Дерек: Мемлекет басшысы бір жыл ішінде еліміздің өңірлерінде – 30, шетелде – 28, жалпы 58 күн іссапарда болды... ...Оның Twitter парақшасында 1,1 мыңға жуық хабарламасы және Instagram-да 72 жазбасы жарияланды.Президент биылғы ақпан айындағы Жамбыл облысы, Қордай ауданында болған оқиғаға да айрықша мән берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл төтенше жағдайға дереу назар аударып, ымырашылдық рөлін өз қолына алды және қоғамдық келісімді нығайтты. Мемлекет басшысы Алғыс айту күні Қордай ауданына барған жұмыс сапарында жергілікті тұрғындармен, соның ішінде дүнген қауымының өкілдерімен кездесті. Қазақ халқы Тәуелсіздіктің арқасында дербес мемлекет құра білгенін атап өткен Президент, оның шын мәнінде мемлекет құраушы ұлтқа айналғанын айтты. Бұл еліміздің болашағы үшін әрбір азаматқа ерекше жауапкершілік жүктейді. Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті ақсақалдарды жастардың тәрбиесіне белсенді атсалысуға, жас буынның санасына бірлік пен қоғамдық келісім идеяларының мәнін сіңіруге шақырды. Ол тұрғындарға әлеуметтік мәселелерді шешу үшін нақты қолдау көрсететінін және барлық тергеу шарасы әділ жүргізілетінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы барлық этникалық топтың жастары өз салт-дәстүрлерін сақтай отырып, қазақ халқының мәдениетін құрметтеп, қазақ тілін үйренуге және Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін қадірлеуі тиіс екенін айтты. Әлемде коронавирус індетінің таралуына байланысты аса ауқымды шаралар қабылданды. Осы ретте Президент батыл қадамдар жасады, соның ішінде қазақстандықтардың денсаулығын сақтап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін еліміздің бүкіл аумағында төтенше жағдай енгізді. – Әлеуметтің әлеуметтік жағдайын, халықтың тұрмысын арттыру – Мемлекет басшысы белгілеген басым бағыттар. Дегенмен осы бағытта нақты қандай жұмыстар атқарылды? – Мемлекет басшысы өзінің қыркүйек айында жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және халықпен кері байланысты күшейтуге негіз болды. Атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа тәртібін енгізу бастамасы да аз қамтылған отбасыларды қолдау бағытындағы жұмыстарға тың серпін берді. 2019 жылы 485 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. Бұл – 2,5 миллион адам деген сөз. Осы ретте «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» Жарлыққа қол қойылып, оның жүзеге асырылуы әлеуметтік бағыттағы ауқымды жұмыстың атқарылуына себеп болды. Нәтижесінде, 555 мың азаматтың 300 мың теңге көлеміндегі берешегінің қарыз жүктемесі төмендетілді, 1,2 миллион адамның айыппұл мен өсімпұлдары кешірілді. Бұл шараларға 149 миллиард көлемінде қаржы бөлінді. – Мемлекет жастарды қолдауға байланысты қандай жұмыстар атқарып жатыр? – Жастар – еліміздің болашағы, келешегіміздің кепілі. Сондықтан Президент жастарды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Мұны Жастар жылының қорытындысынан көруге болады. Мысалы, жұмыс істейтін жастарға 9 мың пәтер берілді, 5 мың адам мемлекеттік грант алып, кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік алды, 10 мың жас бизнесмен, оның ішінде ауылдағы кәсіпкерлер микрокредиттер есебінен өздерінің өндірісін кеңейтті. Шәкіртақының 25 пайызға көбеюі білім алып жатқан жастарға үлкен қолдау болды деп ойлаймын. Жоғары оқу орындары мен колледждерде оқып жатқан 230 мың студент бұл бастаманың игілігін көрді. Мұндай жұмыс Волонтер жылында да жалғасып, жастарды қолдаудың жаңа бағыттары іске асатын болады. Мемлекет басшысының Жастар кадрлық резервін құру бастамасын қоғам жақсы қабылдады. 13 мың үміткердің арасынан білімі мен білігі сай 300 азамат іріктеліп алынды. Бүгінде оның 132-сі қызметке тағайындалды. Осылайша, ел басқарудың жаңа толқынын дайындаудың алғашқы қадамы жасалды. – Президент экономиканы дамытудың негізгі бағыттары ретінде қандай жұмыстарға басымдық беріп отыр? – Қасым-Жомарт Тоқаев осы бір жыл ішінде көптеген маңызды бастаманы қолға алып, бірқатар нақты міндет жүктеді. Айталық, Қазақстан халқына арналған Жолдауында еңбек өнімділігін кемінде 1,7 есеге арттырып, 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға немесе одан да асыруды міндеттеді. Президент мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігін, монополистер белгілеген бағаны қайта қарауды, салық жүйесін жаңғыртуды тапсырды. Әсіресе, Қасым-Жомарт Кемелұлының микро және шағын бизнес өкілдерін үш жылға тексеру және салықтан босату туралы шешімі кәсіпкерлердің арасында үлкен қолдауға ие болды. 