Суматра аралының солтүстік-шығыс жағалауындағы Ачех-Тамианг ауданынан аман қалған тұрғындар көмек көрсету орталығына жаяу жетуге мәжбүр болды.
Индонезияның Суматра аралындағы табиғи апат: 900-ден аса адам қаза тауып, 410 тұрғын жоғалып кетті
415
оқылды

Индонезияның Суматра аралындағы үш провинцияда соққан соңғы циклоннан кейін болған су тасқыны мен оползеньдер салдарынан қаза тапқандар саны 908 адамға жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Тағы 410 тұрғын хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.

Суматра аралының солтүстік-шығыс жағалауындағы Ачех-Тамианг ауданынан аман қалған тұрғындар көмек көрсету орталығына жаяу жетуге мәжбүр болды. Олар жолдағы құлаған ағаштар мен аударылған көліктерден тұратын бөгеттерді еңсеріп өткен. Ерік­тілер зардап шеккендерге таза киім жеткізіп, адамдар пластик бөтелкелерін толтыра алуы үшін автоцистернамен тұщы су жеткізді.

Исламдық мектеп-интернаттың 14 жастағы оқушысы Димас Фирмансьяхтың айтуынша, Ачех-Тамиангқа баратын жолдар су тасқынынан жабылып қалған. Сондықтан оқушылар мектепте бір аптаға жуық қалып қойған. Олар кезектесіп тамақ іздеп, ішер су таппай қалған кезде тасқын суды қайнатып ішкен.

Суматра өлкесінің билігі құтқару жұмыстарын күшейтіп, зардап шеккендерге қосымша көмек алу үшін орталық үкіметтен төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр.

Экологиялық ұйымдар пайдалы қазбаларды өндіру және басқа да шаруашылық қызметке байланысты жүргізілген жаппай ормансыздандыру су тасқыны салдарын ауырлатқанын атап өтуде. Индонезия билігі зардап шеккен өңірлерде орманды заңсыз кесуге қатысы бар деп күдікке ілінген компанияларға қатысты тергеу бастады.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігі бірқатар кәсіпорындардың қызметін экологиялық аудит жүргізілгенге дейін уақытша тоқтатқанын хабарлады.

 

Ал көршілес Таиланд пен Малайзияда бұл апаттан шамамен 200 адам қаза тапқан.