Мемлекет декреттік төлем төлеу рәсімін «жетілдіруді», шынында – көлемін қысқартуды жалғастырды. 2025 жылы жас босанған жұмыскер аналарға тағайындалған бір жолғы төлемнің орташа мөлшері небәрі 1,4 млн теңгені құрады.
Декреттік төлем теңдікке негізделеді
207
оқылды

Яғни, бұрынғы жылдардағыдай 5 миллион теңгеден жоғары төлем алу тәжірибесі тарих қойнауына жол тартқанға ұқсайды. Сонымен бірге енді балаларының күтімі­мен отырған ерлерге де бала баққаны үшін 12 жыл­ға дейін еңбек өтілі есептелмек. Саладағы жаңа реформа қандай жаңа­шыл­дықтар әкелмек?

Жөргекақы тіршілікке жете ме?

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі 2025 жыл­дың басынан бергі он ай ішін­де 508 мың адамға республикалық бюджеттен 692 млрд теңге сомада бала тууына және күтіміне бай­ланысты жәрдемақылар төлен­генін мәлімдеді. Бір адамға шақ­қанда 1 млн 362,2 мың теңгеден келеді. Қағидалардың қатай­тылуына байланысты мемлекеттен жәрдемақы ала алмаған аналар да бар көрінеді. 

– Соның ішінде бала туғанда берілетін жәрдемақымен 2025 жылдың басынан бері республика­лық бюджеттен жалпы сомасы 51,7 млрд теңге сомаға барлығы 286 мың адам қамтылды. Соның ішінде қазан айында 5,2 млрд теңгені 28,5 мың адам алды. Бұл жәрдемақыға бала туған, асы­рап алған, сондай-ақ қамқорлыққа алған балалары бар еліміздің азаматтары, қандастар, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер үміткер бола алады, – деп мәлімдеді Еңбекмині». 

Ведомствоның дерегінше, бүгінде Қазақстанда бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері келесідей: бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 149 416 теңге. Төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 247 716 теңге. Бірақ бұдан міндетті зей­нетақы жарналары ұсталатын­дықтан, аналардың қолына алатын ақырғы сомасы 10 пайызға кем бо­лады. Әлеуметтік желіде, форум­дарда шағымданған аналар елді қалпымен қымбатшылық жайлаған заманда бұл сома удай қымбат дәрі-дәрмекті айтпағанда, сәби мен ананың азық-түлігіне, киім-кешегіне, өзге керек-жа­ра­ғына жетпей қалатынына шағым­данады.

Бұдан басқа, жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан бірреттік төлем төленеді. Осы біржолғы төлемді жыл басынан бері жалпы сомасы 245,3 млрд теңгеге 175,1 мың адам алды. Бір адамға шаққанда орта есеппен небәрі 1,4 млн теңгеден келген. Соның ішінде қазан айында 17,8 мың адамға 17,4 млрд теңге бе­рілді.

Бұған дейінгі жылдары жұмыс істейтін кейбір ананың бала туған кезде МӘСҚ-тен алатын біржолғы төлемінің көлемі 5 миллион тең­геден асатын. Жоғары мөлшері 8 миллионнан асып жүрді. Заң бұған жол береді: төлем мөлшері жүк­тілігі және босануы бойынша уа­қытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 айда МӘСҚ-ға әлеуметтік ау­дарымдар жүргізілген орташа ай­лық кіріске және ең­бекке жа­рамсыздық күндері саны­на байланысты. 

Тиісінше, бірнеше миллион теңге жалақы алатын банкир, топ-менеджер, басшылық қызметтегі әйелдер немесе табысы жүздеген миллионмен есептелетін бизнес­вумендер кірісінен бюджетке төлеген алым-салығына және МӘСҚ-ке аударған аударымдары­на сай, жоғары төлем ала алатын. Алаяқтықпен күрес дегенді сылтау етіп, былтырдан бері Еңбекмині оларды бұл мүмкіндіктен айырды. Енді төлемді есептегенде, ең жоғары табыс ретінде тек 7 ең төменгі жалақыдан аспайтын мөлшері назарға алынады. 2024, 2025, 2026 жылдары ЕТЖ 85 мың теңге көлемінде қалды. Ендеше, 7 ЕТЖ тек 595 мың теңгеге тең. Бір­жолғы төлемнің бірнеше есеге құлдырауына осы себеп болды. 

