Ол өзінің тәжірибесімен, тың көзқарасымен өңірдегі білім сапасын арттыруға айрықша үлес қосып келеді. Мемлекет басшысының «Сапалы білім – табысты ұлт кепілі» қағидасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы Қуат Барысұлымен сұхбаттасқан едік.
– Қуат Барысұлы, сіздің басшылық қызметке келгеніңізге көп бола қойған жоқ. Осы қысқа мерзім ішінде өңірде атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталып өтсеңіз...
– Уақытпен санаспай, қысқа мерзімде біршама жұмыстар атқарылды. Әсіресе, білім саласында қордаланған өзекті мәселе көп. Жалпы алғанда, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту білім беру жүйесінің бастапқы деңгейі саналады. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды жаңаша жоспарлаудың маңызы зор. Мәселен, Өскемен қаласының 83 мектепке дейінгі мекемесі наурыз айынан бастап ваучерлік қаржыландыруға көшті. Мемлекеттік білім беру ваучері балаға белгіленеді. Соның нәтижесінде, балабақшаға 21 мыңнан астам ваучер берілді. Қалған аудандардағы 93 балабақшаны осы механизмге көшіру бойынша дайындық жұмыстары аяқталды. Бұл мектепке дейінгі мекемелер 2026 жылдың ақпан айынан бастап ваучерлік қаржыландыруға көшетін болады. Сонымен қатар орта білім беру саласында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аса назар бөлінуде. Соның дәлелі, облыстағы 103 мектепке аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылды. Бұл кешен арқылы ата-ана баласының мектепке келгенін, тамақтанумен қамтамасыз етілгенін көре алады.
Биыл 40 заманауи химия, физика, биология, STEM, робототехника кабинеттері сатып алынды. 92 білім беру ұйымына 2,7 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында биыл 2 мектеп қолданысқа берілді. Тегін тамақтанумен 50 мыңнан астам оқушы қамтамасыз етілді. Ал шалғайдағы елді мекендерде тұратын оқушылардың білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін 2020 жылдан бері 26 мектеп автобусы жаңартылды, қалған автобустарды жаңарту жоспар бойынша орындалатын болады. Облысымызда оқушылар арасында дарынды, талантты бала көп. Білімге құштар балаларымыздың арқасында 2025 жылы халықаралық, республикалық олимпиадалар мен жарыстарда облыстың дарынды оқушылар командасы жалпы 188 медаль жеңіп алды. Екі жыл қатарынан Шығыс Қазақстан облысының оқушылары жаратылыстану-математикалық бағыт пәндері бойынша республикада ең үздік нәтижелер көрсетіп келеді. Республикалық олимпиадада облыс командасы үштік көшбасшылар қатарына еніп, «Үздік олимпиадалық команда» номинациясына ие болды. Балалардың жетістіктері педагогтер жұмысының нәтижесі деп білемін. Педагогтеріміз де биылғы жылы жоғары деңгей көрсетті. Облысымыздың 4 ұстазы «Үздік педагог» атанды.
Республикалық тамыз кеңесінде өңіріміздің педагогі Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденін алды. Оқу процесімен қатар, тәрбие жұмысы да бірге жүреді. Биылғы оқу жылынан бастап облыстың білім беру ұйымдарында «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаның мақсаты – азаматтық-құқықтық жауапкершілікті қалыптастыру, мектеп пен отбасы арасындағы серіктестікті нығайту, сондай-ақ қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын құру. Бағдарламада негізгі назар «Заң және тәртіп» бағытына, құқықтық сауаттылық мәселелеріне, жеке қауіпсіздік пен кәмелетке толмағандар арасындағы жағымсыз көріністердің алдын алуға аударылған. «Серпін» жобасы бойынша оқыту қайта жанданды. Бағдарлама аясында еліміздің жұмыс күші артық өңірлерінен 100 студент қабылданып, 2025 жылы жаңа мамандықтар ашылды, оларға мемлекеттік тапсырыс бойынша 277 студент қабылданды (пилотсыз авиациялық жүйелер, әуе тасымалдарын ұйымдастыру, су көлігін пайдалану, төтенше жағдайларда қорғау және басқалар). Оқушылар алғаш рет Үлбі металлургия зауыты, Өскемен ГЭС және басқа да кәсіпорындардан конкурстан тыс оқуға түсу үшін мақсатты сертификаттар алды. Ерте кәсіптік бағдар беру бойынша колледждермен бірлесіп мектептер базасында бейіндік даярлықтың 50 сыныбы ашылды. Кәсіптік білім беруді дамыту және өнеркәсіптік кәсіпорындармен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі стратегияны іске асыру шеңберінде өңірдің 16 колледжі мен «Казцинк» ЖШС альянсын құру туралы меморандумға қол қойылды.
– Облыстың білім саласында ауқымды жұмыстар жасалып жатыр екен. Жалпы, қай бағыттарға ерекше назар аударып отырсыздар?
