«Ромео мен Джульеттаның» жаңа тынысы

«Ромео мен Джульетта – әлем әдебиетіндегі ең таза лирикалық трагедия», дейді әдебиеттанушы Гарольд Блум. Шынымен де, «Ромео мен Джульетта» трагедиясы бақытты өмір сүру үшін күрескен қос ғашықтың қасіретін шынайы суреттейді.

Сондықтан шығар бұл спектакль тарихтағы ең көп сахналанатын пьесалардың бірі. Қазақ театрлары да жиі сахналап жүр. Әр режиссер өз «Ромеосы мен Джульеттасына» өмір сыйлауда. Жақында елордалық Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры әлем классикасын жаңаша сахналады. 

Жаңаша дейтініміз, бұл жо­лы Romeo & Juliet қойы­лымы синема-эпос жанрында ұсы­нылды. Жалпы, қазіргі мәдени кеңістікте өнер түрлерінің ара­ласуы, стильдердің тоғысуы әлем­дік тенденцияға айналды. Сол үде­рістің ең қызықты құбылыс­тары­ның бірі – театрдағы синема-эпос жанры. Бұл – киноэпостың кең тынысын, тарихи масштабын, визуалдық қуатын театрдың тірі энер­гетикасымен ұштастыратын жаңа бағыт. 

– Romeo & Juliet – барлық театр­да қойылған әлемдік классика. Біз де Әбіш Кекілбаев аударған туын­ды­ны заманға сай түрлендіріп көр­дік. Синема-эпос жанры теат­ры­мыз­да алғаш рет сахналанып тұр. Қойылым жастарға арналған, ди­на­микаға толы. Арасында комедия да, драма да, экшн да бар, – дейді театр директоры Ербол Жақсы­гел­д­і­ұлы. 

Театрдағы синема-эпос – үлкен экрандағы эпикалық баяндауды сахналық кеңістікке бейімдеу. Мұн­да режиссер тек актердің ше­бер­лігіне ғана емес, көркемдік тех­­нологияларға, қозғалмалы деко­ра­цияға, бейнепроекцияларға, му­льтимедиялық сценографияға сүйенеді. Осылайша, сахнада бұ­рын мүмкін емес болып көрінген кеңіс­тік «соғыс даласы, көне қала, шек­сіз дала, тарихи шайқас» қайта тірі­ліп, көрерменнің көз алдына жо­ғары деңгейде ұсынылады. Бұл ба­ғыт театрды жаңартып қана қой­май, оның тіліне киноға тән ритм, кадрлық монтаж, музыкалық қар­қын енгізіп, жаңа көркемдік тыныс бе­реді. Қуанышбаев театры жауап­ты жұмысты ресейлік театр және кино режиссері Ұланбек Баялиевке сеніп тапсырған. Режиссердің спек­­такльдері көрерменге ерекше эмоция мен заманауи көркемдік ше­шімдерді ұсына отырып, клас­сикалық пьесаларды жаңа қыры­нан ашатын ерекшелігімен та­ны­мал.

– Мені «Ромео мен Джульет­таны» орыс тіліне аударған Борис Пастернактың «Өшпенділік пен мейірімділік» деген сөзі шабыт­тан­дырды. Көпшілігі бұл шығармадан махаббат қасіретін ғана көреді. Бірақ өшпенділік жайлаған қазіргі заманда, мемлекеттер арасындағы қақ­тығыстар, отбасындағы жан­жал­дар көбейіп тұрғанда адамзатты махаб­бат қана емес, мейірімділік те құт­қарады. Спектакльді сахнала­ған­да халыққа осыны жеткізгім кел­ді, – дейді Ұланбек Баялиев.

Режиссердің айтуынша, мә­се­ле тек динамикада емес. Бұл – кинематограф пен эпос сын­ды мәңгілік жанрға жасалған құр­мет­тің белгісі. Ең қызығы, бұл тәсіл қа­зақы болмысқа – оның темпера­мен­тіне, даналығына, бейнені те­рең қабылдайтын табиғатына сәтті үйлесті. «Біз айтулы қойылымда еуропалық ойлау мен азиялық дү­ниетанымды тоғыстыруға тырыс­тық», – деп қосты Ұланбек Бая­лиев.

