Бұрын егіншіліктің кезінде комбайн істен шығып, жемшөп, дәнді-дақылдар жинау науқанында трактор тіршілікке жарамай, шаруа әбігерге түсіп жүретін. Ал техникалық базаны жаңартайын десе, қалта көтермейді. Енді бұл мәселеге мемлекет араласып, жеңілдетілген 5 пайыздық лизинг беру қолға алынды. Бұл бастама шаруаларға қаншалықты тиімді, шаруашылықтардың техникалық базасын түгел жаңғыртуға септігін тигізе ме?
Таяуда Мемлекет басшысы «Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында» сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығында қолданылатын техникалық базаны жаңарту үшін жеңілдетілген лизинг беріле бастағанын сөз еткен болатын.
– Елімізде өндірілетін техника жеңілдетілген лизингпен беріле бастады. Бұл әбден ескірген техниканы жаңартуға арналған өте тиімді шешім болды. Төрт жыл бұрын ауыл шаруашылығы техникаларының 90 пайызы тозып тұрған еді. Бұл көрсеткіш биыл 70 пайызға дейін төмендеді. Осы бағыттағы жұмысты бизнес өкілдерімен бірлесіп әрі қарай жалғастыру қажет. Қазір шаруалар алып жатқан техниканың 90 пайызы Қазақстанда шығарылған. Еліміздегі 10 зауытта осындай 19 түрлі техника құрастырылады. Олардың қатарында әлемге танымал брендтер бар. Жақында Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапарым кезінде John Deere компаниясымен бірге құны 2,5 миллиард доллар болатын стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Соған сәйкес алдағы бес жылда елімізде 3 мыңға жуық заманауи техника шығарылады, – деді Мемлекет басшысы.
Үкімет дерегінше, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздің ауыл шаруашылығы құрылымдарында 138 мың трактор, 31 мың комбайн, 5,6 мың егіс кешені, 71 мың сепкіш, 141 мың топырақ өңдеу құралы бар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі 5,5%-ды құрады (2023 жылы – 4,5%). 2025 жылға арналған жоспарлы көрсеткіш – 6,5%.
Жалпы, осы жылдың 9 айында аграрлар 23,5 мың техника сатып алған. Оның ішінде лизинг тетігі бойынша алынғаны – 9,4 мың. 2024 жылдан бастап алғаш рет жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% болатын, 7 жыл мерзімге берілетін жеңілдетілген несие бағдарламасы 120 млрд теңге бөлінді. Биыл бұл лизингке 250 млрд теңге бөлініпті. Демек, бір жыл ішінде салаға қолдау екі еседен астам артып отыр.
Сондай-ақ Қазақстанда әлемдегі екі жетекші ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін АҚШ-тың John Deere және Германияның CLASS компанияларының құрастыру өндірісі ұйымдастырылмақ. Жалпы, тракторлар мен комбайндар нарығының шамамен 90%-ын отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің өнімімен қамтамасыз ету көзделген. Яғни, басымдық отандық өндірісте қалады. Елімізде де ауыл шаруашылығы техникаларын құрастырып шығаратын зауыттар Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан сияқты бірқатар өңірде орналасып, 10 зауыт жұмыс істеп тұр.
Осы жеңілдетілген лизинг бағдарламасының жөн-жосығын білмекке Қазақстан фермерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары Акпар Мәуленовке хабарласқан едік. Олар бұл бастамаға өздері себепкер болғанын алға тартты. Соның арқасында жеңілдетілген лизинг бойынша шаруалар техникалық базасын жаңарта бастаған көрінеді. Бірақ утильалым мен бастапқы жарна мәселесі бойынша әлі де кеңесіп, пысықтайтын түйткілдер барын жасырмады.
– Мемлекет басшысына хат жаздық. Онда бастапқы жарнасыз, төмен пайызбен ауыл шаруашылығы мақсатындағы техникаға қаражат бөлуді сұрадық. Бұл ұсынысымыз қабылданды. Бүгінде жеңілдетілген лизинг игілігін шаруалар көруде. Дей тұрғанмен, таяқтың екінші ұшы бар. Лизинг отандық өндіріске басымдық береді. Ал шетелден алатын техникалардың құны тым қымбат. Сондықтан утильалым, бастапқы жарнаны елде шығарылмайтын техникалардан алып тастау керек шығар. Ақылдасып ортақ шешімге келген абзал. Елде лизингтен бөлек, инвестициялық субсидия бар. Әр техниканың бағасына қарай ереже бойынша субсидия да қарастырылған. Жалпы, лизинг ұсақ, орта шаруалар үшін тиімді бастама, – деді ҚФҚ өкілі.
