Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма» номинациясы: Күліп оян, балақан! (Өлеңдер топтамасы)
148
оқылды

Авторы: Аlpamys batyr

 

Құстар қайтқанда

Табиғаттың сәніне,

Қарасаң көз тойғандай.

Ағаштардың бәріне,

Алтын іліп қойғандай.

 

Күрсінді атам жатты да,

Төсегінен бір ауынап.

Шаңырақтан көп тырна,

Көрінді әне тыраулап.

 

Қанаттылар тізілді,

Дегендей-ақ қонақпыз.

Көктен жаңбыр үзілді,

Жылап қалды жомарт күз...

 

Жылы жаққа жеткенде,

Бізден сәлем айтыңдар.

Ертерек гүл көктемде,

Туған жерге қайтыңдар.

 

Күліп көктем келгенде,

Құшақты кең жаямыз.

Сағынышпен сендердерге,

Ұя жасап қоямыз!

 

 

8-Наурыз

Көйлек киіп жасылдан,

Көктем тербер даламды,

Ең алдымен асыл жан - 

Құттықтаймын анамды.

 

Әлпештеген анамның,

Қандай ыстық құшағы!

Жасай бер деп, балам, мың

Құшағына қысады.

 

Келген шақта гүл көктем,

Қалай құр-бос жатасың?

Гүл сыйлап ем құрметпен,

Әжем берді батасын.

 

Алтын ұям ардақты - 

Ұстаз барда бұл мектеп.

Мұғалімге салмақты, 

Тілек айттым құрметтеп.

 

Гүл жасадым қағаздан, 

Алғаным жоқ ақшаға.

Қарындасым Мағаз жан,

Қуанып жүр бақшада.

 

Арнап әсем бар әнді,

Шаттандырам өстіп мен.

Басқа күндер анамды,

Қуантамын «бестікпен!»

 

 

Туған жерім – тірегім!

Өзіңде бар - біл, ырыс,

Туған жерім - тірегім.

Топырағың бір уыс,

Кеудемдегі жүрегім.

 

Жадымдасың қайда да,

Менмін саған ғашық жан.

Сүйсінемін айға да,

Аспаныңа асылған.

 

Отан сенен басталар,

Туған жерім – үй іші.

Жүрегімде сақталар,

Жусаныңның иісі.

 

Дәл өзіңдей сан қилы,

Менің болмыс, бітімім.

Жұпар болып аңқиды,

Туған ауыл, түтінің.

 

Қымбат маған көлің де,

Қымбат маған шөлің де.

Туған жерге татитын,

Жер бар ма екен өмірде?

 

 

Отан

Қасиетті Отаным,

Мен өзіңнің ботаңмын.

Сені қорғар азамат,

Келеді әр кез атанғым!

 

 

Күліп оян, балақан!

Күнмен бірге күліп тұр,

Болғың келсе тым ұтқыр.

Қимылдасын бар денең,

Өз өзіңді шынықтыр.

 

Шынық балғын жасыңнан,

Сенсің қыран жас ұлан.

Жаттығуды алдымен,

Бастау керек басыңнан.

 

Қозға мойын, иықты,

Соз қолыңды биік тым.

Жаттығулар айналсын,

Жан досыңа сүйікті.

 

Қорықпа, мүлдем жасқанба,

Арманың тұр асқарда.

Көтерілсін аяғың,

Қол секілді аспанға!

 

Отырып, тұр он рет,

Күшіңді жи соңғы рет.

Ел қорғайтын азамат,

Болу керек сом білек!

 

 

Кім кінәлі?

Әжесінің Тұрсынбегі,

Әйнекті сындырған Жүрсін деді.

Жүрсін: 

кінәлі - Тұрсын деді,

Тұрсын: 

жалған сөйлеп тұрсың деді.

Жүрсін: 

Мен емес Құдай ұрсын деді.

Әжесінің жүрегі дүрсілдеді.

Әй, тыныш, әйнегі құрысын!- деді.

 

 

Жайлауда

Ызыңдайды бөгелек,

Құтылмайсың бұлтарып.

Барады ұшып көбелек,

Қанатына гүл тағып.

 

 

Менің Туым!

Менің Туым – 

көк аспанның қиығы,

Ал көк аспан – 

Арманымның биігі.

Шуақ шашқан ортасында

Алтын Күн,

Соған қарап, 

Заңғар көкке талпындым.

Күн астында қалықтайды

Қыран құс.

Ол қыран құс мен боламын

Күмәнсіз.

Көк Туымда өрнегі бар 

Бабамның,

Соған қарап рухтанған 

Балаңмын!