Қазір көптеген әлем театрында тарихи қойылымдарды кино эле­менттерімен ұштастыру кең тарал­ған. Жарық пен көлеңкенің кине­ма­тографиялық шешімдері, эк­ран­­дық фондар, проекцияланған кеңістіктер, динамикалық музы­касымен толықтырылған қаһар­ман­дық сахналар – бәрі-бәрі театр­ға таң­сық емес. Ал пьесаны қазақ ті­­ліне тәржімалаған – қазақ әде­бие­­ті­нің көрнекті қаламгері Әбіш Ке­­кілбаев. Жазушының көркем тілі көрерменді жалықтырмай, бір­ден баурап алады. Спектакльдің көр­кемдік шешімін жасау – көп­қыр­лы шеберлікті, нәзік интуи­ция­ны және ұзақ шығармашылық ізде­ністі талап ететін күрделі үдеріс. Осы жауапты міндетті қоюшы-суретші Қанат Мақсұтов үлкен абыроймен атқарды. Ол сахнаны жай ғана декорациямен толтыруды мақсат етпей, оқиға мен кейіпкер­лер тағдырын терең сезіндіретін поэ­ти­калық кеңістік қалыптастыра ал­ды. Сахнадағы әрбір деталь жа­рық, кө­лем, түс, қозғалыс траге­дия­ның іш­кі мазмұнымен үндесіп, көр­кем­дік тұтастыққа қызмет етеді.

Спектакльдің әсерін күшей­тетін маңызды элементтер­дің бірі – костюмдер топтамасы. Бұл бағыттағы жұмыс та қойы­лым­ның жалпы концепциясына ай­рық­ша салмақ түсірген. Белгілі ди­зайнер Жадыра Сахиева мен жас та­лант Ақбота Қапсалаң дайын­да­ған костюмдер кейіпкерлер мінезін айқындап қана қоймай, қойы­лым­ның эмоционалдық атмосферасын тереңдетіп, оның көркемдік әлемі­не жаңа реңк қосты.

– Бұл қойылымда қазақы на­қыш­пен жаңаша түрленген «Ромео мен Джульетта» мүлде басқа үнмен сөйлейді. Бәрімізге таныс трагедия, өшпенділік, тағдыр, махаббат жай­лы хикая, көрерменге жүрекке жа­қын, жылы әрі шынайы бояулар бе­дерімен жетеді. Ал сахналық кеңіс­тік пен костюмдердегі ұлттық нақыш, ою-өрнек, мата фактурасы, бояулардың үйлесімі қойылымның рухани тынысын айқын көрсетеді. Қазақтың болмысына тән табиғи реңктер, салт-дәстүрді ескеріп жа­салған әрбір бөлшек көрерменге түсі­нікті ғана емес, олардың жан дүниесіне жол табатын көркем эпос­қа айналды. Қазақы өрнектер, ұлттық материалдар мен түстердің үйлесімі – сахна сәні ғана емес, кейіпкерлердің сезім әлемін, ма­хаб­бат пен тағдырдың күрделілігін көркем тілмен сөйлететін қуатты құрал, – дейді дизайнер Жадыра Сахиева.

Бұл шығармашылық ше­шімдердің барлығы спек­так­льдің идеялық салмағын кү­шейтіп, классикалық туындыны ұлт­тық эстетикамен сабақтас­тыр­ған заманауи сахналық эпосқа ай­нал­дырды. Ал премьера әуенін Олжас Дәлелхан жетекшілік ететін театрдың Theatre Avenue бэнді сүйе­мелдеді. Хореограф Салтанат Сұң­ғаттың да актерлермен жақсы жұмыс істегені көрініп тұр.

Ең бірінші болып сахнаға шық­қан пірәдар Лоренцо Ромео мен Джульеттаның махаббатын қош­тап, қос ғашықтың некесін жасы­рын қияды. Өйткені Монтекки әулеті мен Капулетти әулетінің арасындағы баяғыдан келе жатқан  бітіспес дау бар болатын. Соның кесірінен махаббат хикаясы бір-бірін шын сүйгендердің қайғылы өлі­мімен аяқталады. Спектакльде же­текші рөлдегі пірәдардың бейне­сін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл ойнай­ды. Ромеоны қос құрамда Бибарыс Орман мен Ақжол Мамыр, Джу­льет­­таны Ситора Анварова мен Саи­да Сағынова сомдайды. Ерлі-зайып­ты Капулеттилерді сомдаған Ержан Нұрымбет пен Сая Тоқ­манғалиева сахнада өз шеберлік­терін толық көрсетті. Олардың ара­сындағы нәзік сезімдер, ішкі шие­леністер, махаббат пен отба­сы­лық міндет арасындағы күрделі қақ­тығыс көрерменге шынайы же­тіп, қойылымның көркемдік дең­гейін айқын көтерді. Ал Сүт ана бей­несіндегі Қазақстан Жастар ода­ғы сыйлығының лауреаты Бота­гөз Мақсұтованың ойыны қойы­лым­ның бастан-аяқ көңіл күйін ұстап тұрды десек, артық айтпас­пыз. Жалпы, Уильям Шекспирдің ға­сырлар бойы жалғасқан «Ромео мен Джульеттасын» Қаллеки театры жаңа тыныспен, өзгеше жыр­­­­лады.

Көктем ҚАРҚЫН