Ананы кемсіту абырой әпермейді

Қаржылық мониторинг агент­тігі бұл салада алаяқтық схемалар шынымен болғанын атап өтті. Бұрынырақта мұндай қылмысқа барғандар енді анықталып, жаза­ланып жатыр. ҚМА-ның Павлодар облысы бойынша департаменті жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру схемасын ұйымдас­тырған тұлғалар тобына тергеу жүргізіп жатыр. Соның ішінде жәрдемақы және зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық­тың бөлім басшысы жәрдемақы­ларды заңсыз тағайындауға қа­тысы бар деген күдікке ілінді.

Агенттіктің баяндауынша, көлеңкелі схема келесі тәсілмен жүзеге асырылыпты: мемлекеттік орталықтың бөлім басшысы бірқатар кәсіпкерге қызмет көрсететін, тиісінше, олардың электрондық цифрлық қолтаңба­ларына қол жеткізе алатын бухгал­тер туысын тартқан. Есепші ЭЦҚ-ларды иелерінің рұқ­сатынсыз пайдаланып, жұмысқа қабылдау туралы жалған бұйрық­тарды жасап, еңбек қатынастары заңды түрде рәсімделгендей кө­рінетін өзге де құжаттарды дайындаған. 

– Мұның сыртында бірнеше таныс адамды жұмылдырған: олардың міндетіне жүкті әйелдерді табу және ұсынылып отырған рәсімдеудің заңды екеніне сендіру кірген. Ұсынылған жалған дерек­тер негізінде уәкілетті органдардан жәрдемақылар тағайындалған. Алынған қаражат кейіннен схема­ның қатысушылары арасында бөлінген. Салдарынан, 13 жеке кәсіпкердің атынан 50-ден астам жүкті әйелге 6 млн теңгеге дейін өсірілген жәрдемақылар төленді. Мемлекетке келтірілген залал 200 млн теңгеден асты. Сот санкция­сы­мен күдіктілердің 3 автокөлігіне тыйым салынды. Тергеу жал­ғасады, – деп мәлімдеді агенттік.

Қаржыгер Дана Жарлығапова жемқор, пайдакүнем шенділерге, жүйеге арам қолын сұққан бірнеше алаяққа бола, жұмыскер әйелдерді 7 ЕТЖ шектеуімен қатаң жазалауды әділетсіздік санайды. Ол осы шектеуді жоюды сұрап, жауапты органдарға талай ұсыныс жолдапты. Алайда бұл талаптың тұрақты қала­тыны туралы жауап алған. Сарапшының түсіндіруінше, мұндай алаяқ­тармен күресу үшін тыйым салып, шектеу енгізудің қажеті жоқ: әрбір өтініш иесі мен оның жұмыс беруші­сінің еңбек­ақы төлеу қоры­нан төленген барлық тиісті төлем­дерін өзара салыстырып, цифрлық тексеру жүргізсе жетеді. Ол үшін тексеріспен ба­ру­дың керегі жоқ, бәрі каби­нет­те, компью­термен жа­салады. 

Қаржыгер де­мографияны жақ­сар­тып, қазақтың са­нын өсіріп отыр­ған аналарға қатысты қалып­тасқан тағы бір әділет­сіздікке назар аудартты. Ай басында бала туған аналар ай соңына қарай туғандарға қара­ғанда аз төлем алады. Неге? Еңбекмині және МӘСҚ жүктілік пен бала тууға байланысты та­бысты жоғалту жағдайларына әлеуметтік төлемді есептеу кезінде тек баланы өмірге әкелген күнге дейін аударылған аударымдарын басшылыққа алады. 

– Ал заң, яғни, Әлеуметтік кодекстің 246-бабы бойынша жұмыс берушілерге барлық аударымды келесі айдың 25-іне дейін аударуға рұқсат етілген. Компаниялардың көбісі осы мүмкіндікті пайдаланады. Бұл аналарға қатысты әділетсіздік тудырды. Мысалы, бір әйел кісі 2025 жылдың мамырының ба­сында сәбилі болды. Жүктілігі мен бала тууына байланысты жарам­сыздық парағы 5 мамырда ашыл­ды. Жұмыс берушісі болса, 2025 жылғы сәуір үшін аударымдарды 24 мамырда ғана аударған. Соның салдарынан МӘСҚ ол ананың бір айына төлемі жоқ деп, біржолғы төлемін қысқартып тастады. Бөбегін сүйреп, жүгірмеген жері жоқ, бірде-бір шенеунік былқ етпеді. Еңбекмині жұмыс істеген аналарды бір айлық заңды та­бы­сы­нан осылай айырып отыр, – деді Д.Жарлығапова.   