Байрағымды баспас үшін 

еш пенде,

Ту ұстайтын батыр болам 

өскенде!

 

 

Алмайтын алма

Тұрсын менен Жүрсінге,

«Ақыл кіріп» бір түнде,

Көрші үйдегі алманы,

Ұрламақ боп қамданды.

 

Түн ішінде қап-қара,

Түсті екеуі бақшаға.

Алма толды қалтаға,

Алмаған соң ақшаға.

 

Шыға сала мастана,

Жеді алманы бас сала.

Қалды екеуі қақалып,

Удай дәмі масқара.

 

Жасадық деп бір сұмды,

Тұрсын түртті Жүрсінді,

Арам жолмен келген ас,

Ащы екен деп күрсінді...

 

 

Қош келдің, жаңа жыл!

Сақалы бар күмістен, 

Шапаны бар пүліштен. 

Көргенде Аяз атаны, 

Алақайлап күліскен. 

Жаңа жылды сағындым!

 

Досқа қарап сүйінген, 

Түрлі костьюм киінген. 

Тамсандырған талайды, 

Әсем ән мен биіммен, 

Жаңа жылды сағындым!

 

Сүйем жылдың бұл шағын,

Жүзімде ойнар нұр сағым,

Жарқыратқан шамдарын,

Біздің әсем шыршаның,

Жаңа жылды сағындым!

 

Мен сағынған жыл келді,

Жылмен бірге жыр келді.

Аяз ата, ақшақар,

Сыйлық беріп үлгерді.

Жарылқасын жаңа жыл,

Шын қуанып жүргенді,

Шын қуанып күлгенді.

О, алақай, жыл келді!

 

 

Бөсербек

Тым орынсыз бөседі,

Осы біздің Өсербек.

Дүрүлдетіп көшені,

Атанып жүр Бөсербек.

 

Сөзінің көп қатесі,

Қызық тіпті кинодан.

Бала кезде әкесі,

Ұтыпты оны бингодан.

 

Өтірікті соққанда,

Бүлк етпейді түрі де-ей.

Жалғыз келе жатқанда,

Мамонт көрген тірідей.

 

Алты жасқа толғанда,

Шыбық қыпты құрықты.

Жеті жаста болғанда,

Тайсонды өзі ұрыпты.

 

Көпіреді алаңсыз,

Таңдансын деп ылғи біз.

Өтірікке амалсыз,

Өтірік бас шұлғимыз.

 

Әбігер

Ақ әтештің әнімен,

Жексен таңмен тұрды атып.

Тез киінді алдымен,

Уақытты алмай ұрлатып.

 

Таппапты ғой тағат та,

Кеше қуып ала доп.

Тартып кетті сабаққа,

Тамақ ішер шама жоқ.

 

Жаңылмай-ақ жаттапты,

Ынта, жігер, күшімен.

Апай берген тақпақты,

Айтты жолда ішінен.

 

Алып келді мектепке,

Қай күш ерте Жексенді?

Асығыпты ол текке,

Екен бүгін жексенбі.

 

 

Ән патшасы - Әнұран

Оң қол жүрек тұсымда,

Тік тұрамын ылғи мен.

Нұр ойнап көз ұшында,

Шабыт алам бұл күйден.

 

Жүрегім ән салғанда,

Тіпті, көзге жас келді.

Әнұранның әр жанға,

Әр әрібі қастерлі.

 

Кеудеге арман түйді ұлың,

Алтыннан да қымбат сан,

Өз елімнің Гимнін,

Бар әлемге тыңдатсам!

 

 

Ал «сөйлесін» саусақтар!

(есеп-өлеңдер, 6-8 жасқа)

Неше алды?

Шақырды апай тақтаға,

Сабақ айт деп Құралды.

Болды байғұс масқара,

Түк айта алмай «бір» алды.

Ай далаға лепіріп,

Айдар алды «екілік».

Жақсы оқитын Нұрәлі,

«Үш» алдым деп жылады.

Маған сұрақ көп тіпті, 

Әрең алдым «төрттікті».

Үздігіміз - Есалы,

Қиналмай-ақ «бес» алды.

Ал ойлан да тауып көр,

Барлық бала неше алды?

(жауабы: 11)

 

 

Қанша асық?

Ермекте бар екі асық,

Жексенде бар жеті асық.

Тоқсын дейтін әпенді,

Тоғыз асық әкелді.

Басқадан бай Байдолда,

Әкелді асық бір дорба.

Алты асық бар Аспанда,

Он асық бар Оспанда.

Болды саны жүз алты,

Бәрін бірге қосқанда.

