Американың Science журналы COVID-19 пандемиясымен күрес жайында зерттеу мақаласын жариялады. Ғалымдар коронавирустың жасырын таралу жолын жабатын болса, жағдайдың біршама жақсаратынын айтады. Бұл вирус белгілері енді ғана білініп жатқан елдерге қатысты. Осы орайда, әлем елдерінің вируспен күресте қолданатын тиімді тәсілдерін жіктеп көрдік.
Алдымен, дүниежүзін дүрліктірген вирусқа қарсы вакцинаның пайда болғанын жазып, сүйінші сұрамақпыз. Індеттің таралуына себепші болған ел бетін қайтару үшін барын салып жатыр. Ақпан айында әлемдік БАҚ бетінде Қытайдың COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина жасауға бел шеше кіріскені туралы айтылды. Тіпті, Қытайдың Ресейдегі консулы вакцинаның дайын екенін айтып, тек ұсақ-түйек тексеру жұмыстары қалғанын хабарлаған. Көп өтпей Қытайдағы Ғылым және техника министрлігі жанындағы биотехнология орталығының басшысы «Фавипиравир» препараты жайында мәлімдеме жасады. Жапон корпорациясы әзірлеген препарат Ухань тұрғындарына оң әсер етіп жатыр.
Жалпы, жаһанның ондаған зерттеу институты пандемияға қарсы вакцина жасауды көздейді. Әрі олар кішігірім зерттеу есебінде сынама тест жүргізеді. Мәселен, жақында Сиэтлдегі Kaiser Permanente Washington Health Research орталығында кезекті сынама өтті. Оған адамдар өз еркімен қатысты. Ал сәуір айында Канзас-сити мен Пенсильвания университетінің сынақ орталығында Inovio Pharmaceuticals компаниясының вакцинасын сынап көрмек.
Дәрі-дәрмек пен вакцина болғаны көңілдің орнығуына себепші. Дегенмен соған қарамастан сақтық шаралары сақталуы тиіс. «Ауру айтып келмейтінін» ескеріп, Сингапур мен Түркіменстан тәрізді ертерек қамданған абзал. Қос ел қандай тәсіл қолданды? Түркіменстан шекарасын «қымтап» жауып, адыраспанды түтетуді ұсынады. Ал Сингапур тәжірибесін төменде топтастырдық.
Қарап тұрсаңыз, Сингапур Қытайға жақын ел. Бірақ індет жайылған елдер тізіміне кейінірек енді. Сондай-ақ пандемиямен күрес құрылымын жолға қойды. Ең алдымен ауруды бақылау мен жедел диагностикалық тексеру жүйесін енгізді. Ел үкіметі ақпан айынан бастап кез келген ұйым ғимаратына келушілерді тізімге алды. Мекенжайы мен телефон нөмірін қалдыруды өтінді. Егер қандай да бір жерде коронавирус тіркелер болса, жоғарыдағы ақпаратқа сүйенді. Бұл құрылым біраз жұмысты жеңілдетті.
Сингапур әрі қарай тексеру амалдарын күшейтті. Елге келгендерде вирус белгісі бар-жоғын 3 сағат ішінде анықтады. Әрі шетелге шығуға шектеу қойды. Осындай шаралардың нәтижесінде коронавирустан айыққандардың саны жүзден асты. Мұның сыртында қолды сабынмен жуу, медициналық маска тағу, дұрыс тамақтану секілді қарапайым ережелер бар. Айта кетерлігі, Сингапурде пандемияға шалдыққандардың саны 300-ден асса да, өлім-жітім тіркелмеген.
Қазір сарапшылар Тайвань, Сингапур мен Оңтүстік Кореяның пандемиямен күрес үрдісі Еуропа елдеріне үлгі екенін айтады. Неліктен? Өйткені олар дәрігер ескертпесі мен ережесін қатаң ұстайды. «Шетел аспа, қолыңды сабынмен немесе антисептикпен жиі жу, адамдармен қашықтан аралас, үйде отыр» секілді сөздер тұрғындар үшін заң. Еуропа елдеріне қарағанда, азиялықтарда үрей басым екен. Себебі олар пандемияның түбі не боларын, қанша адамның тағдырын жалмайтынын түйсінеді. Тіпті, Тайвань билігі халқын алдын ала коронавирусқа қарсы психологиялық дайындықтан өткізген деседі.
