Испан сарайындағы жанжал
Испан сарайындағы жанжал
347
оқылды
Испанияның экс-королі Хуан Карлос І 2014 жылы тақтан бас тартып, орнын мұ­рагеріне қалдырғанда әлем қарт монархтың парасат­ты­лығына тәнті болды. Алайда кейінірек корольдың жылы жайын бекер босат­пағаны анықталды. Енді, міне 39 жыл ел басқарған Хуан Карлос І-нің басы тағы дауға қалды. Тақ мұрагері, өз ба­ласы король Филипп VI бюд­жет­тен берілетін бере­шегін шорт кесті. Сонымен, Испан­ның Бурбондар әуле­тіндегі жан­жал қайдан шық­ты, неге тоқтар емес? Хуан Карлос І – тақта 39 жыл отырған көнекөз монарх. Ол 1975 жылы генерал Франко көз жұмған соң билікке келді. 39  жылда біраз беделге ие болды. Тіпті, 1981 жылы мемлекеттік төң­керістің алдын алды. Ал сепаратизмге бір табан жақын Каталония мен басктер арасында баланс сақтауға да септігін ти­гізіп отырды. Жалпы, Испания хал­қының бірлігіне еңбегі сіңген тұлға. Алайда уақыт өте келе қарт корольдың басы түрлі дауға қалып, абыройдан айырыла бастады. Мәселен, 2008 жылы ол Сауд Арабиясынан 100 млн доллар алғаны және өзіне қарасты қорлар арқылы оффшорлы аймаққа аударғаны белгілі болды. Басқаша айтқанда, сауда қаражатын са­лықтан жалтаруға көмектескен. 2012 жылы Испания қаржы дағ­дарысынан қиналып тұрғанда Хуан Карлос І жеке ұшақпен Ботсванаға барып, піл аулауға шығып, сафариге сапарлатқан. Осы әрекеті үшін кейін сынға ұшырап, халық алдында кешірім сұрауына тура келді. Ал 2012 жылы монархтың абыройы төгілді. Оған себепші – қызы мен күйеу баласы. Сол жылы күйеу баласы герцог Иньяки Урдангарин алаяқтық, салықтан жалтару сынды ауыр айыптар бойынша сот алдында жауап берді. Даудың басы 2005 жылы 6 млн еуролық қымбат үй сатып алудан басталды. Жұртшылық бірден ханшайым Кристина мен оның жұбайы сонша қаражатты қайдан алғаны туралы қызыға бастады. Кейінірек Noos Institute қайырымдылық қорын басқарған күйеу бала герцог Иньяки Урдан­гарин өзінің монархиялық бай­ланыстарын пайдалана отырып, ірі келісімшарттарды жеңіп алып отырғаны белгілі болды. Сондай-ақ түрлі спорттық шаралар өт­кіз­генде қор бағаларды асыра кө­теріп отырған. Корольдың қызы инфанта Кристина да судан таза, сүттен ақ емес екен. Ол да Aizoon компаниясы арқылы бі­раз са­лықтан жалтарған се­кілді. Өз кезегінде жоғарыда ай­тылған Noos қоры Aizoon-ға заң­с­ыз тапқан қаржыларын ау­дарып отырған. Түскен пай­даны король қызы мен күйеу ба­ласы шетелдік сапарларға, үйін жөндеуге, театрларға ба­руға жұмсап келіпті. Аталған қыл­мыстың тергеу ісі ұзаққа со­зылды. Бұл фактілер корольдың тақтан таюына да әкеліп соқты. Қысқасы, аталған экономикалық заңбұзушылықтардың нүктесін сот қойды. 2018 жылы ол жаңа корольдың жездесі Иньяки Урдангаринды 5 жыл 10 айға бас бостандығынан айырды. Ал ханшайым Кристинаға да біраз айып тағылса да, заңсыз қаржыны қолданғаны үшін 265 000 еуро айыппұл төлеумен шектелетін болды. Яғни, оңай құтылды. Бәлкім, сот король отбасының белді мүшесін түрмеге жабудан бас тартқан шығар. 2014 жылы Испанияның жаңа королі атанған Филипп VI осы қылмыстарға қатысы болған үшін 2015 жылы өз әпкесі мен жездесін герцог атақтарынан айырды. Алайда экс-король Хуан Карлос І тақтан кетсе де, басы дау­дан арылған жоқ. Енді Швейцарияның прокуратурасы бұрынғы тақ иесі Мекке мен Мәдина арасында шапшаң пойыз салу тендерін ұтуға көмектескені үшін испан консорциумынан 100 млн еуро пара алды деп айып­тап отыр. Яғни, Испан мо­нархы тендерді алу үшін Сауд мо­нархымен келіскенге ұқ­сайды. Осы қызметін экс-король жоғарыдағы ірі соммаға ба­ға­ла­ған шығар. Алайда бұл 100 млн еуроны өзі пай­даланбапты. Оның 65 млн еуросын Коринна цу Сайн-Витгенштейн есімді жақын құрбысына сыйлаған, нақтырақ айтсақ оның швейцариялық банктегі есепшотына аударған. Жақын құрбысы деген сөздің мәнін анықтау қиын. Себебі ол корольмен 2006 жылы танысып, жоғарыда айтылған 2012 жылғы Бостванадағы сафариға дейін бірге болған. Көптеген шетелдік сапарларда экс-король оны жа­ны­нан тастамаған. Кейбір дерек­тер бойынша, ол Хуан Кар­лостың көңілдесі болуы да ғажап емес. Бірақ өзі бұл айыпты мойындамайды. Енді Испания монархиясының айналасында осыншама дау әлі жалғасып келе жатқан соң қазіргі король Филипп VI наурыз айында өз әкесінің мұрасынан (қаржы, материалдық дүние) бас тартып, оған бюджеттен бөлінетін 194 мың еуроны тоқтату туралы ше­шім қабылдады. Тақ иесі осы арқылы бірнеше мақсатты көздеп тұрған сыңайлы. Біріншіден, мұрадан бас тарту арқылы заңсыз қаражатты қолданбайтынын әрі оған өзінің қатысы жоқ екенін жариялады. Ал әкесін қаржы көзінен айырып, заңсыздықты жа­залағандай болды. Яғни, халық алдында әділ патша болуға ұм­тылуда. Әрине, бұл әкесімен келісілген қадам ба, әлде біржақ­ты қабылданған шешім бе, онысы белгісіз. Бірақ король Филипп VI барлық қаржылық шатақтардан ада екенін дәлелдеп баққысы келетіндей. Испания королі Филипп VI әкесіне қарағанда даулы оқиға­лар­дан алшақ жүр. Бойы 197 см болатын монарх пара алу, кө­ңілдес ұстау, бюджет қаражатын ретсіз шашу секілді жанжалдарға кезіккен жоқ. Бәлкім, әпкесі мен әке­сінің қателіктерінен са­бақ алған болар. Әзірге саяси қа­теліктер де жасаған жоқ. 2015 жылы Парламентте ешбір партия басымдыққа ие болмаған соң ол өз құқығын пайдаланып, заң шы­ғарушы органды таратып жіберді. Сол жылы елі қаржылық қиындық көріп жатқанда өз шығынын 20 пайызға қысқартатынын мә­лімдеді. Яғни, жағдайға сай әре­кет етті. Мүмкін, ол осындай имид­жімен Еуропаның өзге монарх­тарының арасында зор беделге ие болған шығар. Өйткені Филипп VI Дания, Норвегия монархтары ұрпақтарының кіндік әкесі.  

Нұрмұхамед БАЙҒАРА