«AMANAT» партиясы ауылды өркендетудің басты тетіктерінің бірі ретінде өнімдерді терең өңдеу саласын күшейтуге айрықша мән беріп отыр.
Өңдеу өндірісі –  «AMANAT» басымдығы
122
оқылды

Осы санаттағы жұмыстың бірі ретінде партияның сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасына жүгеріні терең өңдеу кәсіпорнын іске қосу жоспарланған. Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков қуаттылығы жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» ЖШС-нің өндірістік кешені 2026 жылы іске қосылатынын айтты. 

Қазір бұл өндіріс орны шикізатты қабылдау, кептіру және сақтау кешендерін іске қосты. Толық өндірістік қуатына шық­­қанда зауытта 500 адам жұмыс істей­тін болады және қалдықсыз өңдеу техно­логиясы қолданылмақ. Кәсіпорында крах­мал, сірне, тағамдық глюкоза, мальтоза сиропы, жүгері майы, глютен, кебек және түйір­шіктелген құрамажемді қоса алғанда 20-дан астам өнім түрін шығару жоспар­ланған. Өндірісте генетикалық түрлен­ді­рілмеген жүгері ғана пайдала­нылатын болады.

Жобаны іске асыруға тартылған жалпы инвестицияның көлемі 35 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Азия мен Еуропа елдеріне де жеткізілмек. Бірегей кәсіпорын Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырып, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнімдер шығару желісін жолға қоймақ. 

Атап өтуіміз керек, еліміздегі ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемінің 13 пайызы Түркістан облысының үлесі­не тиесілі. Биылғы он айда өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласында 1 трлн 86 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар биыл ауыл шаруашылығы дақылдары былтырғыдан 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарға орналастырылған. Егіс құрылымына сәйкес, дәнді-дақылдар көлемі 9 мың гектарға артып 342 мың гектарға, майлы дақылдар 2,4 мың гектар­ға артып 73 мың гектарға, мақта 38 мың гектарға артып 144,5 мың гектарға ор­наластырылған. Республика бойынша өндірілген мақтаның – 100 пайызы, жүзімнің – 82 пайызы, бақша өнімдері­­нің – 75 пайызы, жеміс-жидектің – 40 пайызы, көкөністің – 30 пайызы және жүгерінің – 27 пайызы Түркістан облы­сының еншісінде.

Елнар ЕЛТАЙ