Қазақстанда коронавирус туралы сайт пайда болды
Қазақстанда коронавирус туралы сайт пайда болды
380
оқылды
Қазақстанда коронавирус туралы жаңа сайт іске қосылды деп Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді . «Құрметті достар! Қазір азаматтарды коронавирусқа қатысты жедел әрі сенімді мәліметтермен ақпараттандыру - ең маңызды мәселе. Кей уақытта қоғамды ақпараттандыру мен қарым-қатынастың жеткілікті дәрежеде тиімді болмай жатқанын мойындау керек. Түрлі ақпарат құралдары, әсіресе мессенджерлер арқылы жалған ақпараттың таралуы көптеген қиындықтар туындатуда. Осы орайда coronavirus2020.kz сайтының іске қосылғанын хабарлаймын. Бұл ресурста төтенше жағдай бойынша, карантин кезіндегі тәртіп пен мемлекеттің коронавирусқа қарсы жасап жатқан шаралары жөнінде, сондай-ақ, желіде тараған жалған мәліметтерді теріске шығару және басқа да барлық өзекті ақпараттар жинақталады», - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында. Сайтта сонымен бірге аурудың алдын алу, белгілері, аурудың алғашқы белгілері байқалғанда жасалатын әрекеттердің ережелері жарияланған және бұл мәліметтер халық пайдаланып, тарату үшін инфографика, нұсқаулық түрінде берілген. «Азаматтар үшін сайтта арнайы сұрақ-жауап айдары болады, ол жерде әрбір пайдаланушы өзіне қажетті сауалына жауап ала алады. Сіздерден осы мәліметті таратуды және сенімді ақпарат көздеріне ғана жүгінуді сұраймын», - дейді министр.