді. Ойда жоқта бетіне шақ етіп тиген шапалақ Манаптың бойынан тоқ жүріп өткендей әсер беріп есеңгіретіп тастады. Манап үнсіз қалды, әкесі де артық ауыз сөз айтпастан құдасын ертіп ауруханадан шығып кетті. Дәрігерде керегі сол еді деген адамша ала көзімен бір қарап ішке кіріп кетті. Аурухана дәлізінде жалғыз қалған Манап не істерін білмей қаққан қазықша қимылсыз қалды...

Арада жиырма күн өткен соң ауруханадағы әйелі жатқан ақ төсекті үнсіз ғана алақанымен сыйпалап отырып, Манап бір үзік ойға кетті... «Құдай біреулерге байлықты береді, енді біреулерге атақты береді... Ал мен сияқты өзінің сүйген қарапайым құлдарына отбасы бақытын береді екен ғой... мен соны ұмытып кете жаздаған екенмін. Алты балам дүниеге келерде мен ақшаны да басқасында ойламаған едім, менің ол кездердегі бар ойым - Алладан әйелімнің аман-есен босануын және балаларымның болашағы жарқын болғанын тілеу еді. Ал мына жетінші сәби құрсаққа біткенде мен оның аман есен дүниеге келуін Алладан бірде-бір рет сұрамаппын. Туылмаған ботаның уызына таласқан адамдай ақшаны ғана ойлап жүре беріппін... кешірші мені Әлия». Соңғы сөзі сыртқа естілердей анық шықты. Онысын әйелі есіпте қойды.

– Не кешірім сұрап отсың, Мәке? Болды, кеттік үйге, тезірек қайтайықшы, балапандарымымызды сағындым...

Манап қос жанарына үйірілген жасты алақанымен бір сүртіп алды да, жиырма күннің ішінде әжептеуір салмақ тастап азып кеткен әйеліне бір қарап:

– Мені алты баламен жалғызбасты әке етіп тастап кетпегеніңе рахмет, – деп өзін ұстай алмай жылап жіберді...

Әйел заты нәзік болғанымен жаны сырдан берік болады емес пе...

– Мәкем-ау, бәрі жақсы, – деді де күйеуінің қолынан ұстап палатадан сыртқа ертіп шықты.

Аурахана дәлізінде қол ұстасқан ерлі-зайыптылар маңдайшасында «Шығу» деген жазуы бар есікке қарай ақырын жылжи берді...