Былтыр еліміз бойынша 123,6 мың неке тіркелді. Ал 40,5 мың отбасы ажырасқан. Ешкім ажырасамын деп үйленбейді.
«Құлаған шаңырақ» көлеңкесі
коллаж: Елдар ҚАБА
397
оқылды

Шаңырақтың шайқалуына да түрлі себеп әсер етуі мүмкін. Бірақ ажырасу процесінде көзге қатты көрінбейтін, зардабы ауыр бір мәселе бар. Ол – баланың тағдыры. Иә, заң жүзінде бала құқығы қорғалады. Бұрынғы ерлі-зайыптылар да балаға қамқорлық көрсетуге міндетті. Бірақ «тірі жетім» атанған баланың алдағы тағдыры жайлы ойланатындар аз.

Статистика бойынша, елімізде 6 841 527 бала бар. Бірақ олардың балалық шағы бар­лығында бірдей бақытқа толы емес. Ша­мамен 13,1 пайызы бала әкесінің жылу­ын, 1,1 пайызы анасының махаббатын аң­сап күн кешуде. Астаналық Аяжан Бақ­бер­генованың тағдыры да осыған ұқсас. Ол қазір екі баланың анасы. Бірақ Аяжан оқу­шы кезінде сыныптастарына «әкем қайтыс болған» деп айтуға мәжбүр болыпты. Уақыт өте келе бұл өтірігіне өзі де сеніп қалған. 

Буллингке жол ашатын себеп

– Ата-анам мен есімді білмеген шақта ажырасыпты. Әкемді ешқашан іздеген емеспін. Бұл тақырып анама ауыр болған­дықтан, ол жайлы сұрамайтынмын. Бірде мектепте «әке» туралы шығарма жазуға тапсырма берді. Мен әкенің махаббатын да, жылуын да сезбей өскенмін. Не жаза­рымды білмедім. Осылайша, тірі әкемді «жоқ» деп айттым. Әкесі жоқ деп құрбы­ларым жиі күлкі ететін. Өзімді бір қанаты жоқ құстай сезіндім. Ортамнан оқшауланып жүретінмін. Кейін тұрмысқа шықтым. Ұзату тойымда да әкемнің жоқтығы қатты білінді, – дейді Аяжан Бақбергенова. 

Қоғамда ажырасу саны артқан сайын бұл құбылыстың балалар психологиясына әсері туралы мәселе де жиі айтылып жүр. Психологтардың айтуынша, ата-анасы ажырасқан балалар эмоционалдық тұрғы­дан әлсіз, өзін қорғансыз сезінетін кездері көп. Мұның салдары ретінде олар мектепте немесе қатарластары арасында буллингке жиі ұшырайтын топқа айналып бара жатыр.

– Ата-ананың ажырасуы – бала үшін үлкен өзгеріс пен күйзеліс. Отбасындағы бұрынғы тұрақты атмосфераның бұзылуы, бір ата-ананың алыстап кетуі, күнделікті режимнің ауысуы бәрі бала психикасына әсер етпей қоймайды. Осындай эмоционал­дық жарақат кезінде бала өз-өзіне сенімсіз, тұйық, мазасыз бола бастайды, – дейді психолог Балабек Сақтағанов. 

Осылайша, өзін әлсіз сезінген бала қа­тарластары арасында оңай мазаққа не­месе қысымға ұшырауы мүмкін. Өйткені буллинг жасаушылар көбіне психологиялық тұрғы­дан осал, қорғаныс механизмі әлсіз бала­ларды нысанаға алады. Өкінішке қа­рай, кей мектептерде ажырасқан отбасы­ларға қа­тысты әлі де түсінбеушілік, стереотип сақ­талған. Кей балалар «толық емес отбасы», «әкесіз», «анасыз» деген сөздерді келеке ету­ді қалыпты жағдайға айналдырып алған. Мұндай сөздер баланың жүрегіне ауыр тиюі мүмкін. Ал әлеуметтік қысымға төтеп бере алмаған бала мектепке барудан бас тартып, үлгерімі төмендеуі, тіпті агрессия немесе тұйықтыққа бейім болуы ықтимал.