Бұл шектеу әйелдер арасында үрей туғызып жатқан көрінеді: егер айдың басында туатынын түсінсе, әйелдерге басшысы мен бухгалтеріне жалынып, аяғына жығылып, өзі үшін төлемді айдың басында тез аударуды сұрауға мәжбүр. Заң бұл тұрғыда ананы қорғамайды, жұмыс берушіге жақ: ол келесі айдың 25-іне дейін асықпайды. Соған дейін бухгалтер компанияның депозитінен, бизнесінен, айналымынан бір тиын артық қаржы алмайды. 

Әке мен ананың құқығы теңеледі

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі өз тү­сініктемесінде жұмыс берушілерге заң бойынша әлеуметтік аударым­дарды есептіден кейінгі келесі айдың 25-іне дейін төлеуге жол берілетінін алға тартты. «Сондық­тан осындай жағдайлар үшін әлеуметтік төлемдер мөлшерін анықтағанда әлеуметтік тәуекел күнінен кейін төленген әлеуметтік аударымдарды табыс есептеу­лерінен алып тастау туралы ереже көзделген. Қайта қаралған №248 қағидаларда: «...Әлеуметтік төлем құқығы пайда болған күн­нен кейін аударылған әлеу­меттік ауда­рым­дар әлеуметтік аударым­дарды есептеу үшін негіз ретінде пайда­ланылатын орташа айлық табысты анықтау кезінде ескеріл­мейді» деп көрсетілген. Осыған ұқсас тәсіл Әлеуметтік кодекске ұсынылған тү­­зетулерде де қолда­нылатын бо­ла­ды», – деп нықтады Еңбекмині. 

Бұл салада ізгі өзгерістер де бар: мысалы, Парламент «Кейбір заңнамалық актілерге қауіпсіз еңбек жағдай­ларын жетілдіру және жұмыскер­лердің еңбек құ­қықтарын қорғау мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жо­­­ба­сын қарап жатыр. Оған сәй­кес, бұдан былай ерлерге де бала күтімімен отырған уақыты жұмыс өтіліне жазылады. Жас ба­ла­ларды бағып-қаққан кезі, соның ішінде әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, бірақ жалпы жиынтығы 12 жыл ше­гіндегі уақыты жұмыс өтілі ре­тінде ресми есептеліп, зейнет­кер­лікке шыққанда жоғарылау зей­нетақы алуына жәрдемдеседі. 

Бұл Парламентте қызу пікір­талас туғызып жатыр. Кейбір де­путаттың байламынша, бұл көп­теген еркектің жаппай декретке кетуіне, елде жұмыс қолының күрт азаюына соқтыруы мүмкін. Мә­жіліс депутаты Олжас Құспеков қосымша қорғаныш-тосқауыл тетіктерін қарастырмаса, жаңа норма елді ер кіндіктілердің, әсіресе, әскерилер мен мемле­кеттік қызметкерлердің декреттік демалысқа лек-лекпен кетуіне арандатуы мүмкін деп санайды. 

– Бүгінде мұндай құқық тек жұмыс істемейтін аналар үшін қарастырылған. Олар зейнеткер­лікке шығарда мүлдем жұмыс өтілінсіз қалмау үшін жасалып еді. Ал қол-аяғы балғадай еркек үйінде неге отырады? Нәзік әйел жұмыс істеп жүргенде, оның жұмыссыз отыруы әділетті ме? Бұл норманы қабылдасақ, ертең әкелердің шетінен декретке кетуіне серпін бермейміз бе деген қауіп бар. Жұмысшылардың көптеген са­наты ұзақ демалысқа қуана-қуана кетеді. Ерте зейнеткерлікті сұрап жүргені қаншама, – дейді де­путаттар.  

Бірақ Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фрак­ция­сының мүшесі Асхат Аймағамбетов әріптестерінің бұл қорқынышы негізсіз деген пікірде. Ерлердің әйелінің орнына декретке шығуы қазірден бар. «Бұл жерде әңгіме кемсітушілікті жою туралы болып отыр. Ерлерге де декретке шығуға заңмен мүмкіндік берілді, олар оны пайдаланады. Бірақ дис­крими­нация қалыптасты: аналар­дың бала күтімімен өткен жыл­дары жұмыс өтіліне есептеледі де, әкелердің уақыты ескерілмейді. Сол себепті Парламент бұл кем­сіту­шілік норманы өзгертеді. Дек­ретке шыққысы келетіндер онсыз да шығады. Еңбек өтілі жазылады екен деп жаппай кетеді деп ойла­маймыз. Тек ер мен әйелдің осы са­ла­дағы құқығы теңестіріледі», – деді депутат. 

Айхан ШӘРІП