Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма» номинациясы: Балаларға арналған өлеңдер топтамасы
202
оқылды

Авторы: Қыпшақ аруы

 

Мен – шахтердің баласы

Әкем – үйдің тірегі,

Мықты оның білегі.

«Біздің қала – бай қала»

Деп айтады үнемі.

 

Қалаға үлес қостың ба?!

Отбасы үшін бас тұлға.

...Қызықты әрі қауіпті

Жұмысы жер астында.

 

Таныстырған шаттана, 

Мамандығын мақтана,

Әкем жұмыс істейді

Шахтер болып шахтада.

 

Жер байлығын табады, 

Тас қопарып, жарады.

Тереңнен кен қазады,

Еңбегі оның бағалы. 

 

Балқытатын құрышты,

Болса да жай жұмысшы,

Ел ертеңі үшін ол,

Атқарып жұр ұлы істі.

 

Бестігімді арнайын,

Тентек бала болмайын.

Менің әкем шахтер деп,

Мақтанамын әрдайым.

 

Бізге бақыт сыйлаған,

Қарапайым, сыйлы адам. 

Әр күн сайын жұмыстан,

Оралшы, әке, үйге аман.

 

 

Әріптер тағылымы

А дегенім – ана тіл,

Ә дегенім – әнұран.

Екеуі де – ар-ақыл, 

Ана сүтпен дарыған. 

 

Б дегенім – байрағым,

Е дегенім – елтаңба.

Кең жазира аймағым,

Сызылып тұр картамда.  

 

Ж дегенім – жеті атам,

Т дегенім – тарихым.

Білімді бол, ботақан,

Түп – тамырын танитын.

 

Ғ дегенім – ғылымды,

І дегенім – ілімді,

Іздеуге арна күніңді, 

Олар – мәңгі ғұмырлы.

 

К дегенім – кітабың,

М дегенім – мектебің.

Оқысаң, көп ұтарың, 

Жалқаулықты шектегін.

 

Х дегенім – халқың мен 

Ұ дегенім – ұлтыңды

Құрмет тұтып, салтың мен

Ұмытпа әдет-ғұрпыңды.

 

Қ дегенім – Қазақстан,

О – отбасы – Отан бұл.

Тәуелсіздік, азат таң

Бақытым деп, ботам, біл. 

 

 

Бағдаршам

Балақайым, аңғарсаң,

Үш көзді бұл – бағдаршам.

 

Осыған сен қарайла,

Жолда байқа, абайла.

 

Жолторапта болады, 

Жүргіншілер жолағы.

 

Сол жолақпен өткейсің,

Сонда зиян шекпейсің.

Көліктер көп бүгінде,

Жол үстімен жүгірме.

 

Жолдан өтер кезіңде,

Бағдаршамның көзінде:

 

Қызыл жанса – тоқтай тұр,

Ережені сақтай біл.

 

Сары түстің жанғаны –

Дайындалсаң болғаны.

 

Жасыл жанса егерде –

Өте берші бөгелме.

 

Ережені қалайда,

Есте сақта, жарай ма?!

 

 

Киіз үй

Жазда салқын, қыста оның жылы іші, 

Дөңгелек үй, жоқ бірде-бір бұрышы.

Көшіп-қону үшін өте қолайлы,

Көшпелі елдің баспанасы, дұрысы.

 

Киіз үй бұл – ерекше үйдің атауы,

Шаңырақтан түсер күннің шапағы.

Әр түрі бар: алтын үзік, ақ шаңқан,

Қара үй, боз үй, орда, жастар отауы.

 

Сыр шертеді көне дәуір көші ұлы:

Сықырлауық – киіз үйдің есігі,

Тұрады ол табылдырық, босаға,

Маңдайшадан, біліп жүргін осыны.

 

Ең бірінші құрылатын немене?

Бұл – киіз үй қабырғасы – кереге.

«Керегең кең болсын!» деген тілекте

Жатыр үлкен  мағына мен өнеге.

 

Киіз үйдің күн түсетін жадырап, 

Төбесі әрі терезесі – шаңырақ.

Күндіз ашып қояр жарық болсын деп,

Түндікпенен түн болғанда жауып ап.

 

Бұл бөліктер қалай енді бірікпек?!

Есте сақта, қалмау үшін ұмыт боп.

Кереге мен шаңырақты жалғайтын,

Ұстап тұрар ағашты айтар уық деп. 

 

Сыртын үзік, туырлықпен жабады,

Ал ішіне басқұр бауын тағады.

Бір мезетте киіз үйді бірлікпен

Шеге қақпай жылдам құрап алады.

 

Қазағымның құтты, жылы ұясы,

Бұл киіз үй сан ғасырдың куәсі.

Бабам тұрған шежірелі шаңырақ,

Ұлтымыздың қасиетті мұрасы. 

 

 

Бір апта

Дүйсенбіде домбырамен ән айтамын,

Сейсенбіде суға жүзіп қайтамын.

 

Сәрсенбіде сурет салу сабағым.

Бейсенбіде би билеуге барамын.

 

Жұма күні «Жас таланттар» жарысым,

Сенбі күні сабағым бар  ағылшын.

 

Жексенбіні жинауға арнап үйімді,

Кітап оқып, демалдырам миымды.

 

Дәл осылай өте шығар бір апта,

Күн тәртібім ұнайды осы бірақ та.

 

Демалуға бос уақытым жоқ менің,

Болашаққа армандарым көп менің.

 

 

Телефон мен кітаптың айтысы

Телефон:

Ей, кітап, сен барсың ба әлі?!

Ғұмырың  тұр таусылғалы.

 

Ақпаратты беремін көп.

Сенің енді керегің жоқ.

 

Сондықтан да ойлан, ұғын,

Сен емес, мен пайдалымын.

 

Кітап:

Ей, телефон, ұялы дос, 

Пайдаң да бар, зияның көп.

 

Ол рас, тез сен арқылы,

Ақпаратқа қол жетеді.

Бірақ әттең көп уақыты 

Адамдардың сенде өтеді.

 

Саған құмар болған қауым

Ертеңіне  алаңдаймын.

Сенен бұрын бар болғанмын,

Сен жоқта да жоғалмаймын.

 

Сен берсең де мол дерек тың,

Бұл ғасырға мен керекпін. 

 

Себебі мен пайдалымын,

Ұсынамын пайдалы ілім. 

Ақыл миды басқарамын,

Адамзатқа дос боламын!