– Бүгінде облыстың білім беру саласындағы басты бағыт – орта білім беру сапасын арттыру. Сонымен қатар педагог кадрлардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, цифрландыру, жасанды интеллект енгізу, инклюзивті білім беруді дамыту, материалдық-техникалық базаны нығайту, оқушылардың қауіпсіздігі мен тәрбиелік жұмыстарды күшейту бағыттарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Барлық іс-шара оқушыларға сапалы, қолжетімді және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

2025 жылы маңызды деңгейдегі зияткерлік олимпиадаларға және конкурстарға 3 707 оқушы қатысып, оның 1 793 жүлдегер атанды. Дарынды оқушыларымыздың жетістіктері жүйелі жұмысымыздың нәтижесі деп білемін. Облыс бойынша балаларды қосымша біліммен жалпы қамту 94%-ды құрайды, оның ішінде тегін үйірмелер және секцияларға 84 мыңнан астам оқушы барады. Биыл жазда мектеп оқушыларының 99,9%-ы, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасы балалары 100% сауықтырумен қамтылды. Жазғы демалыс кезеңінде 12 қала сыртындағы лагерьлер, оның 7-і мемлекеттік, 5-і жекеменшік және 270 мектеп жанындағы лагерьлер мен 204 бейінді алаңдар жұмыс істеді.
Облысымызда 379 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 94-і – мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған жеке меншік ұйымдар. Мектепке дейінгі тәрбие мен мектепке дейінгі даярлықпен 33 мыңнан астам бала қамтылған. Қазіргі уақытта біз 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды толық қамту бойынша жұмысты жалғастырып жатырмыз. Бұл жұмыс жаңа орындарды ашу және мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту арқылы жүзеге асырылуда. Осы мақсатта соңғы үш жылда 1 465 орынға арналған 14 жеке балабақша ашылды.
– Өңір мектептерінің қазіргі жағдайы қандай? «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында қандай жұмыстар жүзеге асып жатыр?
– 2025 жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде жалпы 3 мың оқушы орынға арналған 7 заманауи мектеп пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Білім инфрақұрылымын қолдау қорының қаржыландыруы есебінен Зайсан қаласында 300 орындық жаңа мектеп ашылды, сондай-ақ облыстық бюджет арқылы Алтай ауданының Жаңа Бұқтырма кентінде 200 орындық мектеп салынды.
Оффтейк-келісімшарт аясында 230 орынға арналған 4 мектептің құрылысы аяқталды. Яғни, Тарбағатай ауданының Тәуке ауылында – 80 орынға, Шолақорда ауылында – 50 орынға, сондай-ақ Марқакөл ауданының Игілік ауылында және Күршім ауданының Бірлік ауылында – әрқайсысы 50 орынға арналған мектептер.
– Елімізде цифрлы жүйелердің кеңінен қолданылуы бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы орайда шалғай ауылдарда интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша қандай шешімдер қабылданды?
– Шалғай ауылдардағы білім беру ұйымдарын заманауи талаптарға сай дамыту – облыс үшін маңызды басым бағыттың бірі. Бұл тұрғыда интернеттің қолжетімділігін арттыру, мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту және спорт инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде облыстағы барлық 347 мектеп, яғни 100 пайыз білім беру ұйымы интернет желісіне қосылған. Ауылдық мектептердің басым бөлігі 20 Мбит/с және одан жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтылған. Сонымен қатар Starlink спутниктік жүйесі арқылы шалғай елді мекендердегі 160 мектеп кеңжолақты интернетке қосылды. Бұдан бөлек, қолжетімі қиын аймақтарда орналасқан білім беру ұйымдарына дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерін жеткізу жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
– Алтай өңірі – талантты жастар мен дарынды жасөспірімдерге бай аймақ. Өскелең ұрпақты, жастарды қолдау, оларды қолдау бағытында және колледждердегі жұмысшы мамандықтарына бейімдеу, техникалық бағыттағы кадр даярлау мәселесі қалай жолға қойылып отыр?
– Шығыс Қазақстан облысының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 37 колледж 101 мамандық бойынша кадрлар даярлауды жүргізеді. Жастарды колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқытумен қамту мақсатында жыл сайын мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді. 2024 жылы колледж студенттері WorldSkills IX Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатына қатысып, 2 алтын медаль, 1 күміс, 2 қола, 3 «Мамандықтағы үздік» медальон алды.

2025 жылы Өскемен жоғары политехникалық колледжінің студенті Артем Мочинский Даниядағы EuroSkills-2025-ке қатысу үшін республикалық командалық құрамға кіріп, «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша үздік медальонын жеңіп алды. Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөніндегі Жоспарды іске асыру шеңберінде, сондай-ақ өңір экономикасын білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін 2025 жылы 8 жаңа мамандық ашылды. Олар «Жылжымайтын мүлікті басқару», «Логистика», «Қашықтан басқарылатын авиациялық жүйе», «Жаңартылатын энергетика», «Әуе тасымалдарын ұйымдастыру», «Әуе тасымалдарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу», «Су көлігін пайдалану», «Төтенше жағдайларда қорғау» сияқты сала мамандарын дайындауға арналған.
– Жұмыс барысында қандай негізгі қағиданы басшылыққа аласыз? Ұстаздарды, педагог мамандарды қандай қасиеттері арқылы бағалайсыз?
– Менің жұмыс істеу стилімнің басты принциптері – ашықтық, жүйелілік, әділдік және жауапкершілік. Әрбір шешім талдау мен нақты дерекке негізделуге тиіс деп есептеймін. Сонымен қатар ұжыммен бірлесіп жұмыс істеу, кері байланыстың болуы және нәтижеге бағытталған қызмет мен үшін маңызды. Ал ұстаздарды бағалау барысында ең алдымен кәсіби шеберлігіне, балаға деген жауапкершілігіне, педагогикалық әдебіне және жаңашылдыққа ұмтылысына назар аударамын. Нағыз ұстаз – тек білім беруші ғана емес, тұлға тәрбиелеуші екенін әрдайым басты назарда ұстаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілек ҚАБЫЛ