Әскер қатарынан қыз-келіншектерді жүздестіру таңданарлық жайт емес. Олар да ұлдармен қатар сапқа тұрып, әскери дайындық жасап, арнайы даярлықтан өтіп, Қазақстанның армиясында әскери қызметін абыроймен атқарып жүр. Тіпті қолына қару алып, Отан қорғау ерлердің ғана ісі емес екенін қазақтың қыздары ерлігімен көрсеткені тарихтан белгілі. Соның бірі – Балжан Мұсатаева, әуе-десантық дайындық жөніндегі нұсқаушы, лейтенант.
Әскерде қызмет еткеніме мақтан етемін – Балжан Мұсатаева
211
оқылды

Лейтенант Балжан Мұсатаева бала кезінен әскери қызметте жүруді қалаған. Өзінің айтуынша, балалық арманы орындалған.

– Бала кезімнен әскери болуды қаладым. Ағайын-туғаным әскерилер болған соң әскери өмірден қашпадым. Әсіресе, әйелдің әскери форманы кигені, күнделікті әскери етікпен жүргені, түн ортасында даң-дұң етіп дабыл қағылып, жұмысқа кетуі, сөзге келместен тапсырманы орындауы қызық еді. Жалпы, әйелдің әскерде жүруінің өзі ерлік боп көрінді. Сондықтан тәтеме қатты еліктегенім сонша, әскерилердің өмірін ішінен көргім келді, – дейді Балжан Мұсатаева.

Оның жастайынан таэквандо және волейболмен айналысқаны пайдаға жараған. Ол соның арқасында физикалық тұрғыда дайындығы мықтылығын көрсетті. Алға қойған мақсатынан таймаған лейтенант Балжан Мұсатаева әуелі десанттық-шабуылдаушы әскери бөлімде азаматтық персонал ретінде қызметке тұрған. Бір жылдан кейін келісімшартпен істейтін әскери қызметке ауысқан. Радиотелефонист болып жүріп, парашюттық секіруді қолға алған.

 Айтуынша, әскерге алғаш келгенінде қатты қобалжыған.

–  Әскерге алғаш келгенде әскери саланы ішінен көрмегендіктен не күтетінімді білмей қобалжығаным рас. «Сынақтан өте аламын ба?», «Ары қарай алып кете аламын ба?» деген сан сауал ойымды биледі. Десанттық-шабуылдаушы әскеріне келгенде жас сарбаздар десанттық даярлық бойынша екі апта сабақ өтіп, артынан парашютпен секіріп сынақ тапсырады. Парашютпен алғашқы секіруім әлі есімде, 2015 жылдың 5 мамыр күні болатын. Сол кезде бойымды билеген қорқыныш, үрейді жеңіп өткеніме қатты қуандым. Парашютпен бірінші, екінші, үшінші секірістен соң осы салада өзімді тапқанымдай сездім. Сөйтіп, әскерде қалып, ары қарай жалғастырып, биік белестерді бағындырғым келді, – деді Балжан.

Тынымсыз дайындығының арқасында 3 жылда ол әуе-десанттық дайындық жөніндегі нұсқаушы дәрежесіне жетті. Бүгінде оның есебінде 170-тан астам адам парашюттық секіріс бар. Ол жас сарбаздарға парашюттік секірісті үйретіп қана қоймай, секіргелі тұрған сарбаздардың жолағын тексереді.

– Декреттік демалыстан кейін де парашюттік секірісті жалғастырдым. Сол  кезде бұрынғы білетін секіруге байланысты әрекеттер ұмтылғандай көрініп, «Балжан, бала-шағаң бар, ары қарай алып кете аласың ба?» деген қорқынышым да үдей түсті. Сонда «алып кетуім керек, өзіме ұнайтын іс, тоқтамауым керек» деп өз-өзімді қайрадым. Бүгінде әскердегі қыз-келіншектерге, әсіресе секіріс кезінде әйел ретінде үрейін басуға көмектесемін, – деді ол. 

Он жылдан бері парашюттік секіріс жасап жүрген Балжан Мұсатаева бүгінде взвод командирі.  Оның үстіне, ол әуе-десанттық дайындығы жөніндегі  әйел-нұсқаушы бір өзі. Балжан Мұсатаева – ерлігі үшін Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежедегі «Айбын» орденімен марапатталған жан. 

Бір ұл, бір қыз өсіріп отырған Балжан әлі де жаттығудан қол жазбайтынын жеткізді. Айтуынша, аптасына 2-3 рет парашюттық секіріс болса, оған алдын ала бір күн бұрын даярланып, күнделікті 2-3 сағат дайындыққа жұмсалады. Оған қоса, физикалық тұрғыда дене шынықтырудан қол үзбейміз. Аптасына 2-3 рет жүгіріп, тағы 2-3 рет күш салатын жаттығулар жүреді.

– Десанттық-шабуылдау әскерлерінде қызмет ететініме мақтан етемін. Біздің әр жетістігіміз, ол – еліміздің Қарулы Күштерінде еңбек етіп жүрген қыз-келіншектеріміздің ерен еңбегі.  Біз де ерлермен бірге иін тірісе еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын қорғау үшін барымызды саламыз. Ел тыныштығын берсін!, – дейді  Балжан Мұсатаева.