Демек, техникалық базаның толықтай жаңаруы үшін утильалым мен бастапқы жарна жеңілдесе, шаруашылықтардың техникалық базасы бұдан да жақсы жаңаратын секілді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауды шаруалар да сезіне бастағандығы рас көрінеді. Дәлірек айтқанда, шаруа қожалықтарына, ауыл шаруашылығындағы еңбек ететін еңбеккерлерге беріле бастаған лизинг – шаруашылықты жүргізуге, техникалық базаның жаңаруына зор септігін тигізеді. Әрі бұл бағдарлама еңбеккерлерге берілген үлкен мүмкіндік деп бағалаушылар бар. Соның бірі – «Олжа» шаруа қожалығының басшысы Болат Бөгетов.
– Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын техникаларға берілетін лизингтің тиімділігі көп. Ең бастысы, лизингке алынған техникаға кепіл іздеп жүрмейді. Жылдық үстемесі 5 пайызбен 3-7 жылға дейін беріледі. Алғашқы жарнасы 10-15 пайыз ғана. Қаншама шаруаның техникалық құрамы ескірген еді. Қосалқы бөлшектерінің өзі табыла бермейтін. Осы лизинг бағдарламасының арқасында көптеген шаруалардың автопаркі жаңарды. Әйтпесе, бір комбайн, трактордың өзіндік құны 150, 200, 300 млн теңгеге дейін шығады. Бұрын осы техникаларды алғың келгеннің өзінде кепіл керек еді, қазір ол да оң шешімін тапты, – дейді шаруа қожалық басшысы.
Қазір отандық тауар өндірушілер техника паркін белсенді түрде жаңартып жатқанға ұқсайды. 2025 жылғы 1 қаңтар мен 20 қараша аралығында сатып алу көлемі 264,2 млрд теңгеге жетіпті. «ҚазАгроҚаржы» АҚ деректері шаруалар машиналардың қандай санатына басты көңіл бөлгенін және өңірлердегі сұраныс деңгейлерін көрсетеді.
Лизингтік қызметтерді ұсыну процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында өтінімдерді қабылдау Telegram чат-боты жүргізіледі екен. Электрондық кезек қалыптастырылып, клиенттің әрбір әлеуетті өтініміне реттік нөмір беріледі. Бұл жөнінде бізге «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев айтып берді.
– Биыл шаруаларға арналған ауыл шаруашылығы техникасы лизингіне өтінім берудің және небәрі 10 минут ішінде шешім алудың цифрлық сервисі іске қосылды. Шалғай аудандарда шаруалар біздің онлайн құралды белсенді қолдануда. Біз жүйенің тез әрі ашық жұмыс істеп тұрғанын көріп отырмыз. Бұл – уақытты үнемдеу, қағазбастылықты қысқарту, әрбір ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші үшін нақты қолдау. Жалпы, лизинг нысанының қаржыландырудың басым шарттары кепілсіз, комиссиясыз, қаржыландырудың ұзақ мерзімімен, авансты кейінге қалдыру мүмкіндігімен (лизинг алушының алғашқы лизингтік төлемді төлеуі қаржыландыру шарты жасалған күннен бастап он екі (12) ай ішінде, лизинг нысанасы берілгеннен кейін жүзеге асырылуына жол беріледі, бірақ бұл төлем қаржыландыру жылынан кейінгі 2026 жылдың 1 сәуірінен кешіктірілмей төленуге тиіс). Сыйақы мөлшерлемесін мемлекет субсидиялайды, клиент үшін сыйақының қорытынды мөлшерлемесі – техниканың басым түрлері бойынша жылдық 5%-дан бастап, басқа түрлері бойынша – 12,6%, – дейді «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
Осы жетістіктерге қарамастан, алда әлі қыруар шаруа тұрғаны даусыз. Өйткені техникалардың тозу деңгейі 70 пайыз шегінде. Отандық өндіріске қол жеткенімен, біздің елде шығарылмайтын, шаруашылықта қолдануға аса зәру шетелдік техниканың мәселесі тағы да қаралғаны абзал. Сондықтан лизингтің легі түбегейлі орындалып, шаруаның шаруасы оңалып, халықтың әлеуметтік тұрмысы жақсарып, ел қазынасы еселенеді деп сенеміз.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