 

Қалмайықшы шатасып,

Сыймай кетті, әй, қолға.

Әкелді өзі қанша асық,

Дорбасымен Байдолда?

(Жауабы: Байдолдада 72 асық бар)

 

 

Сағыз

Бір топ бала дүкеннен,

Алдық сатып он сағыз.

Қыздар алды екеуден,

Қанағат қып нансаңыз.

Ұлдар алдық үшеуден,

Ризамыз баршамыз.

Шықтық сонда дүкеннен,

Қанша ұл мен қанша қыз?

(Жауабы: 2 ұл, 2 қыз)

 

 

Қанша ұсақ тұяқ бар?

Көктем келіп төрледі,

Қорада қой төлдеді.

Егіз туды екеуі,

Жалқы туды жетеуі.

Үшем туды ақ тұсақ,

Қысыр қалды көк тұсақ.

Жыл болды бұл мерейлі,

Мал-басымыз көбейді.

 

Келтіре алмай жобаға,

Қалып жүрме ұятқа ал.

Айтшы біздің қорада,

Енді қанша тұяқ бар?

(Жауабы: 25 ұсақ тұяқ)

 

 

Біздің үйде қанша жан?

Атам, әжем, әкем бар,

Анам, ағам, тәтем бар.

Інісі бар жездеммен,

Сіңілісі бар жеңгеммен.

Үлкен әпкем – Қарақат,

Кіші інім бар Қанағат,

Орын беріп Өнерге,

Мен отырдым төменге.

Ішпек едік түскі асты,

Кіріп келді Ізбасты.

Бір сұрақ бар ал саған,

Біздің үйде қанша адам? 

(Жауабы: 15 адам)

 

 

Кім кіші?

Қуаттың жасы екіде,

Шуақтың жасы жетіде.

Суаттың жасы шығады,

Барлығын бөлсең екіге.

Отырмын алмай түсіне,

Қуаттың жасы кіші ме?

Суаттың жасы кіші ме?

(Жауабы: Қуат Суаттан 2,5 жасқа кіші)

 

 

ЖҰМБАҚТАР

(10-15 жасқа)

Тасы бар бас,

Басы бар тас.

(Тасбақа)

 

Жылжиды жылан алыс қырдан,

Айырылғанды табыстырған.

(Сабақтаулы ине)

 

Әкесі үйде қала алар,

Баласы базар жағалар.

(Мәуелі ағаш)

 

Қартаймайтын асыл,

Қысы-жазы жасыл.

(Шырша)

 

Жіп тістеген батыр,

Жылжып келе жатыр.

(Ине)

 

Көрінбейді күндіз,

Түнде күлер мың қыз.

(Жұлдыз)

 

Аузымдағы қызыл ет,

Жұта алмаймын үзіп-жеп.

(Тіл)

 

Жар басына жабысқан,

Жусан көрдім алдыстан.

(Сақал)

 

Жаңа заман жұмбақтары

Көзім жоқ бірақ көремін,

Хат жазып, ән сап беремін.

Қас-қағым сәтте дерегің,

Алдыңда тұрар керегің.

(Жасанды интелект)

 

Дәл осылай кейде шын,

Сырласпайсың адаммен.

Басып қалсаң түймесін,

Тілдесесің ғаламмен.

(Компьютер)

 

Қос құлағын ұстайсың,

Зуылдайсың құстай шын.

Бір аяқпен тебесің,

Желмаядай желесің.

(Самокат)

 

Басып едім түймесін,

Жарық шашты үйге шын.

(Электр лампасы)

 

Жалғыз көзді патшағар,

Тамақ жеп, су ішпейді.

Хабарласса басқалар,

Құлағымнан түспейді.

(Ұялы телефон)

 

 

Жаңылтпаштар

(8-14 жасқа)

Айна Жайнаға 

Сенікі жай ма?-деді,

Жайна Айнаға қарамай

Жайма иледі.

 

***

Жаңылбек Жаңылды жаңылдарамын деп жаңылдырған жоқ,

Жаңылдырмаймын деп жаңылдырды.

Жаңылдың жаңылғанына Жаңылсынның жаны кірді.

Жаңыл жаңылғанына жылаған жоқ,

Сабыр қылды.

 

***

Орманнан омарташылар оралды,

Омар да, Орал да орманнан көрмепті оларды.

 

***

Томаланбаған бүркітті томағалаймын деп 

Томарбек тобылғының томарына тобығын тайдырды.

 

***

Қарабай қара тайлақ пен қара тайды Қарағайлыдан қараймын дегенше қас қарайды.