Ажырасқаннан кейін де ата-аналар ара­сындағы даулар, бір-бірін қаралау, баланы қарсы қою сияқты әрекеттер оның ішкі күйзелісін күшейте түседі. Баланың психо­логиялық күйі тұрақсыз болса, ол мектепте өзін қорғау қиындайды. Тіпті, кейбір бала­лар құрдастарының агрессиясын қалыпты деп қабылдауы мүмкін. Сондықтан маман­дар ажырасу процесінде де, одан кейін де баланы өзара жанжалдардан алшақ ұстау керегін ерекше ескертеді. 

– Астананың сол жағалауындағы мек­тепте сабақ беремін. Сынып жетекшімін. Сыныбымның тең жартысы – толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар. Өзім ана болғандықтан, олардың жағдайын түсініп, мектепте бұл тақырыпта әңгіме айт­пауға тырысамын. Бірақ кейбір ата-ана­лар «әкесі жоқ» баланы бұзық деп жаң­сақ ойлайды. Мектеп бағдарламасы да, білім жүйесі де бұл жағдайды қабылдап, шара қолданса деймін, – дейді Еркежан Төлеп­берген. 

Ажырасу – өмірлік травма

Психолог Балабек Сақтағановтың айтуынша, ажырасудың қандай түрі болса да, бала қай жаста болса да ажырасу бала пси­хологиясына «негатив» әсер етеді. Яғни, кері әсерін тигізеді. Сондықтан ерлі-зай­ып­тылар бір-бірін жақсы көріп үйлен­ген­нен кейін, баланы дүниеге әкелгеннен соң мүмкіндігі келгенше ажырасуға ұмтылма­ғаны жөн. 

– Иә, ажырасуға ішкі қайшылықтар да, ата-ене, туған-туыс сияқты сыртқы фактор­лар да әсер етеді. Баланың психикасы 5 жасқа дейін қалыптасады. Мүмкіндігінше ата-ана бала 5-ке толғанша айырылыспауы керек. Сонда баланың психологиясына айтарлықтай кері әсерін тигізбейді. Бала психикасындағы бұл травма бірден көрін­бейді. Ол өсіп, ел азаматы болғаннан кейін өзі отбасын құрған кезде психикадағы трав­малар шыға бастайды. Кейде баланың поте­циалын толық ашуына кедергі болады. Ажырасу ешқашан балаға оң әсерін тигізбейді, – дейді психолог. 

Ажырасу – сот арқылы жүзеге асатын процесс. Егер бала анасында қалса, әкесі алимент төлеуге міндеттеледі. Психологтың пікірінше, ажырасу жағдайында ата-аналар ең алдымен баланың психологиялық сау­лы­ғын ойлауы керек. Сол себепті олар өзара келіспеушіліктерді, жанжалдарды немесе сот процестеріне қатысты мәселелерді балаға мүлде араластырмауы маңызды.

Бала үшін әке мен ана – өміріндегі ең жақын әрі орны бөлек адамдар. Ол екеуін де шынайы түрде жақсы көреді және олардың арасындағы қарым-қатынасқа жауапты емес. Дегенмен кейбір ажырасу жағдайларында бөлек тұратын ата-ананың бірі баламен байланысын жоғалтып алып жатады. Мұндай жайттар көп кездеспе­ге­німен, оның балаға психологиялық тұрғы­дан ауыр әсер ететіні анық. Сондықтан ата-­ана ажырасқан күннің өзінде балаға де­ген жауапкершілікті бірге атқаруы қажет. Бала екі жақтан да махаббат пен қолдауды сезінуге тиіс. Әкесі де, анасы да қарым-қатынасты үзбей, белгілі бір жүйелілікпен кездесіп, оның өміріне белсенді қатысып отырғаны жөн. Бұл баланың тұрақты, қау­іпсіз ортада өсіп, эмоционалдық тұрғыдан өзін сенімді сезінуіне көмектеседі. 

