Ізін ала еліміздің әр өңіріндегі футбол клубтарын кәсіпкерлер сатып ала бастады. Бұл игі бастамаға алғашқылардың бірі болып қызылордалық «Қайсар» футбол клубы да үн қосты. Енді команда құрамы бюджет қаржысына телмірмей, өз алдына табыс тауып, өңір спортын дамытады деген үміт бар.
Кейінгі жылдары түрлі қиындықтан көз ашпай қойған жергілікті клубтың келешегіне жанкүйерлер алаңдап жүргенін білетін едік. Әсіресе, өткен маусымнан бастап легионерден түбегейлі бас тартқан сырбойылық клубты жекешелендіру жайы сөз болғалы халық арасында түрлі пікір қалыптасты.
Жуырда ғана жергілікті кәсіпкер, Tau Group ЖШС құрылтайшысы Исламғали Қозбақов қызылордалық футбол клубын иелігіне алып, қожайыны болып бекітілгені көпке жария болды. Қазақ футболының келешегіне жаңаша серпін береді деп күтілген бұл үдеріске алғаш болып үн қосқан сырбойылық клубтың жаңа иесіне артылған сенім зор. Жанкүйерлер талай жыл түрлі кедергіге тап болған аяқдопшылардың алдағы маусымда мүмкіндігі артып, жеңісті жорығы аз болмайтынына сеніммен қарап отыр. Жекенің қолына өткен жергілікті клубтың мүмкіндігі бұрынғыдан да арта түсетініне күдіктен гөрі үміт басым.
Кейінгі кездері ел арасында клубқа қатысты түрлі пікір желдей есіп тұр. Көпшілікті жекешелендіру сатысынан өткен жергілікті клубтың алдағы жоспары қызықтыратыны байқалады. Соған орай жаңа маусымды жаңаша серпінмен бастауды басты мақсат етіп қойған қайсарлықтардың алдағы жоспарлы жұмыстарын өздерінен сұрап көрдік.
Клубтың баспасөз қызметі хабарлағандай, жекешелендірілген жергілікті клубтың алдағы жоспары ауқымды көрінеді. Ең бастысы, клубтың ішкі жұмысын жүйеге келтіріп, заманауи талапқа сай кәсіби менеджментті енгізу жоспарда тұрғанын мәлімдеді. Алдымен команда құрамын күшейтіп, жаттығу процесін халықаралық стандарттарға сәйкес бейімдеу көзделіп отырғанын алға тартады. Бұл тұрғыда ойыншылар құрамының кәсіби деңгейі де назардан тыс емес.

Ойыншылар құрамы демекші, өткен маусымнан бастап қазақстандық аяқдопшылармен жасақталған жергілікті команда жанкүйерлер сенімін ақтады деп айтуға толық негіз бар. Легионерсіз жоғары ойын өрнегін көрсеткен клуб премьер-лигадағы орнын сақтап қалды. Ендігі кезекте көптің көкейінде «клуб құрамына кәсіби легионерлер тарту жоспарланған ба?» деген сұрақтың тұрғаны жасырын емес. Бұл клуб басшылығының назарында екені байқалады. Соның ішінде сырбойылық команда ойыншыларының біліктілігін көтеру мақсатында алдағы уақытта шетелдік кәсіби аяқдопшыларды тарту жоспары қарастырылып жатқанын клубтың баспасөз қызметі растады. Жергілікті клубқа шебер шетелдіктер келуіне жанкүйерлер қарсы емес секілді.
«Жалпы, клубтың жаңа басшылығынан көптеген жаңашылдық күтеміз. Бұл тұрғыда клуб маркетингін жетілдіру қажет тәрізді. Оның ішінде ойын алдында және ойын барысында жанкүйерлерге қолайлы жағдай жасауға баса мән берілсе дейміз. Нақтысын айтқанда, келер маусым қарсаңында клубтың жаңа басшысы презентация ұйымдастырып, жанкүйерлермен бірлесіп түрлі іс-шара, акция өткізілсе деген тілегіміз бар. Сол сияқты жанкүйерлермен тұрақты байланыс орнатып, жаңашыл бастамаларды бірлесе атқаруға жол ашылса, нұр үстіне нұр. Жалпы, «Қайсар» клубының келешегінен күтер үмітіміз зор. Жекенің қолына өткен клуб жайында көптеген жаңалықты естіп жатырмыз. Жаңа кәсіби бапкер келгенінен де хабардармыз. Ең бастысы, білікті, кәсіби ойыншыларды тарту көзделіп отыр екен. Оның ішінде легионерлерді тарту жоспары айтылып жүр. Командаға кәсіби ойыншыларды тарту жоспары тиімді жүргізілсе, алдағы маусымда үздік алтылықтың қатарынан көрінуге мүмкіндік болады деп ойлаймын», – дейді клуб жанкүйері Эрик Теңізбаев.
Негізінен, жекенің қолына өткен сырбойылық клубтың алдағы жоспары ауқымдылығымен көз қуантады. Жаңа басшылық «Қайсар» клубының өзіне тән ойын философиясын қалыптастырып, еліміз ғана емес, халықаралық аренада танымалдыққа ие клубқа айналдыруды жоспарлап отыр.

Сол мақсатта өңірден жеке балалар футбол академиясын ашу көзделген. Оған клуб басшысы тарапынан 12 млрд теңге көлемінде қаржы құю жоспарланыпты. Академия 2027 жылы пайдалануға беріліп, болашақ балғын аяқдопшылар игілігіне қызмет етеді деп күтілуде. Осы арқылы еліміздегі U21 және жастар құрамаларына талантты ойыншыларды дайындап беруге ниетті.
«Жалпы, футбол академиясын құру бастамасына келер болсам, бұған дейінгі футбол федерациясы басшылығы тарапынан мұндай жоспарлар болды. Бұл көпшіліктің қолдауына ие. Бұл жолы академия құрып, өзіміздің қарадомалақтарға доп тебудің қыр-сырын үйретіп жатса неге қолдамаймыз. Ең бастысы, бұған дейін айтылғандай, бәрі сөз күйінде қалмаса екен. «Қайрат» футбол клубының жолын жалғап, клубта өзінің базасы, жаттығу алаңы қалыптасып, талантты балғындар машықтанып жүрсе, қуанамыз. Нақты жұмыстар жүргізілсе, нәтижесін 3-5 жылда көреміз деп сеніммен айта аламын. Сондықтан да академия сәтті құрылып, игілігін ел көрсе, құба-құп», – деп толықтырды клуб жанкүйері.
Өз кезегінде клубты жеке басқаруға алған жаңа басшылық тарапынан команда құрамын кезең-кезеңімен күшейтіп, әрбір ойыншының даму жоспарын айқындау басты назарда тұрғаны жария болды. Клубты кәсіби деңгейде басқара алатын тәжірибелі бапкерлер мен менеджерлерді шақыру жайы назардан тыс емес. Осы арқылы клубтың басқару жүйесін жетілдіріп, скаутинг, маркетинг және медиа жүйесін жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
Негізінен, клуб жұмысын жүйелендіру ісін қолға алған Исламғали Айтуарұлының Tau Group компаниясы өңірде биыл ғана пайдалануға берілген Kaysar Arena стадионының құрылысын салуға отандық өндіруші ретінде қатысқанын да айта кеткен абзал. Сондықтан қазақ футболын дамытып қана қоймай, жас ойыншылардың болашағына зор мүмкіндік ашуды көздеп отырған жаңа басшылықтың алдағы жоспары орындала қоя ма? Оны уақыт көрсете жатар. Тек жанкүйерлердің сеніміне селкеу түспесе болғаны...
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