Ал Оңтүстік Корея жоғарыдағы ескертпеге қоса, телефонға қосымша жүктеуді тапсырған. Corona alimi, Corona 100m бағдарламасы арқылы коронавирус жұқтырған адамның бұрын қайда болғаны, қандай жерде мекендегені туралы ақпарат аласыз. Қауіпті аймақта жүрсеңіз мобильді қосымшадан арнайы ескерту хабарламасы келеді. Сондай-ақ егер біреу дертке шалдықса полиция қызметкерінің оның телефонын тексеруге құқы бар екен. Олар науқастың қалта телефонын тексеріп, GPS арқылы соңғы 2-3 аптада барған жерді анықтап, карантинге жабады. Автобус, метро мен университет есігінде міндетті түрде антисептик қойылады. Медициналық маскасы жоқ студент сабаққа қатыспайды. Оңтүстік Кореяда да медициналық маска бағасы қымбаттаған. Сол үшін дәріханада қанша маска қалғанын арнайы бағдарлама арқылы білуге болады.
Ал Қытай үкіметі қарқынды шараға қаңтардан бастап көшті. Сөз басында Science журналының зерттеуі жайында жаздық. Сонда АҚШ ғалымдары Қытайдың дер кезінде шекараны жаппағанын, халқының шетел аралауына тыйым салмағанын айтып, налыған. Өйткені олар Ухань мен Хубэй қаласын 23 қаңтардан бастап жапты. Соның өзінде сақтық шарасы, зарарсыздандыру мен тазалық жұмысын күшейтіп, ақыр соңында оң нәтиже көрсетті. Бір аптаның ішінде аурухана салып елді елең еткізгені тағы бар. Бәрінен бұрын биотехнологтарға вакцина мен дәрі-дәрмек ойлап табу жағын жүктеп, бар жағдайын жасаған.
Коронавирус ошағына айналған Италия болса сақтық шарасына ден қойғанымен, жағдайды уысында ұстай алмады. Өйткені менталитет бәрібір рөл ойнайды. Ғалам вирус деп дабыл қақса да, «ауылы аралас, қойы қоралас» жататын Еуропа бір-біріне «қонақ» болуды тыймаған. Сол үшін сарапшылар пандемия кезіндегі Еуропа мен Азия жағдайына екітүрлі баға береді. «Тәртіпке бағынғанның құл болмайтыны» белгілі. Осы орайда, Ipsos қос тараптың жүріс-тұрысына, жағдайды қабылдауына байланысты арнайы зерттеу жүргізген.
Зерттеу жеке бас гигиенасы мен жауапкершілік төңірегінде жіктелген. Онлайн сұрақ-жауапқа Австралия, Канада, Франция, Германия, Жапония, Ресей, Ұлыбритания мен АҚШ жұрты қатысқан. Сонда медициналық маска тағу жайын сұрағанда Жапония мен Ресейден басқасы салқынқандылық танытатынын көрсеткен. Адам топталып жүретін жерден алшақ жүру тұрғысында да Жапония «үздік оқушы» атанған. Шетелге шығу, зарарсыздандыру шарасы төңірегінде де Еуропа елдері басқаша пікірде. Сондықтан да ДСҰ Еуропа елдерін коронавирустың ошағы деп қауіптенеді. Әрі осындай селқостық жалғаса берсе АҚШ-та Италияның кебін кие ме деп қорқады.
ДСҰ дұрысын меңзеп тұр. Өйткені темір тәртіпті ұстанып, Үкімет айтқанын айқын орындаса, індеттің беті қайтады. Ұйым коронавирус тізбегін үзуді ұсынады. Қалай дейсіз ғой? Жай ғана «үйде қалыңыз». Қазір осы атаумен әлемдік челлендж басталып кетті. ДСҰ мәлімдеуінше, әр адамның үйде отырғаны – ғаламды құтқаруға үлес қосқаны.