2020 жылдың басынан басталған әлемдік нарықтағы айтулы оқиғалар да бізді сын тезінен бір өткізіп алды. Осы наурыз айында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшылығымен шұғыл кеңес өткізіп, жаһандық экономиканың құлдырауына қарамай, ел экономикасын дамытуға қатысты бірқатар нақты міндетті тапсырды. – Қасым-Жомарт Тоқаев осы бір жыл ішінде сыртқы саясат бойынша да ауқымды жұмыс атқарды. Солардың арасынан сіз қайсысын атап айтар едіңіз? – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев теңдестірілген көпвекторлы сыртқы саясатты жүргізу және қазақстандық дипломатияның экономикалық құрамдас бөлігін күшейтуді негізгі бағыт ретінде белгілеген еді. Осы міндеттерді жалғастыру Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаттағы қызметінің негізгі ұстанымы десек болады. Бір жыл ішінде Мемлекет басшысы шетелдерге 14 рет, оның ішінде 3 мемлекеттік және 3 ресми сапарға шығып, 12 халықаралық форумға, саммиттер мен конференцияларға қатысты. Айтулы оқиға ретінде Қазақстан Президентінің Ресей Федерациясына, Қытай Халық Республикасына сапарларын, БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына қатысып, АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесуін атап өтуге болады. Осылайша, әлемнің жетекші державаларының көшбасшыларымен байланыс орнатты. Біз үшін Орталық Азия елдерімен өзара тиімді достық қарым-қатынас құру негізгі басымдық болып қала береді. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының Өзбекстан мен Қырғыз Республикасына сапарлары үлкен маңызға ие болды. Сонымен қатар Президент Германияға, Біріккен Араб Әмірліктеріне барды. Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы саммиттерінің жұмысына қатысты. Қазақстанға өткен жылы ресми және мемлекеттік сапарлармен 13 шет мемлекеттің басшылары мен үкіметтерінің жетекшілері келді. Олардың арасында Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Иннің, Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбанның, Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Тусктің, Швейцария Президенті Ули Маурердің, Беларусь Президенті Александр Лукашенконың сапарларын атап өту қажет. – Президент Әкімшілігі немесе Президенттің баспасөз қызметі бір жылдыққа арналған іс-шаралар өткізе ме? – Әрине, 12 айдың ішінде көптеген жұмыс атқарылды. Осы жыл елімізді дамудың жаңа белесіне шығаруға, саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді белсенді, жігерлі түрде іске асыруға арналған уақыт болды. Біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент қызметінің бір жылдығын Төтенше жағдай кезінде қарсы алып отырмыз. Қазір мемлекеттің барлық күші әлемдік экономика мен қаржы жүйесін тұралатып жатқан коронавирус пандемиясы мен катаклизмнің жағымсыз салдарын еңсеруге бағытталғаны белгілі. Осындай келеңсіз жағдайларға қарамастан, экономика мен әлеуметтік саладағы белгіленген басымдықтардың барлығы өз күшінде қалады. Мемлекет халық алдындағы барлық міндеттемесін толық көлемде орындайды. Бұл – Президент қойып отырған басты міндет және оны орындау үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы уақытпен санаспай жұмыс істеуде. Алайда бүгінгі жағдайда қандай да бір салтанатты іс-шараларды ұйымдастыру орынсыз. Бізге мемлекет игілігі үшін, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін еңбек ету қажет. Сонымен қатар жыл ішінде атқарылған жұмыстың қорытындысы ретінде Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысының сөйлеген сөздері, сұхбаттары мен мақалаларының жинағын шығарды. Төрт томнан тұратын кітап «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деп аталады. Бірінші томға Президенттің жалпыұлттық іс-шараларда жасаған баяндамалары, екінші томға өңірлерге сапар барысында сөйлеген сөздері, үшінші томға сыртқы саяси кездесулердегі сөздері, төртінші томға отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында берген сұхбаттары мен мақалалары топтастырылған. Осы арқылы Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекет тізгінін қолына алғаннан кейінгі бір жылда атқарған жұмысына шолу жасауға болады. – Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Әлихан ИСМАН