– Балаға трамва салмаймын деген ата-ана ешқашан ажырасуға бармайды. Ажы­рас­қан отбасының баласы бастапқыда әке-ше­шесіне ренжиді. Одан кейін сағы­нады. Әсіресе, қыздар әкесімен бірге өт­кізген уақыттарын, отбасындағы баяғы жылы­лықты аңсап стресске түседі. Мұның соңы депрессияға ұласады. Мұндай бала­ның ештеңеге көңілі толмай, қателік жаса­са, оған ата-анасын кінәлайды. Бірақ ажыра­спаймыз деп, отбасында күнде айқай шығаратын ата-аналар да баласына травма салды, – дейді Балабек Сақтағанов. 

Сондай-ақ психолог баланы «құрал» ретінде қолданатын аналарды сынға алды.  

– Ажырасқаннан кейін көп ана баласын әкесіне көрсетпей, құрал ретінде қарайды. Бұл дұрыс емес. Баланы көрсетпей, бұрын­ғы күйеуімді жазалаймын деу қате. Бұған әйел­дің де, еркектің де ештеңесі кетпейді. Бірақ бұл баланың санасында өмірлік қалатын травма. Ажырасудың салдары бір отбасына ғана емес, екі әулетке де әсер етеді. Әкесіз өскен қыз тұрмысқа шыққанда үлгілі отба­сының қалай болатынын білмей көп қате­лік жібереді. Анасы арқылы «бар­лық еркек оңбаған» деген түсінік қалып­тастыруы да мүмкін, – дейді психолог. 

Әлемде қалай?

Бүгінде әлемнің бірқатар елінде бала құқығы ажырасқаннан кейін де қорғалады. Айталық, АҚШ-та баланың құқығы ананың құрсағында-ақ бекітілген. 2003 жылы 21 қазанда АҚШ сенаты жүктіліктің соңғы кезеңінде жасанды түсік жасауға тыйым салынды. Халық наразылығына қарамас­тан, президент Буш 2003 жылы осы мәсе­леге қатысты заң жобасына қол қойып, толыққанды заңға айналдырды. АҚШ-тағы «Полиция заңының» 29а параграфына сәйкес, отбасына күш көрсеткен отағасына екі апта бойы үйіне кіруге және баласы, әйелімен сөйлесуге тыйым салынады.

Ажырасу процесі кезінде ата-ананың ешбірі баласын бұрынғы жұбайына қарсы қоюға құқығы жоқ. Сондай-ақ әкесі мен анасы балаларына оның кінәсінен ажыра­сып жатпағандарын түсіндіру міндетті. Педиатр ата-анасы ажырасып жатқан бала­ны күйзеліске түсіп кетпеуі үшін психолог кеңесіне жібере алады. 14 жасқа толған бала отбасылық жағдайына көңілі толмаса, сотқа арыздануына болады. Бала өз бетімен табыс таба алатынын және өз-өзіне қамқор бола алатынын дәлелдеген жағдайда, ата-анасынан бөлініп шығуына рұқсат етіледі.

Скандинавия елдері үшін ажырасу – тек екі ересектің жеке мәселесі емес. Ол – қоғамның, мемлекеттің назарында болатын әлеуметтік-психологиялық құбылыс. Өйт­кені ажырасудың ең ауыр салдары көбіне балаларға тиеді. Сол себепті дамыған елдер баланың құқығы мен психологиялық саулы­ғын қорғауды мемлекеттік саясат дең­гейі­не көтерген. Швеция, Норвегия, Дания секілді Скандинавия мемлекеттері баланың құқығын қорғау жүйесінің ең үлгілі үлгісі ретінде аталады. Бұл елдерде ажырасқан ата-ананың баламен қарым-қатынасы заң­мен қатаң бақылауда болады. Баланың екі ата-анамен де байланысы үзілмеуге тиіс – бұл құқық сақталмаса, ата-ананың біріне айыппұл салынады немесе ата-ана құқығы­нан айыруға дейін барады. Сондай-ақ пси­хо­логиялық орталықтар балаларға тегін кеңес береді. Ал материалдық жәрдемақы ажы­расу фактісіне қарамастан балаға тұрақты түрде төленеді.

Көктем ҚАРҚЫН