Қазір елімізде 80-нен астам эстониялық компания логистика (CF&S Kazakhstan LLP), пошта қызметтері (Omniva) және цифрлық сервис (Bolt) салаларында табысты жұмыс істеп жатыр.
Эстонияның Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициясы 128 миллион доллардан асты – Тоқаев 
364
оқылды

Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Эстония халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты жолға қойған, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Негізгі өңірлік және жаһандық мәселелерде, соның ішінде бейбітшілікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етуде ұстанымдары ұқсас.

Кездесуде өзара қарым-қатынастың маңызды бағыттарының бірі саналатын экономикалық ынтымақтастыққа баса мән берілді. 

Президент Эстонияның 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициясы 128 миллион доллардан асқанын атап өтті. Қазір елімізде 80-нен астам эстониялық компания логистика (CF&S Kazakhstan LLP), пошта қызметтері (Omniva) және цифрлық сервис (Bolt) салаларында табысты жұмыс істеп жатыр.

Мемлекет басшысының пікірінше, Эстониядан үлкен бизнес-делегацияның келуі Таллиннің серіктестік аясын одан әрі кеңейту ниетін танытады. Қазақстан эстониялық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдету Қазақстан мен Эстония арасындағы достықты нығайтуға тың серпін береді деп санайды. 

Президент ғылым-білім саласы екіжақты ынтымақтастықтың ең перспективті бағыты болып қала беретінін айтты.

Алар Карис Қазақстанды Эстонияның Орталық Азиядағы ең маңызды экономикалық серіктесі деп атады.

– Эстония Қазақстан мен Еуропа Одағы нарықтары арасында қуана-қуана дәнекер болады. Эстония бизнес өкілдері Сіз атап өткен транзит және логистика саласынан бөлек, Қазақстанның басқа да секторларына инвестиция салуға әзір. Бизнес-делегациямыздың құрамында 40 компания бар. Олар логистика, транзит, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, киберқауіпсіздік, сондай-ақ білім және ғылым салаларында қызмет көрсетеді. Еуропа Одағының мүшесі ретінде Эстония Орталық Азияның, оның ішінде аймақта көш бастап тұрған Қазақстанның ЕО-мен стратегиялық серіктеске айналғанына қуанады. Атап айтқанда, ЕуроОдақ Global Gateway жобасы аясында көлік және өңіраралық байланыс саласындағы қатынастарды нығайтуға ниетті, – деді Эстония Президенті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге сапармен келгені үшін Алар Кариске ризашылығын білдіріп, бүгінгі кездесуді шынайы достықтың нышаны әрі өзара ынтымақтастықты тереңдетудің мүмкіндігі ретінде қарастыратынын мәлімдеді.