Президенттің айтуынша, биылғы «Парыз» байқауына қатысушылар түрлі қайырымдылық шараларға 37 миллиард теңгеден астам қаржы салған.
Қасым-Жомарт Тоқаев: Ел Президенті ретінде кәсіпкерлерге шынайы құрметпен қараймын
66
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Қазір әлемде болып жатқан үдерістерді бәріңіз де көріп-біліп отырсыздар. Геоэкономикалық ахуал өте құбылмалы әрі бұлыңғыр. Осындай кезеңде бизнес өкілдерінің жасампаздық, отаншылдық қасиеттері айқын көрінеді. Мұндай уақытта кәсіпкерлеріміздің табанды еңбегі және ел болашағына деген зор сенімі аса маңызды екені анық. 

Түптеп келгенде, сапалы өнім шығарып, сапалы қызмет көрсету – бәсекеге қабілетті болу және ең бастысы, еліміздің өркендеуіне нақты іспен үлес қосу деген сөз. 

Ел Президенті ретінде кәсіпкерлерге, ұлттық буржуазиямызға, соның ішінде, ең алдымен, осы залда отырған бизнес қоғамдастықтың өкілдеріне шынайы құрметпен қараймын. Сіздердің қабілеттеріңізге, іскерлік және адамгершілік қасиеттеріңізге сенемін. 

Сіздер мемлекетіміздің игілігі, экономикалық әлеуеті үшін табанды еңбек етіп келе жатқан Қазақстанның нағыз патриотысыздар. 

Сіздер жетістікке жетуден шабыт алатын, өзгелерге үлгі болатын азаматсыздар. Әр қадамдарыңыз сәтті болатынына сенімдімін.

Қандай да бір істе болсын, пессимизмге бой алдыратын, әрекетсіз, құлықсыз, іші тар адамдардың жетістікке жетпейтіні ертеден белгілі. Мұны, әсіресе, әлеуметтік желіде уақытын өткізіп жатқан жастар білуі әрі есте сақтауы керек. 

Шығыс даналығы ең қиын жағдайдың өзінде үлкен мүмкіндіктер жасырынып жататынын айтады. Сондықтан еңсені түсіріп, күйзеліске берілудің қажеті жоқ. Керісінше жетістікке жететін жол іздеу керек», - деп атап өтті Тоқаев.

Президенттің айтуынша, биылғы «Парыз» байқауына қатысушылар түрлі қайырымдылық шараларға 37 миллиард теңгеден астам қаржы салған. 

«Қазақта «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» деген сөз бар. 

Биылғы «Парыз» байқауына қатысушылар түрлі қайырымдылық шараларға 37 миллиард теңгеден астам қаржы салған. Бұл отандық бизнестің қоғам игілігі үшін аянбай адал қызмет етуге дайын екендігін көрсетеді. 

Осында отырған әр азаматтың туған елге деген ықылас-пейілі жас кәсіпкерлерге үлгі-өнеге болары сөзсіз. Сіздерге тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін! Кәсіптеріңіз алға баса берсін!  Баршаңызға амандық, табыс тілеймін!», - деді Президент.