Қарағандыда түнгі клуб иесі Төтенше жағдай режимін бұзып, ойын-сауық ұйымдастырған. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен оған 26 510 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Оқиға Қарағанды қаласының ПБ Орталық полиция бөлімінде тіркеліп, мекеме иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК «Төтенше жағдай режимін бұзу» 476-бабының 3-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Ішкі істер органдарының қызметкерлері халық арасында дүрбелең тудыратын, жалған және арандатушылық ақпараттың таралуын анықтауға бағытталған әлеуметтік желілерге тұрақты негізде мониторинг жүргізуде. Нәтижесінде, Балқаш қаласында телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы жалған ақпарат таратқаны үшін 50 жастағы азамат ұсталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 274-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Облыс жолдарында 6 санитарлық бекет ұйымдастырылды, деп хабарлады полиция департаментінің ресми өкілі Жанатай Сембеков.
– Біреуі – Қарағандыға Алматы жақтан кірер жерде, бұл бұрынғы «Соқыр» бекеті. Тағы біреуі – Павлодар жағынан кіре берісте, біреуі Теміртау қаласында, ақылы жол терминалының жанында, біреуі Нұра ауданының Киевка кентінде, біреуі Жезқазған және Балқаш қалаларында орналасты. Бекеттерде тәулік бойы жол-патрульдік полиция қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және санитарлық қызмет өкілдері жұмыс істейді. Дәрігерлердің ұсынысы бойынша полиция қызметкерлері коронавирустық инфекция белгілерінің болуын тексеру үшін көлік құралдарын тоқтатады. Сондай-ақ, тексеру үшін жүргізушілер мен жолаушылар өз-өзіне қызмет көрсету тәртібімен дәрігерлерге жүгіне алады, –деді Жанатай Сембеков.
Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаровтың айтуынша, тәулік ішінде санитарлық бекеттерде 2000-нан астам машина тоқтап, 3500-ден астам адамға температуралық бақылау жүргізілді.
Кәсіпкерлік басқармасы ғимарат иелеріне ТЖ кезеңінде жалға алушылардан төлемақы алмауды ұсынды.
– Қазір ірі дүкендер мен базарлар жұмыс істеп тұрған кезде бизнесмендер сауда алаңдарын жалға алғаны үшін ақы төлемеу мәселесін қарастырудамыз. Кейбір басшылармен белгілі бір келісімдер бар, – деді кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.
Санитарлық режим 1971 нысанда күшейтілген. Облыста жаяу патрульдер саны артты. Полиция қызметкерлері адамдардың көп шоғырлануын анықтап, әлеуметтік желілерде арандатушылық және жалған жарияланымдарға бақылау жасайды.
Ләззат Қожахметова,
Қарағанды облысы.